Еңбек озаттарына көлік пен баспана береді
Айжанат Бақытқызы
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Самар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы, егіс алқаптарында дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы Самар ауданының әкімі Раджан Сейітханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып өтті.
Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі салаларының бірі. Мұнда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі жыл сайын артып келеді. Диқандар өздерінің тәжірибесі, жаңа технологиялары мен озық техникасы, мамандардың кәсібилігі арқасында ауыл шаруашылығы дақылдарынан жақсы өнім алып отыр. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлері он миллиард теңгенің өнімін өндірді.
Жалпы, нәтижеге мал шаруашылығы саласының өкілдері де өз үлестерін қосып отыр. Бұл салалар бір-бірін толықтырып, қолдап, қатар дамып келеді.
– Ауданның ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы – 65,517 мың гектар. Бұл былтырғы деңгейден 7,4 мың гектарға жоғары немесе 109,8%. Дәнді дақылдар – 36,3 мың га, майлы дақылдар – 26,3 мың га, көкөністер мен бақша дақылдары – 10 га, жемшөп – 2,6 га, жүгері – 187 га. Ауданда 500 га суармалы жер бар, – деді Раджан Сейітханов.
Бүгінгі күннің басты міндеті – егінді сапалы және уақтылы жинап алу.
– Дәнді дақылдарды жинау аяқталды, орташа өнімділік гектарынан 12 центнер болды. Майлы дақылдар әлі де жиналып жатыр, бүгінде 26,3 мың га жиналды, – деді аудан әкімі.
Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге Самар ауданына литрі 204 теңгеден 1150 тонна дизель отыны бөлінген.
Дамыған өсімдік шаруашылығы фермерлерге мал шаруашылығы үшін сенімді азық базасын құруға мүмкіндік береді.
– Аудандағы ірі қара мал саны 19542 басқа жетті, оның ішінде ірі қара мал саны – 9322 бас. Жылқы – 10272 бас, қой мен ешкі – 32806 бас, құс – 34609 бас, шошқа – 668 бас. Ауыл шаруашылығы саласында 403 шаруа қожалығы тіркелген.
Етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында аудандағы Миролюбовка ауылында 200 басқа арналған «Намыс» мал бордақылау алаңын салу жобасы іске асырылуда. Бордақылау алаңын пайдалануға беру ет өндірісін жылына 600 тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Қазір асыл тұқымды ірі қара малды сатып алуға байланысты мәселелер шешіліп жатыр.
Самар ауданында озық технологияларды енгізіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген, өз еңбеккерлерінің сапалы жұмысы мен демалысы үшін қолайлы жағдай жасайтын шаруашылықтар аз емес. Мәселен, жұмысының қорытындысы бойынша үздік деп танылған фермерлерге жеңіл автокөлік беріліп, жаңа баспанамен қамтамасыз етеді.
Аудан әкімі айтып өткендей, мұнда аграрлық-мал шаруашылығы саласымен қатар балық шаруашылығы, ара шаруашылығы, шағын және орта бизнес, сауда, тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны артты.
Ауданда балық өңдеумен айналысатын «Дигам» ЖШС жұмыс істеп тұр. Биыл 686 млн. теңгенің 380 тонна балығы өңделді. Өңделген өнімдер Еуропалық Одақ елдеріне және Ресейге жіберіледі. Қала құраушы кәсіпорындардың бірі – Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорны аудан халқын жұмыспен қамтып отыр.
Аудан әкімінің айтуынша, Бұқтырма су қоймасының жағалауында 1074 демалыс үйі бар. Былтыр жеті демалыс базасы пайдалануға беріліп, жаңа жұмыс орындары құрылды. Ауданда бір маусымда демалушылар саны 10 мыңнан 12 мың адамға дейін өсті. Сарыбел ауылының Бұқтырма су қоймасының жағалауында туризмді дамыту жоспары әзірленген.
Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін арттыру мақсатында биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сарыбел ауылына кіреберіс үш шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Аудан тұрғындарының денсаулығы мен білім сапасы да басты назарда.