Тылсым дүние

Ерханды сүйреп әкеткен су перісі ме?

Ерханды сүйреп әкеткен су перісі ме?

Кеңестер одағы кезінде студенттік құрылыс отряды деген болатын. Алматыда оқып жүрген кезінде ағам жазғы демалыс басталысымен Алматы облысының Кеген ауданына өз курстастарымен бірге бір айға сауын фермасы кешенін салуға барғаны есімде. Ағам жазғы демалысқа келгенде сол жақта болған бір тосындау оқиғаны айтып, зәремізді ұшырғаны әлі күнге дейін ойымда қалыпты. Есейіп қалған шағым болса да, сол әңгімеден қатты қорыққан мен біраз уақытқа дейін ағамның жолдасы Ерхан деген жігітті уайымдаумен, жаным ашумен жүрдім…
Біз ферма салып жатқан ауыл маңынан он шақырымдай жерде кішігірім көл болды. Бірде жексенбі күні түстен кейін сол көлге жеті жігіт шомылуға келдік. Кеш батып, ымырт ауған шақ туса да, күн қатты ыстық болатын. Суға түсіп болған соң жағада біраз демалып алып, өзіміз тұрып жатқан барақ үйге қайтуды ойлағанбыз. Бізге бас-көз болып келген оқытушы ағамызға берген уәдеміз де бар. Оның үстіне екі сағаттай судан шықпаған біздің қарнымыз да шұрқырап қоя берген. Бірақ маңғыстаулық Базар деген курстасымыз түнгі салқынмен қайтайық деп, бізді әлде де қала тұруға көндірді.
Біз жағада бір сәтке сергіп, дамылдап отырғанда, Ерхан мен Алтайбек судың ортасына дейін бойлап барып, шомылып жүрген болатын. Сөйткенше болған жоқ, Ерханның «Алтай, Алтай, Сәт-жа-а-ан» деген оқыс дауысы шығып, өзі әрі қарай суды құлаштай сермеп, жүзе жөнелді. Көлдің ортасы тіптен терең. Суды жалдай жүзіп, бір батып, бір шығып, сол тереңге аласұра ұмтылып бара жатқан Ерханға мен де, қасымдағы бес жігіт те тұра жүгірдік. Алдымен Алтайбек, одан соң мен жетіп, жан дәрмені қалмай алға құлаш сермеген оны екеуміз әйтеуір артынан қуып жетіп, екі жағынан ұстап жағаға алып шықтық. Көктен түсіп тұрған ай сәулесінің жарығымен Ерханның еріндерінің көгеріп, от шашып тұратын қара көздерінің өзгешеленіп, әп сәтте семіп кеткенін аңғардым. Еңгезердей, бойшаң, білегінің күші бұлтылдап, шиыршық атып тұратын оның ілезде бір уыс болып қалғанын көріп, дереу жерге жатқыза қойып, аяқ-қолын сипалап, екі бетінен шапалақтап-шапалақтап жібердім. Аяқ-қолы тартылып қалған шығар дегенмін. Бірақ оның толқынды құлаштай жүзгені ондайға мүлде ұқсамайды. Бес-он минөттен соң Ерхан «мырс» етіп күліп жіберді. Біздің көңіліміз жайланып сала берді. Бәріміз гитарамен әндетіп, түнделетіп жолға шықтық.
Сол оқиғадан кейін екі-үш күн өткен соң Ерхан: «Жын-шайтанның сейілге шығатын түн мезгілінде суға барма деп айтқаны бар еді анамның, рас екен. Ешкімге айтпа, Сәтжан, мен анада көл үстінде шашы белінен түскен, еліктей бір қызды көрдім. Ай сәулесімен екі көзі одан сайын нұрланып тұрды. Білегімнен ұстап, жымиып, тарта жөнелгенде ғана есімді жидым. Бірақ тоқтатпай, ерте жөнелді», – деді. «Е-е, сен сұлу жігіт болған соң, су перісі саған ғашық болған ғой» деп мен күлдім, – деп ағам әңгімесін аяқтаған еді сонда.
Ерханды сүйреп әкеткен, шынында да, су перісі ме?

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button