«Дидардың» қонағы

Ережеп Мәмбетқазиев, академик, халықаралық серіктестік Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті: – Бизнестің бетін ғылымға қарай бұру керек

Ережеп Мәмбетқазиев, академик, халықаралық серіктестік Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті:  - Бизнестің бетін ғылымға қарай бұру керек


Ел егемендігін алып, «енді қайттік» деп тұрған елең-алаң шақта ертең үшін кідірмей жұмыс бастап кеткен аздаған азаматтар бар. Солардың бірі – химия ғылымдарының докторы, профессор Ережеп Әлхайырұлы екенін айтады жұрт. Қазақ білімінің жолында әлі күнге аттан түспей келе жатқан, отыз жылдан астам уақыт ректорлық қызмет атқарған ардагер ғалымның сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Ұждансыз ұрпақ ұлтқа қауіпті

– Осы айдың 13 жұлдызында сіз тізгінін ұстаған оқу орнында бірқыдыру шаралар өтеді деп естідік.

– Иә, сол күні Қазақстан-Американдық еркін университетінде «Білім мен ғылымдағы халықаралық серіктестік: сын-тегеуіріндер мен трендтер» атты жөңгелек үстел өткізіледі. Өскемен қаласы АҚШ, Канада, Еуропа елдерімен, Сингапур, Малайзия, ҚХР, Ресейден келген шетелдік серіктестердің, Білім және ғылым министрлігіөкілдерінің, депутаттардың, ірі компаниялар, банктер басшыларының қатысуымен халықаралық ынтымақтастықтың аса өзекті мәселелерін талқылау орталығына айналады. Қазақстанның білімі мен ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және үштілділік стратегиясын жүзеге асырудың ең өзекті мәселелерін шешуде сындарлы диалогтар өтеді деп күтілуде.

– Сіз 1993-95 жылдары Білім министрі болып қызмет атқардыңыз. Бұл жұмысқа қалай келдіңіз? Елбасының тапсырмасы болды ма, әлде, өзіңіз ынталы болдыңыз ба?

– Екеуі де. 90 жылдардың басындағы терең дағдарыс жағдайында батыл түрде таңдау жасау қажет болды: қайда және қалай? Алғаш рет әлемдік үлгілер мен технологияларға бағдарланып, жаңаша әрекет ету керек болды. Сондықтан Еуропа, Америка және Азияның дамыған елдері білім жүйесіне бірігу, бізді сапалы жаңа деңгейге шығаратын ең оңтайлы бағыт болып қарастырылды.

Алайда, жалғыз ынта жеткіліксіз. Әдеттегідей бұрынғы қатаң жүйеге жалтақтап, тартыншақтық байқаттық. Мезгілі жеткен өзгерістерге сенімді бастау жасау үшін, жан- жақты ойластырылған даму стратегиясын құру керек болды. Қазақстан Президентінің алдын ала ойы осындай болды. Мұны ол барлық басшылардан талап етті.

Қазақстанның тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ректор айтар ақиқат» атты монографияңыз екі мәрте жарық көрді. Кітап тез арада танымалдыққа ие болды. Кітап шыққан соң, Елбасымен жеке әңгімелесу мүмкіндігіне ие болыпсыз.

– Иә. Нұрсұлтан Әбішұлы менімен білімдегі кәсіпқой ретінде, білім мен ғылым жүйесіндегі орын алған үрдістер жайында сөйлесуге ықылас білдірді. Мен болып жатқан үрдістер туралы қысқаша өз пікірімді жеткіздім. Ал кеңірек және жіті талдау – «Ректор айтар ақиқат» («Ректор – совесть вуза») кітабында жасалады. Кітап жақында жарық көрді. Елбасы «ар-ождан» деген сөзге назар аударды (орысшасының тура аудармасы «Ректор – ЖОО ар-ожданы»).

– Елбасыны елең еткізген «АР-ОЖДАН» ұғымына аз-кем тоқтала кетсеңіз?

– Әрине, тебіреністі және кесімді естіледі. Алайда дәл осы ар-ожданның жетіспеушілігі бүгінде қоғамда аса өткір көрініп отыр. Мәселе – ғибратты асқақ үндеулерде емес. Мен мұны мүлдем қолдамаймын. Алайда анық ұғынатын кез келді: егер де барлығында басты адами құндылықтан алыстап өмір сүріп және әрекет етсек, одан әрі терең күйзелістің шынайы қаупі бар құлдырау шегіне келеміз.

Тек ар-ождан болғанда ғана біздің ақыл-парасатымыз позитивке жұмыс істейді. Ар-ождан жоқ жерде біз елімізді «данышпандармен» толтыру қаупін туғызамыз, олардың «данышпандығы» қоғамға келтірілген нұқсан ауқымына сәйкес болады. Мұндай мысалдар аз емес.

Біздер, ректорлар, ЖОО – бұл тек жай ғана мамандар даярлау ұстаханасы емес екенін зерделеуіміз тиіс. Моральдық-психологиялық жағынан сау тұлғаны қалыптастыруда да біздің жауапкершілгіміз аз емес. Бұл жоғары мектептің әр басшысының саясатының арқауына айналуы тиіс.

– Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ білімі қандай жетістіктерге жетті деп ойлайсыз?

– Біз бүгінде мықты идеялар дағдарысын бастан кешудеміз. Білім мен ғылымдағының барлығы да, сонау 90-жылдары бастау алған реформалар аясында жұмыс істеп жатыр. Бұл тестілеу, бакалавриат–магистратура-Phd, үштілділік, «Болашақ» бағдарламасы және т.т. Мұның бәріне қатысты сындар жеткілікті, алайда жағдайды жақсы жағына түбегейлі өзгерте алатын мықты балама ұсыныстар, нақтылы механизмдер жоқ.

Кез келген идея, қоғамға оңды өзгерістер әкелуге қаншалықты қабілетті екендігімен құнды болады. Жалпы алғанда, 90-жылдардың реформалары білімді дамудың жаңа кеңістігіне шығарды. Мыңдаған дарынды отандасымыз президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша үздік шетелдік ЖОО-да білім алды. Заманауи мамандар мен басшылардың буыны қалыптасуда. Бірігу (интеграция) дамыған елдердің тәжірибесін қабылдау мүмкіндігін ашты. Біздер өз кезегінде шетелдіктерге есігімізді аштық.

– Ғылымның тиімділік мәселесі көп жағдайда қаржыландыруға келіп тіреледі. Сіздің ойыңызша осы мәселені шешудің нақты механизмі қандай болуы тиіс?

– Ғылымға бағытталған инвестиция көлемінің тұрақты өсіп отыруына қарамастан, біз әзірге ІЖӨ-нің тек 0.3 пайызына қол жеткіздік. (Еуропа елдері ғылымға ІЖӨ-нің 2.5-3.8 пайызын салады). Соның салдарынан біздің бірегей ғылыми жобаларымыз тек зертханалық деңгейде қалып қояды. Ғылымның бизнеспен, өндіріспен өзара іс-қимылының жаңа механизмі керек. Инновацияларға сұранысты дамытуды қамтамасыз ететін жекеменшік бизнесті ынталандыруға заңдық тұрғыда жағдай жасап, мемлекеттің арнайы реттеу шаралары керек. Бизнестің бетін ғылымға қарай бұру қажет.

Ережеп Мәмбетқазиев, академик, халықаралық серіктестік Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті:  - Бизнестің бетін ғылымға қарай бұру керек

Жобаның көбі жол ортада тұралайды

– Білім саласындағы реформаларды көп жағдайда былайғы жұрт түсіне алмай жатады. Соның бірі жаңағы өзіңіз атап өткен үштілділік. Ұлт үштілді ұрпақ тәрбиелеуге дайын ба?

– Бастысы, білімді дамытудың жаңа бағдарламасында көпшіліктің оң және теріс қатынасын туғызған – оқу үдерісінде ағылшын тілін қолдану. Бұл бағдарлама аясында мектептер мен ЖОО-да оқытуды бірден үш тілде жүргізу жоспарлануда. Бұл ретте, ағылшын тілі шетел тілі ретінде емес, бірқатар пәндерді оқыту тілі ретінде жүретін болады.

Жалпы ағылшын тілін оқу үдерісіне кеңірек енгізу өзектілігі, егемен Қазақстанның қалыптасуының алғашқы жылдарының өзінде-ақ жарияланған болатын. Республика бүкіл озық дүниеге, яғни заманауи әлемдік бизнес, ғылым мен жаңа технологиялар әлеміне бағдарланған мамандарға аса мұқтаж болды. Ал келешекке алғаш суырылып шыққан – тек қана «Болашақ» бағдарламасы болды.

Оны 90-жылдардың өзінде іске қосып, сонымен қатар енді бүкіл Қазақстан аумағында үштілді оқытуға көшудің кезеңдік бағдарламасын әзірлеп, іске қосу керек болды. Алайда біз уақыт өткізіп алдық.

Сондықтан да Президент 2011 жылдың сәуір айында өзінде үкімет алдында мынадай міндет қойды: 2016 жылға дейін мектептерде үштілді оқытуды енгізу. Бүгінде министрлік осы бір аса күрделі міндетті шешумен айналысуда. Бұрынғы министр ретінде, мен мұны түсінемін. Біздерге, білім қызметкерлеріне, бағдарламаның аса тығыз мерзімде толық іске асуына, мейлінше көп күш-жігер жұмсау маңызды.

– Пәндерді ағылшын тілінде оқытуға тым жедел көшу, қоғамда қызу қатынас туғызбай ма?

– Иә. «2016-19 жылдарға арналған қазақстандық білім мен ғылымды дамытудың белгіленген бағдарламасы қаншалықты бүгінгі қазақстандық өмірге лайықты және де ол белгіленген уақыт шеңберінде жүзеге асырыла ала ма?» деген мәселе тұрды. Тиісті қорларсыз бірден үш тілде толыққанды оқытуды қысқа уақытта енгізу әрекетіміз қандай жанама салдарларға әкеліп соғуы мүмкін? Қазақстандағы жалпы білім тарихында мұндай тәжірибенің бұрындары болмағанын есепке алу керек. Сол себептен осы сауалдардың барлығы күтілді.

– Сіз белгілі қоғам қайраткерлерінің ағылшын тілі қазақ, бұдан соң орыс тілін ығыстырады дегеніне қатысты пікірлеріне қосыласыз ба?

– Қауіптенудің жөні бар. Мұндай ұлттық-патриоттық ұмтылысты күту керек еді. Ол біздің ұлттық ерекшеліктерімізді қорғаудың үйреншікті рефлексі ретінде басталып кетеді. Сондықтан мен, бала алғашқы кезде «ана сүтімен» ана тілін бойына сіңіріп, қазақстандық ретінде қалыптассын деген пікірдемін. Біз әлемге, «шала» ағылшындандырылған азиялықтар емес, бірінші кезекте, қазақтар ретінде тартымдымыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Арман Марқа

Осы айдарда

Back to top button