Ермұрат Үсенов, композитор: – Байжігіт күйшінің есімі Құрманғазы, Тәттімбеттермен қатар аталуы керек
Қазақ саз өнерінің тумысы бөлек, тұлғасы ерек, ұлтының ұлы тұлғасына айналған дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті, республикалық композиторлар байқауының үш дүркін лауреаты, халық музыкасын өңдеп оркестрге түсірген Ермұрат Үсеновпен Өскеменге келген сапарында әңгімелескен едік.
– Шығыс өңіріне келген сапарыңыз құтты болсын. Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастасақ. Өнерге қалай келдіңіз?
– Мен 1952 жылы 25 шілдеде Алматы облысы, Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында дүниеге келдім. Балалық шағым сол ауданда өтті. Одан кейін Ұзынбұлақ ауылындағы он жылдық мектепті бітірдім. Домбыраны оныншы сыныптан бастап үйрендім, оған дейін сурет салдым, спортпен айналыстым. Бір жыл ауылда жұмыс істеп, одан кейін консерваторияның дайындық курсына түстім. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны жеті жыл оқып бітірдім. Еңбек жолымды Жезқазған музыка училищесінде оқытушы болып бастап, сонда алғашқы музыкалық шығармаларымды жаздым. Бір жыл еңбек еткен соң Ұлттық консерваторияға екінші рет түсіп, бұл жолы музыка теориясы және композиция факультетін бітірдім. Консерваторияда Қалижан Тілеуов, Уәли Бекенов, Бақыт Қарабалина, Латиф Хамиди, Кенжебек Күмісбеков сынды керемет ұстаздардан сабақ алдық. Ал Нұрғиса Тілендиевтен тәжірибе жағынан көп кеңестер алдым. Ол кісі мен үшін ұлы ұстаз болып қала береді. «Кешіңді өзім жасап берейін, орнымнан тұрайын, басымды көтерейін» деп жүргенде оған жетпей 1998 жылы 15 қазанда дүниеден қайтты. Сол кезде асқар таудай ұстазым Нұрағаның қабырғаны қайыстырар қазасына арнап «Нұрғиса толғау» атты реквием, яғни жоқтау күйім шықты.
– Жақсының жанында жүріп, тәлімін алдыңыз, көп дүние үйреніп, өнер жолына түстіңіз, аты аңызға айналған Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті болдыңыз. Әйгілі күйшімен таныстығыңыз қалай басталып еді?
– Еңбек жолымды Жезқазған музыкалық училищесінде бастап, сабақ беріп жүрген кезімде домбыра тартудағы шеберлігіме бір сапарында тәнті болған Нұрғиса аға өзі жетекшілік ететін «Отырар сазы» оркестріне шақырды. Өмірде де, өнерде де ұстазым санайтын дарабозбен осылайша таныстым. Қарым-қабілетімді аңғарған Нұрағам өнер жолындағы қанатымның қатаюына ерекше септігін тигізді. Осылайша 1981 жылы «Отырар сазы» фольклорлық- этнографиялық ансамблінің құрамына қабылданып, бас концертмейстер болдым. 1979 жылы шығармам жабық байқауда бас бәйге алды. Сонымен қанаттанып, ары қарай композиция кете берді. Шығармашылық жұмысымда Нұрғиса аға бас болып, ақыл-кеңесін айтып отырды. 1990-1994 жылдары Алматы музыка училищесінде, кейінірек Астанадағы Қазақ ұлттық музыкалық акададемиясында кафедра меңгеруші болып еңбек еттім. Қазіргі уақытта Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балалар мектебінде болашақ композиторларды тәрбиелеп жүрмін.
Барлық облыста авторлық кештерім өтіп жатыр. Көкшетау, Атырау, Алматыда өткен кештерді көрермендер жылы қабылдады. Шығармаларым көптеген сахнада орындалып жүр. Менікі негізінен оркестрге арналған шығармалар. Көп ән жазбаймын, негізінен оркестрмен орындалатын үлкен шығармалар жазамын. Астанада тұңғыш рет «Елім менің» республикалық патриоттық әндер байқауы өтті. Бекболат Тілеухан, Төлеген Мұхамеджанов, Ескендір Хасанғалиев, Жоламан Тұрсынбаев сынды белгілі композиторлар қазылық еткен байқауда ақын Несіпбек Айтовтың сөзіне жазылған «Бабалар аманаты» әнім бас бәйгені иеленді. Бұл ән патриоттық сезімді оятатын, білектің күшімен, найзаның ұшымен елімізді, жерімізді қорғаған асыл бабаларымыз туралы, кемеңгер ханымыз Абылай хан туралы ән, әннен гөрі кантатаға келеді.
Шығармаларым әр жанрда – халық аспаптар оркестріне, симфониялық оркестрге, хорға арналған шығармалармен қатар домбыра, қылқобыз, сазсырнай, шертер сияқты жеке аспаптарға арналған көптеген шығармаларым және кантата, оратория сияқты күрделі жанрдағы туындыларым да бар. Әлемге аты мәшһүр өнер жұлдызы Айман Мұсақожаеваның «Солистер академиясы» камералық оркестрі қылқобызға арнап жазған «Өмір дастанын» Америка, Италия, Түркия, Оңтүстік Кореяда орындап, шетелдіктердің қошаметіне бөленіп жүр.
Вырезка
Белгілі композитор, шертпе күйші Ермұрат Үсеновтің халық арасына кең тараған ән-күйлерінен бастап симфония, кантаталары, саз сырнайға, қыл қобызға, хорға арнап жазған туындылары сан сала. «Жалт – жұлт еткен дүние- ай», «Дариға аққу», «Күзгі әуен» әндері мен «Анама», «Шыңырау – құс», «Өмір -дастан», «Майра» күйлері өз орындаушыларын тапқан дүниелер. Сазгердің ән – күйлерін қазақтың айтулы өнерпаздары Майра Мұхамедқызы, Мақпал Жүнісова, Кенжеғали Мыржықбаев, Майгүл Қазтұрғанова, Рамазан Стамғазиев, Гүлмира Сарина сынды айтулы өнерпаздар орындап жүр. Сазгердің туындылары елімізбен қатар, әлем жұртшылығына да кең тараған.
– Халық арасына кең тараған «Анама», «Арнау» күйінің шығу тарихын айтып берсеңіз.
– Туған жерім Қарқара ертегідей керемет жер. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев сынды мықтылардың ізі қалған қасиетті топырақ. Осы өлкеде менің тоғыз жасымда соңынан алты баласын қалдырып анамыз дүниеден озды. Әкем Ұлы Отан соғысының бірінші топтағы мүгедегі еді. Жастайымнан біраз қиналып, өстік. Балалық шақ болмады. Тоғыз жасымнан-ақ әкемнің бір жағына шығып, жұмыс істеп, көмектестім. Ең үлкені он төрт жастағы әпкем шешеміздің орнына шеше болды. Оқуын тастап, бізге қарады. Шығармашылық адамы сондай сезімтал келеді ғой, жүрегімде сол бала күнімнен анама деген сағыныш қалған. Кейін «Отырар сазында» жұмыс істеп жүрген кезімде пойызбен Атырауға гастрольдік сапармен кетіп бара жатқан жолда туған күй еді. Тұңғыш рет сол Атырауда орындалып, қазір көптеген сахналарда орындалып жүр. Ана мейірімін, ананың аялы алақанын сағынғанда шыққан туынды еді.
Ал «Арнау» поэмасына тоқталатын болсам, ұлтымыздың намысын жанып, асыл азаматтарымызға аш бөрідей тиіп, жастардың ашу-ызасын туғызған, соңы қасіретке ұласқан Желтоқсан көтерілісінің сұмдықтарын көзбен көрген соң «Желтоқсан жаңғырығы» деген күй туды. Өте қиын кез еді. Күйді Нұрғиса ағама орындап бергенде, оның әжімді жүзі құбылып, «Қабырға қайыстырар дүние екен. Жазыла қоймаған жараның аузын тырнамайық, уақыты келеді, әділдік салтанат құрады. Халқымыз онсыз да тегеурінді тепкіден ес жия алмай жатыр ғой, сені де ұстап алып кетпесін. «Құрттың атын жаңылтып, малта қойдық» дегендей «Арнау» деп атын өзгертейік» деді. Бұл әрекеті мені сақтандырғаны екен ғой. Сөйтіп, бұл туындының сахнадағы тұсауын 1987 жылы өзі кесіп берді.
-Шығыс өңіріндегі «Байжігіт» оркестрінің, музыка колледжіндегі өнерлі жастардың шеберліктерін шыңдау ойыңызда бар ма?
– Өскеменге сапарым бұрыннан ойда бар еді. «Байжігіт» ұлт-аспаптар оркестірінің жетекшісі Шалқар інім хабарласып жүрген. Сонымен мамыр айында бір келіп, оркестрдің жұмысымен танысып, көріп кеткен едім. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Азамат Маратұлы Өскеменнің және Семейдің оркестрлерін көрсетіп, алдағы уақытта авторлық кешімді өткізуге ұсыныс айтқан еді. Концертке дайындық қызу жүргізілді. Хорды Әсел Темірова деген қарындасымыз керемет әзірлеген екен. Болашақта ағайынды Абдуллиндер атындағы музыка колледжінің шәкірттеріне шеберлік сабақтарын өткізу жоспарда бар.
Күні кеше Өскемендегі облыстық драма театрының концерт залында өткен кешке елімізге еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал опера әншісі Талғат Күзембаев, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина, еліміздің еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері Жалғасбек Бегендіков арнайы қонақ болып келді.
Шығысқа келгендегі мақсатым тек авторлық кеш өткізу емес, бұл өңірде Байжігіттен ары Қайрақбай, тағы басқа қаймағы бұзылмаған қаншама күйші зерттелмей жатыр. Олар туралы жай ғана кітап шығарып, нотаға түсіру аздық етеді. Оның бәрін сахнаға алып шығып, радиоға, «Алтын қорға» жаздырып, оркестрге түсіру керек. Байжігіт күйшінің аты Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттің есімдерімен қатар аталатындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Осы жазда филармониямен келісіп, Байжігіттің оншақты күйін оркестрге жақсылап түсіріп берейін деп отырмын. Содан кейін оның бәрін республикалық оркестрлерге тарату керек. Оркестрге түсірушілер қазір елімізде саусақпен санарлық, үш-төрт адам ғана қалдық. Анау Қостанайда, Атырауда екі оркестр бар, шетелдерге шығып, Астанада өнер көрсетіп жүр. Ал «Байжігіт» оркестрі ешқайда шықпаған, тіпті Астанаға бір де бір рет бармапты. Үнемі көлеңкеде қала береді. Балаларды қарасам бәрі мықты, қолдары жүріп тұр, тек көмекке зәру екен. Сондықтан жергілікті билік, сала басшылары тарапынан қолдау керек. Сонда ғана Шығыстағы дәстүрлі өнер биікке көтеріледі. Қазіргі үрдістегі эстрада деген бүгін бар, ертең жоқ дүние. Олардың қазақ музыкасының, қазақ өнерінің көсегесін көгертейін деген ойлары жоқ, тек қалта қалыңдатудан басқа. Бәрін жамандауға болмайды, ішінде «Музарт», «Жігіттер» сияқты жөні түзу санаулы топтар мен бірқатар өнерпаз болмаса, көбі әншейін аузын жыбырлатып, мұрнының ұшы терлеместен екі-үш мың доллар алып жүргендер.
Сондықтан жас ұрпағымыз рухани бай болуы үшін ұлттық өнерімізді дәріптеуіміз қажет. Өйткені дәстүрлі өнер – ұлтымыздың алтын қазығы.
-Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен – Айжанат Бақытқызы