Ернар Айдар, әнші: Шәкәрімнің өлеңдерін өмірлік ұстанымым етіп алдым
Өскемендегі «Үлбі» мәдениет сарайында өткен қайырымдылық концертінен кейін қазақ эстрадасының жұлдызы Ернар Айдармен сұхбаттасудың орайы келген еді. Өнерде өзіндік орны бар әнші өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертті.
Жақсылық жасаудан ешқашан жалықпаймыз
– Өскеменге қош келдіңіз! Соңғы жылдары қайырымдылық концерттеріне жиі қатысып жүргеніңізді тыңдарман қауым біледі. Келешекте қай қалаларда осындай шараларды ұйымдастыру жоспарыңызда бар?
– Шұғылалы Шығыс өңіріне осымен бесінші рет келіп тұрмын. Рас, қазір ел-елді аралап, тағдыр тауқыметін тартқан мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да көмекке зәру адамдарға қол ұшын беруге тырысып жүрмін. Сірә, кезінде «Бірің қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы бекер айтпаса керек. Алдағы уақытта да өнерімді бағалайтын халқым барда, осындай қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып тұратын боламын. Бастысы, жақын жандарымыз аман, ниетіміз түзу, көңіліміз таза, денсаулығымыз мықты болсын. Қалған дүниенің бәрі өткінші емес пе?!
Жуырда осы қалаға барып, қайырымдылық кешін өткіземін деп айта алмаймын. Мүмкіндік болса, еліміздегі барлық облысқа барып, тыңдарман қауыммен қауышып, халықтың ыстық ықыласына бөленгенге не жетсін?! Алайда оған уақыт тапшы. Қазақ эстрадасында жүрген аға-әпкелеріміздің айтуынша, еліміздің түкпір-түкпірін аралап шығуға 2-3 жыл керек екен. Біздің халықта «Кең болсаң, кем болмайсың» деген мақал бар ғой. Сондықтан шама келгенше жақсылық жасаудан ешқашан жалықпаймыз.
– Қазақ эстрадасындағы әншілердің дені бұрынғыдай облыс орталықтарынан шалғайда жатқан елді мекендерді аралап, концерт беруді азайтты. Мұның себебі неде?
– Біздің қоғамда «Өнердің нағыз бағалаушысы ауылда тұрады» деген пікір қалыптасқан. Бірақ қазіргі қалалық қазақтардың көбі ауылдан шықты емес пе?! Шындығына келсек, әншілердің көбі ауылдарды аралап, тыңдармандарымен жүздескісі келеді. Алайда оған мүмкіндік бола бермейді. Жеке басым, ауылда өстім. Сол себептен ондағы халықтың өнер адамдарына деген құрметін білемін. Осыдан бірнеше жыл бұрын менде де арман болған. Арнайы жоспар құрып, концерт берсем деген ниетім бар еді. Бірақ ол белгілі себептерге байланысты жүзеге аспады.
Қалтамда қомақты қаражат жүрмейді
– Шығармашылығыңызбен тыңдарман қауым кеңінен таныс. Оған тоқталмай-ақ қояйық… Тұрмыстық мәселелерге келейікші, әншіліктен басқа табыс көзіңіз бар ма?
– Кәсіпкерлікпен айналысу үшін адамның сол салаға бейімі болуы керек. Сондай-ақ жеке бизнес ашамын деген жандар нарық заңын бес саусағындай білуі қажет деп ойлаймын. Неге екенін қайдам, маған бұл сала қол емес. Қысқасы, қосымша кәсібім жоқ. Әрине, өнерде жүрген кейбір аға-әпкелеріміз бен достарымыз қосымша кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
– Демек, сіздің табысыңыз…
– Өнердегі басқа әріптестерім сияқты мен де жаңа әндер жаздырып, концерт қойып, нәпақамды тауып жүрмін. Еліміздің түкпір-түкпірінен тойға да шақыртулар түсіп жатыр. Бұйырғанын тауып жатырмыз. Оған да шүкір.
– Табысыңыз жаман емес секілді. Құпия болмаса, меншігіңізде қандай дүниелер бар?
– Біздің отбасымызда «Бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін» деген қағида бар. Сол себептен «Менің осындай дүнием бар. Шалқып өмір сүріп жатырмын» деп айтудан аулақпын. Өйткені ағайынды адамдарда бәрі ортақ болуы керек деп санаймын. Сенсеңіз, күн сайын қалтамда қомақты көлемдегі қаражат та жүрмейді. Жеке шаңырақ көтергеніме қарамастан, ағаларыммен табысымыз ортақ. Ең бастысы – отбасымызда береке-бірлік бар. Ал ауызбіршілік болған жерде, ешқашан ұрыс-керіс болмайды.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Өнер адамы болған соң, айтылатын мақтау да, сын да жетерлік. Алайда, оның барлығын жүрекке жақын қабылдай беруге болмайды. Тек орнымен айтылған сынды ғана қабылдап, содан нәтиже шығара білу қажет. Жалпы, оң-солын салмақтап, салиқалы пікір білдіретін адамдар көп. Бірдеңе деу керек деп, негізсіз сынап жатқандар да жоқ емес.
– Әннің мәтініне қаншалықты мән бересіз?
– Жеке репертуарымдағы әнді орындамас бұрын, мәтініне ерекше назар аударамын. Өйткені біздің халық әр сөздің мағынасына терең үңіледі ғой.
– Газет-журнал оқисыз ба?
– Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігінің электронды нұсқалары бар. Сондықтан жаңалықтарды интернеттен оқып отырамын. Оның ішінде «Tengrinews», «Қазақпарат» сынды сайттарды күнделікті шолып шығамын. Барлық жаңалық интернетте болғаннан кейін газет-журналдарды көп оқи бермеймін.
– Жеке репертуарыңызда қай ақын-композиторлардың туындылары бар?
– Бауыржан Есебаев, Жарылқасын Дәулет, Ринат Зайытов, Ақмарал Леубаева, Шымберген Сүлейменов сияқты шығармашылық адамдарының әндері мен сөздеріне жазылған туындылар бар. Алдағы уақытта ән қоржыным тағы да толығатын болады.
Адамгершілікті жоғары бағалаймын
– Әлеуметтік желілердің қайсысын пайдаланасыз?
– Инстаграмм желісінде тіркелгенмін. Арасында аталған әлеуметтік желіге кіріп, өмірдегі және өнердегі жаңалықтарыммен бөлісіп тұрамын. Ал Твиттер, Фейсбук, Вконтакте желілерін пайдаланбаймын. Бірақ басқа әлеуметтік желілерде менің атымнан парақша ашып, алтын уақыттарын бөліп, инстаграмға салған суреттерімді көшіріп, жариялап отыратын адамдар бар (күліп). Ең бастысы олар жаман нәрсе жазбайды, оған да тәубе.
– Сахнада қарапайымсыз, ал өмірде қандай адамсыз?
– Мінезсіз адам болмайды ғой (күліп). Сахнадан тыс, былайғы жерде өзіндік мінезімнің барын жасырғым келмейді. Ал ел алдында қарапайыммын. Тіпті, кейде концерт барысында көрерменнің сұраған әнін еш бәлсінбей орындап беретінім бар. Өйткені біз халықтың арқасында осындай биікке көтеріліп отырмыз.
– Ұстанымыңыз…
– «Біреудің мінін тергенше, жамандығын көргенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен күрес өлгенше» деп жырлаған Шәкәрім Құдайбердіұлының жыр жолдарын өмірлік ұстанымым етіп алдым. Ең бастысы – жүректі таза ұстау керек.
– Адамның қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
– Сыйластық, адамгершілік, жауапкершілік. Қазақ «Сыйласаң, сыйлы боласың» дейді ғой. Сондықтан үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарап жүргенге не жетсін?!
– Өскеменнен алған әсеріңіз қандай?
– Ерке Ертіс пен Үлбінің қиылысында орналасқан Өскемен – әсем қала екен. «Тасты таулардың құшағындағы» бұл қала маған ерекше әсер қалдырды. Болашағы зор деп сенемін.
– Арнайы уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Сізге шығармашылық табыс тілеймін!
Әңгімелескен – Ажар Сағатбекова