«Дидардың» қонағы

Ербол Оспанов, ұшқыш: «Біріншінің» сырын білмеймін

Нұрсұлтан Назарбаевтың (Президент флотының) бірінші бас ұшқышы, Boeing-767, Boeing-757 сынды ұзақ қашықтықта ұшуға арналған әйгілі лайнерлердің еліміздегі алғашқы командир-нұсқаушысының бірі, жерлесіміз Ербол Оспанов биыл ресми зейнет жасына шықты.

«Тұңғыш», «Бірінші», «Алғашқы» деген айқындауыштар жанына жақын және үнемі есімімен қатар айтылатын Ербол Оспановтан осыншама «біріншінің» сыры неде екенін білгіміз келді…

«Правда» кешікпеуге тиіс»

– Сіз Өскеменнің өзінде дүниеге келдіңіз бе?
– Иә, біздің үйіміз 45-гастрономның дәл жанында болатын. Бала кезім сонда өтті. Алматы көшесіндегі №20 орта мектепте білім алдым. Бұл айтып отырғандарым қазір де дәл осы қалпында ғой, солай емес пе? Қызмет жолым да училище бітірген соң, туған жерде басталған.
– Демек, Шығыста жұмыс істедіңіз ғой?
– 1974 – 1986 жылдар аралығында, 12 жыл Шығыста болдым. Өскеменнің біріктірілген авиажасағында, сол кезде осылай аталатын, «АН-2», «Як-40», «Ил-14» деген ұшақтар болды. Тікұшақтар да бар еді.
– Ол кезде ұшақтар барлық ауданға қатынап тұрды ғой?
– Иә, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Зырян (Алтай), Күршім, Марқакөл, Самар, Зайсан, Приозерное (Тұғыл) және Ақжарға жолаушы таситынбыз. Күніне бірнеше рейс жасалатын. Бұлардың көбіне әлемдегі алғашқы турбореактивті ұшақ «Як-40-пен» ұшатынбыз. Шамамен, бір рейсте 30 адам келетін. Сосын Алматы рейсі бар еді.
Айтпақшы, Алматы дегенде есіме түсіп кетті, саған бір қызық жайтты айтайын ба? Газетке қатысты.
– Міндетті түрде айтыңыз, – деп күлдім.


– Алматыдан таңғы рейспен «Правда» газетін алып келетінбіз Өскеменге. Кеңес одағының саясатын жүргізген №1 газет қой. Оны дереу Өскеменнен бір ұшақ аудандарға алып ұшатын. Мысалы, Үлкен Нарынға алып барады. Ары қарай сол жердегі «АН-2» Катонқарағайға жеткізуге міндеттеледі. Осының барлығы түскі асқа дейін орындалуға тиіс, жоғары жақтың тапсырмасы еді! «Правда» газеті түкпірдегі Марқакөл, Катонқарағайдың ауылдарының өзіне түске дейін кешікпей жетуге тиіс болатын. Рейс кешіксе, жазаланасың. Солай.
– Қызық екен… Айтыңызшы, жоғарыда сөз еткеніміздей, қайтадан барлық ауданға ұшақ шығару тиімді ме қазір? Маман ретінде ойыңыз қандай?
– Қазір барлық ауданға рейс ашу керек деп ойлаймын. Ойлап қарасаңыз, көлік жолының бір шақырымының өзіне бірнеше миллион доллар шығады. Ал алыстағы аудан мен Өскеменнің арасы қанша километр?.. Мысалы, Тарбағатайдан бері 300 шақырымнан астам… Оған қоса артынан жолды жөндеу, күту жұмыстары қосылады… Енді бір әуежайға бір жарым шақырым ғана ұшақ қонатын жол салуды ойлап көріңіз. Ол үшін анау 300 шақырымның бір жарым шақырымына кеткен қаражат қана жұмсалады. Болды. Ары қарайғы жөндеу жұмыстарын авиакомпания мойнына алады. Менің ойымша, жергілікті басшылық аудандардағы әуежайларды жөндеуге көңіл бөліп, рейстер ашу керек. Бұл іс өндіріс ошақтары мол Шығыстың қолынан келеді деп ойлаймын. Бұрын бес сағат жүрген облыс орталығына айналдырған 30 минутта жетіп отырсаң жаман ба? Тамаша емес пе!

«Ұшақ басқаруы мүмкін емес»

– Президент флотына қалай келдіңіз?
– 1986 жылы Ленинград қаласындағы Азаматтық авиация академиясын бітіргеннен кейін мені Алматы қаласына ауыстырды. 1992 жылға дейін сонда жұмыс істедім. Кенет сол жылы басшылық мені Президент флотының бас ұшқышы етіп тағайындады.
– Бар-жоғы осы ма? Арнайы сынақтан өткізбеді ме? Не үшін сізді таңдағанын айтты ма?
– Жоқ, «еңбек өтіліңе, профессионализміңе қарай отырып сені тағайындадық» деді. Болды. Маған тапсырма берілді. Соны орындадым. Артқан сенімдеріне, әлбетте, алғыс айтамын. Үміттерін ақтадым деп ойлаймын. 1992 – 2009 аралығында 17 жыл сонда қызмет еттім.
– Әдеттегі жолаушы ұшағы мен Президент ұшағын жүргізудің арасында қандай айырма бар? Бірінші Президенттің бірінші ұшқышы болудың не сыры бар?
– Әдеттегі жолаушы ұшағының ұшқышы болсаңыз, өзіңізге берілген үйреншікті бағыттарда ұшасыз. Алматыға барасыз, ылғи барып жүрген астанаға қонасыз деген секілді… Ал Президент бір жолы Сеулге ұшса, келесіде тағы бір бөтен бағытқа сапар шегеді. Амстердамға, мүмкін Бостонға шығуы мүмкін. Не болмаса Египетке кетесіз… Ұшып-қонудың заңы барлық жерде ортақ десек те, әр әуежайдың өзіндік ерекшеліктері болады. Мысалы, ылғи Өскеменде көлік айдап жүрген мына сіз бір күнде Семейдің көшелерінде іркіліссіз жүріп кете аласыз ба? Жоқ. Бізде де сол жағы қиынырақ. Ауа райы, бәлкім басқа да төтенше жағдайлар әсер етеді.
Ал «Біріншінің» қандай сыры бар екенін білмеймін. Меніңше, ештеңе жоқ.


– Нұрсұлтан Назарбаевтың бала күнінде ұшқыш болуды армандағанын өзі туралы түсірілген фильмнен жақсы білеміз. Ал ол кісі өмірде ұшақ айдап көрді ме?
– Жоға, о не дегеніңіз? Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басқара алады, бірақ ұшақты басқаруы мүмкін емес. Бұл деген, ең бірінші, заң бұзу емес пе!
– Ал ол кісі қандай жолаушы?
– Елбасы ұшу барысында ара-тұра ұшқыштардың жанына келіп хабар алып тұратын. Алайда жоғарыда айтқанымдай, ұшқыштың орнына отыруға тырысқан емес, өте тәртіпті жолаушы болды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев аудармашы болды»

– Елбасы жұмыс барысымен барған қалада сіздер не істейтін едіңіздер? Қыдыруға мүмкіндік болды ма?
– Иә, ол кісі маңызды кездесулерге барады. Ал біз сол сәтте бейтаныс қалаға экскурсия жасайтынбыз. Әуелі алдын ала сол қаланың тарихын, өзіндік ерекшелігін интернеттен оқып дайындаламыз. Әйтпесе, бекер барып қайтқаннан не пайда? Мысалы, Египетке барарда Суец каналы туралы мағлұматтар жинадым. Барып көргенде Жерорта мен Қызыл теңізді жалғастырып жатқан осынау жасанды су жолының салыну тарихы және оның тиімділігі мен түсіретін көл-көсір пайдасы маған ерекше әсер етті. Көп нәрсені біліп, көкейге түйіп алдым. Сол секілді мына өзіміздің Зайсанға барғанда да ол туралы оқып дайындалғанмын. Былай қарап, жай ғана аудан орталығы деуіңіз мүмкін. Бірақ геосаяси тұрғыдан алып қарағанда, Зайсанның орналасқан жері маған қызық. Шекарадағы шағын қаладан 30-жылдары Кеңес одағы Қытайға гуманитарлық көмек көрсету үшін ұшақтар жөнелткен екен. Мұны бір ұшқыш туралы кітаптан оқыдым.
– Әңгімеңіз өте қызықты. Ұшу барысында қандай ерекше оқиғалар болды? Біреуін баяндап беріңізші.
– Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маған аудармашы болып көмектескені бар. (Күлді).

1995 жылдың сәуірі болатын. Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Кореяға алғашқы сапарын жасады. Қытайдан өтіп бара жатқанда маған Қытай төрағасына Нұрсұлтан Әбішұлының жеделхатын жіберу тапсырылды. Алайда Қытайдың әуе қозғалысын басқаратын диспетчер ағылшын тілінде сөйлеген сөзімді түсінбей, жеделхатты қабылдамай қойды. Бірнеше рет қайталап оқығаныма қарамастан, еш нәтиже шықпады. Бортта америкалық азаматтар да болған, бірақ олардың да сөзін диспетчер ұқпады.
Біз болсақ Қытайдың жартысынан көп бөлігін ұшып өттік. Ал жеделхат әлі де жеткізілген жоқ. Сосын сол кездегі сыртқы істер министріне (Қасым-Жомарт Тоқаевқа – ред.) жолықтым. Мәселені түсіндіріп, жеделхат мәтінін ауыстыруды ұсындым. Алайда ол кісі мұның ресми құжат екенін, өзгертуге болмайтынын айтты. Ең соңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі кабинаға келіп, құлаққап тағып, жеделхатты оқыды. Бейжің сол кезде барып жеделхатты қабылдап, жауап ретінде құттықтау жолдады. Қазіргі Президентіміз борт-радист болып жұмыс істеген осы ерекше ұшу сәті есімде сақталып қалды.

«Ұшқыш болам десеңіз…»

– Осы уақытқа дейін неше рейс жасадыңыз, санап көрдіңіз бе?
– Біз рейс санын санамаймыз. Ұшқан уақытымызды есептейміз. Бүгінге дейін 21 мыңнан астам сағат ұшыппын.
– Болашақ ізбасарларыңызға не айтар едіңіз?
– Қарсы сұрақ қояйыншы, сіздің жасыңыз нешеде немесе отызға неше жыл бар?
– Сегіз жыл бар.
– Ұшқыш болуға мүмкіндігіңіз толығымен жетеді. Ағылшыншаңыз тәуір шығар?
– Тәуір деп айта алмаймын.


– Бір-екі жылда ағылшын тілін үйреніп, «Аіг Astana» компаниясына келіңіз. Компания сайтынан да ұшқыштарды даярлау туралы таба аласыз. Байқап отырмын, орысшаңыз да онша емес секілді. Бірақ оған еш қысылмаңыз. «Орысша білмейтін адам ағылшынша қайдан үйренсін» дейтін заман өткен. Бірден ағылшынша оқыңыз. Сосын «Аіг Astana» компаниясында ұл-қыздарды шетелге оқуға жіберетін бағдарлама бар, соған өтініш беріңіз. Бір адамның оқуына, шамамен, 150 мың доллар қаражат кетеді. Бірақ оны өз қалтаңыздан төлемейсіз. Компания көтереді. Кейін жұмыс істегенде айлығыңыздан бұл қаражаттың жартысын өтеп бересіз. Бірақ ұшқыштың еңбекақысын алғаныңызда, әлгі ақшаны қайтарып жатқаныңызды елемейсіз де. Міне, сіз секілді жастарға айтарым осы. Бұл жерде ешқандай «әке, көке» жүрмейді. 100 пайыз гарантия бере аламын.
– Айтпақшы, Шығысқа оралатын ой бар ма?
– Ой дейсіз бе? Болғанда қандай! Жақсы ұсыныстар болса, бас тартпаймын. Дегенмен, зейнетке шыққандықтан, маған енді жолаушы тасымалдауға болмайды. Енді чартер, жүк ұшақтарын жүргіземін. Айтқандай, Өскеменде қазір оған мүмкіндік бар.
– Ендеше іске сәт! Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button