Еңбегі әділ бағаланды
Жақында болып өткен балықшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында осы саланың ардагері, жағалаудағы Жолнұсқау ауылының тұрғыны, 73 жастағы зейнеткер Сәкенов Дәлелханға «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағының төсбелгісін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Бірекешов өз қолымен тағып, шын көңілімен құттықтады.
– Астанамызда болып өткен осынау салтанатты жиынға Қазақстанның барлық өңірлерінен аталған саланың ардагерлері келіп қатысты, – дейді Дәлелхан ағамыз. – Мен Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарынан барған жалғыз делегат екенмін. Айтары жоқ, құрмет-қошеметтің алуан түрін көріп, шынымен разы болдық. Мерейлі мерекеге байланысты өткізілген салтанатты жиынға министрдің өзі қатысып, бірнеше адамнның омырауына аталған төсбелгіні өз қолымен қадады. Мұның өзі біз үшін үлкен сый, адал еңбегімізге берілген әділ баға деп білемін.
Еңбек жолын кіші мал дәрігері болып бастаған Дәлелхан Сәкенұлы кейіннен жүргізуші мамандығын алып, бірнеше жыл көлік тізгінін де ұстаған болатын. 1977 жылы балық шаруашылығы саласына ауысқан талапты азамат содан 2006 жылға дейін балық аулаудың заңдылығын қадағалайтын инспектор болып жұмыс істеді. Осы қызметте жүргенде оның заң бұзушылыққа ымырасыздығы, қаталдығы, сонымен қатар тура жолдан қия баспайтын әділдігі жайлы әңгімелер көптеп айтылатын еді. Сондықтан балық инспекторының ел арасындағы беделі де жоғары болды. Ал кәсіби мерекесіне орай алған айтулы марапатын ағамыздың осы қасиеттеріне берілген басты баға деп пайымдауға әбден болады.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.