Денсаулық сақтау

ЕРҒАЗЫНЫҢ ЕЛДЕН ЕРЕК «ЕРМЕКТЕРІ»

ЕРҒАЗЫНЫҢ ЕЛДЕН ЕРЕК «ЕРМЕКТЕРІ»

Ерғазы Тәнжіков – Зайсан ауданындағы Жаңа Тұрмыс ауылының тумасы. Бүгінде белгілі тіс дәрігері, Өскеменнің Ворошилов көшесінде орналасқан «ЕрДент» атты стоматологиялық кабинеттің меңгерушісі. Осы емханада ол зайыбы Розамен бірге көп жылдан бері еңбектеніп, облыс жұртшылығына қызмет етіп келеді. Роза да – тәжірибелі стоматолог, бұл салада айта қаларлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүрген білікті дәрігер.

Дәл осы арада оқырманның көкейінде «Бүгінде тіс дәрігерінен көп нәрсе жоқ, оның несі таң?» деген сауал туындауы әбден мүмкін ғой. Ендеше, тыңдаңыз! Ерғазының өзге стоматологтардың ойына да келмейтін қызық «операциялар» жасайтын өнері әзірше өзін жақсы білетін біраз адамға ғана аян. Міне, менің мақсатым да сол – әлгі қызықтарды қаз-қалпында көп назарына ұсыну.

Қазіргі кезде алуан тұқымды қасқыр ит асырап, оларды таластырып-төбелестіріп, осы «төбелестен» әжептәуір ақша түсіру деген кәсіп пайда болды ғой. Ал мұндай иттердің бағасының соңғы кезде қымбат шетелдік көлікпен пара-пар болып кеткенін көп жұрт біле бермейді.

Бірде Ерғазының Ержан деген бір жақсы танысы келіп, алабай мен орта азиялық овчарканың буданы «Батыр» атты төбетінің үш азу тісі сынғандықтан, дұрыстап төбелесе алмай жүргенін айтады. «Бір орыс жігіті – көптен бергі бәсекелесім еді, – деген екен Ержан. – Соның питбультерьерін Батыр жеңе алмай жүр. Тістеп лақтырады-ақ, бірақ азу тістерінің кемдігінен терісін жыртып, быт-шытын шығарып талауға шамасы келмеуде. Ерғазы, осы итіме тіс салып берсең, сұрағаныңды берер едім».

Басында Ерғазы танысының бұл сөзіне мәз болып күлген болатын. Бірақ біршама ойлана келе, көкейінде: «Тіс салса, несі бар? Тәуекел деп көрсем қайтеді?» деген бір желікті ой бас көтерді.

– «Батыр» атты «жауынгермен» бетпе-бет кездескенде, шынымен сескендім, – деп еске алады Ерғазы. – Осы уақытқа дейін дәл мынадай алыпты көрмеппін. Ырсиған езуіне, балғадай тістеріне көзім түскенде, зәрем ұшты. Бір айта кетерлігі, байғұс жануардың адамға қараған көзінен бір терең уайым, айықпастай мұң көрдім. «Бұл өмірден ешқандай қызық көрген жоқпын, ертеңімнен де еш үмітім жоқ» дегендей, ерекше бір аянышты көзқарас еді бұл. Ойланып-ойланып, ақырында тәуекелге бел байладым.

– Ержан, – дедім досыма, – мен итіңе тіс салып берейін. Ешқандай ақы-пұлыңның қажеті жоқ, тек осының бір төбелескенін көрсетсең болды.
Соған «жә» десіп, мен Батырдың тістерін түгендеуге кірістім. Алдымен кіші-гірім тайыншадай төбеттің аран аузына жуандығы білектей ағаш салып, оны шығып кетпейтіндей етіп шырмап байлап тастадық та, екі адам екі жағынан тапжылтпай ұстап тұрды. Соның өзінде ит ырылдап-күрілдеп, аяғымен ағашты алып тастамақ болып, жанталасты.

Ерғазы бұл жолғы «ерекше операцияны» ит иесінің ойлағанынан да асыра орындап шыққан екен. Алдымен тістің өлшемін алған ол азуды ішке қарай имек етіп жасап, ішкі қырын кәдімгі пышақша қайрап, өткір етіп шығарыпты. Ақыры, сынған азуға даяр болған «коронканы» цементпен отырғызып, бекітіп бергенде, иттің аузын ашып көрген иесі ризалықтан күліп жіберіпті.
– Ержан дегеніне жетті, – дейді Ерғазы сәл күлімсіреп. – Тісі қайралған Батыр қарсыласының ту-талақайын шығарыпты. Бірақ жеңімпаз иттің иесі айтқанында тұрмады, мені әдейі апарып, төбелесті көрсетемін деген уәдесін орындамай-ақ кетті.

АЮҒА ТІС САЛҒАН

«Ерғазы итті қойып, аюға да тіс салған» деген сөзді естігенде, әзілге балап, мән бере қоймаған болатынбыз. Кейін көзіміздің жеткеніндей, бұл шынында да болған оқиға екен. Бұл сөзіме бастапқыда оқырманның күмәнмен қарап, «мыналарың қисынсыз әңгімені үдетіп барады ғой» деуі мүмкін, әрі солай болуы заңды да ғой. Ендеше, бұл әңгімені де зейін қойып оқи беріңіз, біраздан соң сөзіміздің шындық екеніне көзіңіз жете түседі.
Оқырманның көңілін күпті қылмай, алдын ала айтып қояйық, тіс дәрігерінің бұл жолғы «клиенті» – өлген аю, нақтырақ айтсақ, аюдың тұлыбы болып шықты. Бұдан арғы сөзді Ерғазы Кәлімұлының өзіне берейік.

– Бұл сонау екі мыңыншы жылы болған жағдай, – дейді ол. – Қалалық салық инспекциясында қызмет істейтін Бауыржан деген досым хабарласып, төтенше бір жұмысы барын, сондықтан дереу жолығу қажет екендігін мәлімдеді. Мен оған «жұмыс орнымды білесің ғой, сонда кел» дедім.
Бір уақытта келіп жеткен Бауыржан жанындағы бір жігітпен қолдаса көтерген үлкен ала сөмкені бөлмеге әрең енгізді. Келе сала сөмкені ашқан олар Алтайдың үлкен қара аюының басымен бірге сойылған терісін шығарып, орындыққа асып қойды. Жануардың тірісінде қандай болғанын басының үлкендігіне қарап шамаладым. Мұндай аюдың сирек кездесетіні даусыз, әрине.

– Бізге Астанадан тексеруші келіп жатыр, – деп түсіндірді досым. – Енді оның көңілін табу үшін бір маңызды сый жасауымыз керек. Ақылдаса келе, «аюдың тұлыбынан артық сыйлық болмас» деген ойға табан тіредік. Бірақ мына алыптың бір кемшілігі – азу тісінің біреуі түсіп қалыпты. Аузын ашқанда көзге ұрып тұр. Осыны бір жөнге келтіріп берсең…

Аузын ашып көрсе, шынында да, сойдиып тұратын қос азудың оң жақтағысы түсіп қап, орны ойсырап тұр екен. Мән-жайды түсінген Ерекең уақыт өткізбестен іске кіріседі. Алдымен жақ сүйекті тесіп, қатты сымнан азудың сұлбасын жасап алған ол әлгі «каркасты» пластмассамен мұқият қаптайды. Даяр болған сұлбаны қайрап, егеп, асықпай жалтыратқан соң, хайуанның аузының түсіне сай бояумен асықпай бояйды. Түнімен әуреге түсіп, бар өнерін салған шебер уәделі шаруаны келесі күнге даярлап қояды.

– Келген бойда аюдың аузын ашқан салық қызметкерлері кешегі өз тісі қайсы, салынған тістің қайсысы екенін ажырата алмай, біраз дағдарды, – деп күледі Ерғазы. – Ақырында, тістің дәлме-дәл, қапысыз жасалғанына риза болған жігіттер шеберлігіме тәнті болғандарын атап айтты.

Ешкімді жатырқамайтын, көпшіл де жайдары Ерғазының тек тіс дәрігері ғана емес, шебер домбырашы, күміс көмей әнші екенін де өз басым соңғы кезде біліп жүрмін. Жаңа жылға қарсы қаладағы ортақ танысымыздың үйінде бас қосып, тамаша бір кеш өткізгенбіз. Сол кеште Ерғазы не түрлі өнерпаздарды көріп, жақын араласып жүрген бізді шынымен аузына қаратты. Зайыбы Розаның да өнерден құралақан жан емес екендігін сол кездесуде білген едік.

Осының барлығын ой сарабынан өткізе отырып, ниеттес те сыйлас азаматқа: «Ел-жұрттың, тіпті, жан-жануардың тісін бүтіндеп-түгендеп жүрген игілікті ісің әрдайым алға бассын, Тәңірім өміріңе шексіз қуаныш, мол мереке берсін. Берекелі шаңырағыңды дүбірге толтырып жатқан төрт перзентіңнің қызығын көр!» – деген шынайы тілегімді айтқым келеді.
Күршім ауданы.
Хасен ЗӘКӘРИЯ

Осы айдарда

Back to top button