Енді айыппұл төлейді
Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері облыс аумағындағы жағажайларға рейдтерін жалғастыруда. Дәл осындай іс-шаралардың нәтижесінде өткен демалыс күндері ғана бірнеше адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Осыдан бұрын жазғанымыздай, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы шаһар аумағында суға шомылуға тыйым салынған сегіз жерді белгілеген болатын. Ол жерлерде ескерту белгілері қойылып, тұрғындарға жадынамалар да таратылды. Алайда, әзірге халық бұл ескертулерге құлақ асар емес. Тұрғындар әсіресе, «қара тізімге» енген руда емес материалдар комбинаты жанындағы су қоймасының (котлован) жағажайында демалуды жөн көреді екен.
Қалалық ТЖБ бастығының орынбасары Дастан Ахметовтың айтуынша, бұдан былай шомылуға болмайтын жерлерде суға түскен тұрғындар Әкімшілік кодекстің 364 бабына сәйкес жауапқа тартылатын болады. Соңғы бірнеше күнде дәл осы бап бойынша екі АЕК мөлшерінде айыппұл арқалаған үш адам тіркеліпті. Еске салайық, былтырғы шомылу маусымында қала бойынша тіркелген бес қайғылы жағдайдың екеуі осы жағажайда орын алған еді.
Айта кетейік, 1 маусым күні өңірде суға шомылу маусымы басталды. Әзірге қала аумағында екі-ақ жерде суға түсуге болады. Оның бірі – «Самал» саябағының жағажайы болса, екіншісі – Ертістің сол жағалауындағы табиғи-ландшафтық музей-қорығының «Көгілдір көлдері».
Нұржан Кенжеұлы