Емі жоқ дерттен екпе ғана құтқарады
Әлемнің жүзден астам елінде тіркелген құтыру дертінен жыл сайын 50 мың адам зардап шегеді.
Аталмыш дерт адамдар мен жануарлар арасында кездесетін аса қауіпті әрі ауыр індеттің бірі болып табылады. Бірінші кезекте орталық жүйке жүйесін зақымдайтын бұл ауру жұққан кезде жануардың жағдайы өзгеріп, агрессия және салдану белгілері байқалады.
Құтыру ауруымен күресу, қазіргі кезде әлем бойынша маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Құтыру әлемнің 113 елдерінде тіркелген және жыл сайын үй және жабайы жануарлармен байланыста болған 50 мың адамды зақымдайды. Құтырудың ерекше қаупі, ол қазіргі уақытқа дейін дамып келе жатқан ауру үрдісін емдеу үшін, тиімді дәрі-дәрмектер табылған жоқтың қасы.
Бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген әлемдік қоғамдастық 2007 жылы құтыруды бақылау бойынша Ғаламдық альянстың ұсынысымен Бүкіл әлемдік құтыруға қарсы күрес күнін өткізуді қолға алды. Атаулы датаны өткізу күніне ғалым, микробиолог, құтыруға қарсы екпені шығарушылардың бірі – Луи Пастердің дүние салған күнін таңдап алынды.
Аурудың табиғи тасмалдаушыларына түлкілер, қарсақтар, жанат тәрізді иттер, қасқырлар мен шиебөрілер жатады. Қоздырғыштың негізгі көзі және ауруды таратушы, адамдар мен жануарларға жұқтырушылар қараусыз және кезбе иттер болып табылады. Дерт адамдарды тістеп алған кезде ауру жануардың сілекейі арқылы жұғады. Ал аурудың инкубациялық кезеңі жеті күннен бір жылға дейін созылады.
Аурудың өлімі салданудың басталғанынан кейін 12-20 сағаттан кейін болады. Әдеттегідей, клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін, ауруларды құтқара алмайды.
Құтырудың алдын-алу және онымен күресуде – үй жануарларына міндетті түрде екпе жасау және жыртқыш жабайы жануарлардың шоғырланған жерлеріне құрамында дәрісі бар еттерді шашып, жануарларға жегізудің маңызы зор.
Қуаныш Сырманов, Сабира Алпысбаева «РВЗ» РМК қызметкерлері, ветеринария ғылымдарының кандидаттары