Тарих

Ер Жәнібек туралы еңбек жарық көрді

Ер Жәнібек туралы еңбек жарық көрді

Жақында тарихшы, өлкетанушы-ғалым, ардагер ұстаз Мұхаметқазы Мұхамедиұлының «Ердің ері-Ер Жәнібек» атты кітабы жарыққа шықты.
Кітапта Ер Жәнібек Бердәулетұлының өмірбаянына қатысты зерттеу дүниелермен қатар батырдың зираты қалай табылғанына қатысты да тың деректер бар. Кітапқа алғысөз жазған тарих ғылымдарының кандидаты, Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Амантай Исин былай дейді:
– Жарияланып отырған еңбектегі басты тақырып – XVIII ғасырдағы жарқын тұлға, қазақ халқының батыры Бердәулетұлы Ер Жәнібекке қатысты ізденістер. Ер Жәнібектің зираты табылып, оған естелік тақта орнатып, кейін ескерткіш орнату жөніндегі әңгімелері оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Тарихшы Мұхаметқазы Мұхамедұлының басқа да еңбектеріне түркітанушы Алтай Аманжолов та мән беріп, іздеп келіп танысқан. Туған өлкеден табылған тастағы суреттер мен жазулардың қазақ тарихының толығуына зор үлес қосатындығын атап айтқан.
– Ер Жәнібек батырдың зираты оңай табылған жоқ,-дейді Мұхаметқазы Мұхамедұлы, – араға жылдар ғана емес, ғасыр салынды. Екіншіден, бодандықтың құрсауында қалған халық ойдағы білгенін ашық айта алмады. Ортабұлақтағы шежіре қарттар Ер Жәнібек туралы тың деректердің ашылуына ұйытқы болды. Ер Жәнібек 1792 жылы 78 жасында дүние салып, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылы маңына жерленген. 2010 жылы ұрпақтары ас беріп, басына кесене-ескерткіш тұрғызды. Жақында Жәнібек батырдың 300 жылдығы Баян-Өлгийде де кеңінен аталып өтілді. Батыр бабамыздың тойына алыс-жақын шетелден 200-ге тарта қонақ келіп қатысты. Онда «Ер Жәнібек және Моңғолия қазақтары» атты халықаралық ғылыми конференция болды. Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында Ер Жәнібек Бердаулетұлының 300 жылдық мерейтойы қарсаңында Баян-Өлгийдің орталығы Өлгий қаласындағы көшеге батырдың аты берілді. Болашақта Ер Жәнібек батырдың зәулім ескерткіші бой көтеретін жері белгіленіп, арнайы ескерткіш тақта орнатылды.
Сондай-ақ, Мұхаметқазы Мұхамедиұлы «Ердің ері – Ер Жәнібек» атты кітабына демеушілік жасаған рухы биік азаматтар Мерей Сіләмұлы мен Қайролла Мамытанұлына шынайы алғыс білдіріп отыр.
Ер Жәнібек Абылай ханның бас батырларының бірі ретінде көп айтылатын тарихи тұлға. Ер Жәнібектің өмірі мен ерлігі жайында ел аузында бірнеше толғау, дастандар мен аңыз-әфсаналар сақталған.

Раушан Нұғманбекова

Семей

Осы айдарда

Back to top button