Ертістің суын ел игілігіне қалай жаратамыз?
Трансшекаралық маңызға ие Ертіс өзенінің су қорын бүгінгі таңда мүмкіндігінше пайдаланып отырмыз ба? Келешекте Ертіс бассейнінің су қорын осы қалыпта ұстай отырып, толықтыра түсудің жолдары қандай, ол үшін қосымша нендей шаралар қолға алынуы қажет? Облыс әкімдігінде облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелевтің және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовтің қатысуымен осынау маңызды мәселені талқылаған Ертіс бассейндік кеңесінің кезекті тоғызыншы мәжілісі өтті.
Алқалы жиынға сонымен бірге Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары мәслихаттарының хатшылары, екі өңірдегі ерке Ертістің суын теңдей кәдеге жаратып отырған кәсіпорындардың жетекшілері, салаға қатысты барлық тиісті мамандар қатысып, ортақ мәселені кеңінен зерделеді.
Кеңестің жұмысын ашып, жүргізген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясының бастығы Дәурен Тілеубаев өзінің ақпараттық баяндамасында Ертіс бассейнінің су ресурстарын пайдаланудағы қазіргі таңдағы нақты мәселелерге тоқталды.
– Басын көршілес Қытай елінің қарлы мұздақтарынан алатын бала Ертіс қазақ жерінде арнасы толыға түсіп, Қара Ертіске ұласады. Жалпы ұзындығы 4228 шақырымды құрайтын болса, соның 1700 шақырымы Қазақстанның еншісінде. Өкінішке қарай сол табиғи байлықты соңғы жылдар шегінде мақсатты пайдалана алмай отырмыз. Жылдан-жылға деңгейі төмендеп бара жатқан Ертіс өзенінің биологиялық қоры да азаюда. Оған арнайы мамандар жүргізген нақты ғылыми зерттеулер негіз бола алады. Өндірістік қалдықтармен ластанып жатқан судың сапасы да нашар. Қазіргі кезде өзен арнасы мен су құрамын өндірістік қалдықтардан тазарту мақсатында арнайы жоба қолға алынып, іске асырылуда, – дейді Ертіс бассейндік инспекциясының бастығы Дәурен Тілеубаев.
Оның айтуынша, бассейннің көп бөлігі өнеркәсіптік кәсіпорындардың үлесінен ластанып жатса, тағы бір себеп көршілес Қытай жерінен ағып келетін су мөлшері жыл өткен сайын кеми түсуде. Себебі, ол жақтан ауылшаруашылық мақсатында көп мөлшерде су пайдаланылуда.
Ертіс бассейнінің түйіні тарқамаған мәселесі көп. Соның бірі – өзендегі судың толған, азайған мөлшерін уақытында анықтап отыратын гидробекеттердің мүлде жоқтығы. Мәселен, сала мамандарының келтірген деректеріне сенсек, екі облыстың аралығындағы 250 шақырым аумақта бірде-бір осындай арнаулы бекет жоқ екен.
Кеңес отырысында жиналғандарға ел аумағынан өтетін Ертіс өзені бассейніндегі су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың жаңартылған жобасы таныстырылды. Жаңа жобаны «Казгипроводхоз» институты әзірлепті. Бұл жөнінде жобаның бас инженері Александр Твердовский мәлімдеді. Оның айтуынша, Ертіс кәсіпорындардан құйылатын қалдықтар арқылы қатты ластануда. Кәсіпорындардың берген деректері нақты жағдаймен мүлде сәйкеспейді. Олар мейлінше ластану көрсеткіштерін жасырып әлек. Осыны да салалық мамандар қаперлеріне алғаны абзал.
Бұл жаңа жоба іске қосылғанда екі ірі облыстың аумағындағы жалпы ауданы отыз мың шаршы шақырымнан асатын барлық су шаруашылығы қызметін реттеу мүмкіндігіне ие болмақ. Жобаны талқылаған сала мамандары оның кейбір тетіктері еліміздің Су ресурстары комитетіне жолданған бұған дейінгі құжаттарда да келтірілгенін алға тартып, оны қайталай бергеннен мәселе шешілмейтіндігін де атап өтті. Олардың ойынша, жобаны суды пайдаланушылардың өтініштерін ескере отырып жасаған орынды.
Жиынға Павлодар облысынан қатысқан суды пайдаланушылар өздерін толғандырған түйінді мәселелерді тілге тиек етті.
– Биылғы жылдың өзінде ғана облыста жайылмалы суармалы жердің ауданы төрт мың гектардан асып отыр. Жыл көлемінде сумен қамтамасыз ету мақсатында Америкадан 45 соңғы үлгідегі жаңбырлатқыш машина әкеліп отырмыз. Оларды сумен қамтып отыру оңай шаруа емес. Осы жағын да естен шығармайық. Бүгінгі талқылаған дүниелер іс жүзіне келгенде жарамсыз болып қалмас үшін екі жақ бірлесе, тәжірибе жүзінде оңтайлы тұстарды анықтап, мәселенің оң шешілу жолдарын қарастыруымыз керек, – деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Н.Әшімбетов.
Жобаны қарау барысында шағын өзендер бойына, Ертістің сағаларына суды ұзақ мерзімге сақтау қоймаларын салу жағы да жиналғандардың күмәнін туғызды. Себебі, дәл қазір оған қолайлы орын жоқ. Көктем кезінде артық суды өзіне жинап, қажет уақытта табиғатқа кері қайтаратын бөгендер салу – күн тәртібінде өткір тұрған мәселенің бірі. Қолданыста болған бөгендердің қазіргі кезде тозығы әбден жеткен. Бүгінде Ертістің Павлодар облысы аумағындағы арнасының төмендеп кетуі байқалып отыр. Айырмашылық метрге жақын. Мұндай жағдайда бөгендерге су шығару туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Сондықтан павлодарлық сушы мамандар жобада көрсетілмей қалған бөгендер құрылысының инженерлік жүйесін қарастыруды сөз етті.
Кеңесте талқыланған өзекті мәселенің бірі – шекаралас елдермен табиғи байлықты тең құқылы пайдалану мәселесі. Қытай елінен ағып шығатын су көлемінің жылдан-жылға азаюы да қазақстандық мамандарды алаңдатуда. Осыған қатысты нақты ұсыныстар мамандар атынан Су ресурстары комитетіне жолданбақ.
Жиынды қорытындылаған облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев мамандар тарапынан айтылған ұсыныстардың орынды екендігін, оларды ескеру қажеттігін атап өтіп, облыстағы су шаруашылығының мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде Ертіс өзені бассейніндегі су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың жаңартылған жобасы аталған толықтырулармен қабылданатын болды.
Алдағы уақытта Ертістің жайылым алқабының жайымен, әрі экологиялық жүйесін оңалтумен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының мамандары бірлесе айналысатын болады. Мамандардың айтуынша, табиғат байлығын сақтап қалу үшін нақты шараларға көшетін уақыт әлдеқашан жеткен.