Емханалардың жұмысына арыз-шағым неге көп?
Айна Ескенқызы
Облыс тұрғындарының алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары – емханалардың қызметінің сапасына шағымдануы екі есе артқан. Сондай-ақ өңір халқы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру мәртебесін алуға ниетті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында азаматтардан өткен жылы түскен арыз-өтініштердің қорытындысы шығарылды. ШҚО бойынша ӘМСҚ филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2022 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында бірыңғай медициналық ақпараттық Call-орталыққа 931 өтініш келіп түссе, оның 899-ы – шағым.
Жүргізілген талдау өтініштердің басым бөлігі “1406” нөміріне қоңырау шалу арқылы түскенін көрсетеді. Сондай-ақ қорға “Qoldau 24/7” мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен өтініштер де бар. Кері байланыс арналарының ішінде қордың ресми сайты fms.kz, Telegram-дағы @Saqtandyrýbot, Денсаулық сақтау министрлігінің блогы мен сайты халық арасында онша танымал емес екені байқалады.
– Өтініштерде көтерілген мәселелерге келсек, бірінші орында – денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге байланысты мәселелер, екінші орында – МСАК нысандарында ( медициналық-санитарлық алғашқы көмек) медициналық көмек көрсету сапасының нашарлығы не емханаларда медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі, үшінші орында – консультациялық-диагностикалық қызметтерді (КДҚ) ала алмау не оны ұзақ күту, төртінші орында – дәрілік заттарды беруден бас тарту, – деп атап өтті филиал директоры Нұрлан Қыдырбаев.
2021 жылмен салыстырғанда МСАК ұйымдарында сапасыз медициналық қызмет көрсету туралы шағымдар екі есеге жуық артқан. Ал ақылы негізде қызмет алуға шағымдар, керісінше, екі есе азайған.
– Өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – пациенттердің омбудсмені. Сондықтан адамдар медициналық көмек алу құқығы бұзылған жағдайда қорға қоңырау шалады, хабарлама жібереді. Пациенттердің шағымдарынан көргеніміздей, емханаларда бейінді мамандар болмаған жағдайда учаскелік терапевт пациентке басқа медициналық ұйымдарға жолдама беруден бас тартады екен. Не болмаса тұрғындар тексерулер мен консультацияларға ақылы негізде жіберіледі. Сондай-ақ облыс тұрғындарына медициналық қызмет сапасыз әрі кеш көрсетілгені, олардың бейінді дәрігерлердің консультацияларын ұзақ күтуге мәжбүр болғандары анықталды. Мейірбике қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасы, ТМККК-ге кіретін медициналық көмек алу үшін сақтанушы мәртебесін заңсыз талап еткені белгілі болды, – дейді Нұрлан Қыдырбаев.
Естеріңізге сала кетейік, әрбір шағым бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары жоспардан тыс мониторинг жүргізеді, оның қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда емдеу ұйымдарына айыппұл салынады.
Қордың мамандары емдеу ұйымы медициналық қызмет көрсетуден бас тартса, не медициналық қызметтердің сапасына наразылық болған жағдайда ресми жауап алу және медициналық ұйымға тиісті шаралар қолдану үшін шағымданушы жоғарыда көрсетілген байланыс арналары бойынша ресми өтінішті міндетті түрде қалдыру керектігін ескертеді. Әлеуметтік желілерде қалдырылған шағымдар ресми деп саналмағандықтан тексерілмейтінін де естен шығармау керек.