ВетеринарияТОП

Мал дәрігері қызметінің маңызы артады

Азамат Темірбеков

 Облыс бойынша соңғы екі жылда бруцеллез, яғни сарып дертінің 20-дан астам ошағы тіркелген. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.

Мал шаруашылығы – ерте заманнан келе жатқан ата кәсібіміз. Осынау мұра ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мал шаруашылығының табысты болуы сала мамандарының білім-біліктілігімен қатар, ветеринарлық қызметтің сапасына да тікелей байланысты екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ветеринария саласын жетілдіру жайына жиі назар аударады. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттердің нақты бөлінуі, мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты екенін айтқан ол мұның, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атады. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс, атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары қабылдануы қажет.

Бүгінде осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп отырған өңірдегі құзыретті органдар эпизоотиялық жағдайды қатаң бақылауға алған. Барлық іс-шаралардың аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға және емдеуге бағытталып, профилактикалық иммундаудың, аллергиялық және серологиялық зерттеулердің уақтылы жүргізіліп отыратынын хабарлаған ауыл шаруашылығы басқармасы жыл басынан бері облыста аса қауіпті жұқпалы аурулардың үш ошағы тіркелгенін атап өтті. Анықтап айтсақ, ауру ошақтарының екеуі құтырма ауруымен байланысты болса, біреуі вирустық диарея дерті болды. Дей тұрғанмен, қазіргі уақытта ауру ошақтарының екеуі сауықтырылып, біреуіндегі жұмыстар әлі де болса жалғасуда.

– Облыс аумағында төрт түлікке негізінен тән ауру – бруцеллез, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов. – Бүгінгі күні облыс бойынша бруцеллездің 22 ошағы тіркелсе, оның жетеуі – өткен жылдан бері келе жатқан ауру ошақтары. Қазіргі уақытқа дейін республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың күшімен 15 ошақ сауықтырылса, жетеуінде сауықтыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жалпы, облыстағы ауыл шаруашылығы жануарларына қарасан, жұқпалы диарея, сарып, дәрумен жетіспеушілігі, гипедерматоз, псороптоз, жылқының сақауы сияқты аурулар тән көрінеді. Сонымен қатар бірнеше жыл бұрын өңір шаруаларын әуре-сарсаңға салған аусыл ауруының да бой көрсетпегеніне үш жылдың жүзі болған. Бұған себеп – аталмыш дертке қарсы вакцинациялау жұмыстарының тұрақты жүргізілуі. Сондай-ақ облыста эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін құтыру, аусыл, пастереллез, сібір жарасы, эмфизиматозды карбункул, нодулярлы дерматит, жоғары патогенді құс тұмауы және энтеротоксемия сияқты сегіз аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы иммундау шаралары жүргізіледі. Анықтап айтсақ, сібір жарасы, құтыру, пастерелез, құс тұмауы, нодулярлы дерматитке бір рет, ал қарасан, аусыл ауруларына екі рет, яғни вакцинация және ревакцинация жүргізіледі. Бүгінде ветеринарлық препараттарға деген тапшылықтың жоқ екенін алға тартқан басқарма жыл соңына дейін препараттармен қамтамасыз ету жүз пайызға жететінін атап өтті.

Басқарманың жолдаған ақпаратына сүйенсек, биыл жыл басынан бері тексеруге жататын ірі қара малдың 97 пайызына жуығы тексеріліп, 1387 бастан ауру анықталған. Ал тексерілген ұсақ малдың 491 басында қауіпті дерттің бары белгілі болған. Оң нәтиже көрсеткен малдар Зайсан және Күршім аудандарында тіркеліп, ауру малдың көзі барлық ветеринарлық-санитарлық талаптарды сақтай отырып жойылған.

Төрт түлік жағдайының қалыпты болуына мал иесімен қатар ветеринар мамандардың да жауапты екені белгілі. Жалпы, бүгінгі күні облыс бойынша аталмыш салада 359 маман қызмет етіп жатыр. Басқарманың хабарлауынша, бүгінде аталған мамандардың тапшылығы тек Күршім ауданында ғана бар көрінеді. Дегенмен, осы салада білімі бар мамандарды ауданға тарту жұмыстары кеңінен қолға алынған.

– Ауылдық жерлерге тартылған ветеринар мамандарға «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында жергілікті әкімдіктер тарапынан көтерме жәрдемақы, қызметтік үй беріліп, тұрғын үй сатып алуға төмен пайыздық несие алуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар аталған бағдарлама арқылы ауылға келген ветеринар мамандарға берілетін көтерме жәрдемақының мөлшерін ұлғайту жөнінде Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс жолданды. Оған қоса, биылдан бастап ветеринария қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына түзету коэффиценттерін енгізу арқылы жалақыларын кезең-кезеңмен көтеру шаралары қолға алынды, – дейді Рамиль Сағандықов.

Оның айтуынша, жалақыны осылайша көтеру арқылы ветеринарлардың еңбекақысы 2024 жылға қарай екі есеге өспек. Бұдан бөлек, келесі жылдан бастап елімізде «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заңның қабылдануына байланысты коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындар мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мамандарының зиянды еңбек жағдайлары үшін лауазымдық жалақыларына 35 пайызға дейін қосымша төлем төлеу де енгізілмек. Сондай-ақ сауықтыру үшін екі лауазымдық жалақы мөлшерінде жәрдемақы төленетін болады.

Осы айдарда

Back to top button