Емханаларға әлі тіркелмеген
Елімізде 15 қыркүйектен бастап тұрғылықты аумағы шегінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымын (МСАК) еркін таңдау бойынша жыл сайынғы науқан басталғаны белгілі. Тұрғындарға 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында қалаған емханасына тіркелуге мүмкіндік берілген.
Алайда қыркүйек айындағы жағдай бойынша облыста 27 мыңнан астам адам медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымына әлі тіркелмеген. Сол себепті біз емханаға қалай тіркелуге болатынын тағы бір еске сала кеткенді жөн көрдік.
Мамандар емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдаған тиімді екенін ескертеді. Бұл жағдайда емхана дәрігерлері қажет болғанда пациенттердің үйіне бара алады. Әсіресе, пандемия кезінде бұл мәселе өзінің маңыздылығын көрсетті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбілов емханаға бірнеше жолмен тіркелуге болатынын айтты.
-Электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы тіркелген кезде электронды цифрлық қолтаңбасы болуы шарт. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті өтсе, азаматқа тіркелгені туралы хабарлама медициналық ұйымның электронды цифрлық қолы қойылған электрондық құжат түрінде беріледі, – деп түсіндірді филиал директоры.
Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға барып, тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер; колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.
Кәмал Естай