Емхана үшін әр пациент маңызды
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Гүлмира Сағидуллина саланың жұмысын егжей-тегжейлі зерделеу, сондай-ақ халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша проблемалық мәселелерді анықтау және одан әрі шешу мақсатында медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының қызметімен танысу бойынша ауқымды жұмыстарды бастады.
Жақында ведомство басшысы №7 ОДА, амбулаториялық орталық және “Ем алу+” Б.Шаяхметов атындағы медициналық орталық және “МСЧ-2” ОДА сияқты бірнеше емханаға болды.
Басқарма басшысы емдеу мекемелерінде аурулардың алдын алу қызметтерінің (скринингтерді орындау, дәрігерге дейінгі кабинеттерді жарақтандыру және т.б.), акушерлік-гинекологиялық көмектің, дені сау бала кабинеттерінің, амбулаториялық хирургияның және коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі кабинеттердің жұмысына, сондай-ақ қызметтердің ревакцинация жөніндегі науқанға қатысуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету мен ұйымдастырудың негізгі мәселелері талқыланды. Гүлмира Габдулқызы МСАК қызметтерінің алдын алу жұмыстарын әлі де күшейту қажеттігін атап өтті.
-Алғашқы медициналық көмек – кез келген медицинаның негізі. Медициналық мекемелерде қант диабеті мен артериялық гипертензияның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізу қажет. Бастапқы деңгейде жүрек-қантамыр жүйесі және қант диабеті аурулары бар пациенттерді динамикада мұқият бақылау қажет. МСАК ұйымдары әрбір пациенттің соңынан жүгіруі тиіс, жалпы динамикалық бақылау түрлері бойынша бұл – алғашқы медициналық-әлеуметтік көмектің тікелей міндеті, — деп нақтылады Гүлмира Сағидуллина.
Емханаларды аралау барысында ведомство басшысы медициналық ұйымның пациенттерімен әңгімелесті. Сондай-ақ пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысы да назардан тыс қалған жоқ.
-Шағымдардың басым бөлігінің себебі медицина қызметкерлерінің нашар қарым-қатынасы болып табылады. Тіркеу орындарының, дәрігерге дейінгі кабинеттердің қызметкерлерін және барлық медицина қызметкерлерін пациенттермен коммуникативтік қарым-қатынас дағдыларына оқыту бойынша тұрақты жұмыс жүргізу қажет. Өйткені, өтініштер бойынша көптеген мәселелер мен проблемалар “осы жерде және дәл қазір” шешілуі мүмкін, ал пациенттердің жиі шағымдары медициналық ұйымның рейтингін төмендетеді, – деді басқарма басшысы Гүлмира Сағидуллина.
Бұған дейін Өскеменде жаңа емхана — отбасылық денсаулық орталығы өз жұмысын бастағанын жазған едік. Емхана аралас, мұнда ересектер де, балалар да, барлығы 10 мыңнан астам адам қабылданады. Жаңа емхананың ашылуы, әсіресе жақын маңдағы көше тұрғындары үшін көптен күткен оқиға болды.
-Біз үшін бұл өте ыңғайлы. Мен екі кішкентай баланың анасы ретінде айтсам, емхананың жақын жерде орналасқаны өте қолайлы болды. . Ешқайда барудың, автобус күтудің, такси жалдаудың қажеті жоқ, қазір жаяу бара саламыз. Тар мамандар да қабылдайды, екпе кабинеті де жұмыс істейтініне қуаныштымыз,-дейді өскемендік Арай Тұрарқызы.
Жаңа ғимаратта бірнеше функционалды аймақтар бар. Бұл – жалпы практика дәрігерлерінің балалар мен ересектерді қабылдауға арналған кабинеттері, емшара, егу және рентген кабинеттері. Акушерлік-гинекологиялық көмек кабинеті репродуктивтік жүйе ауруларының алдын алу, диагностикалау мақсатында ең заманауи техникалармен жабдықталған.
-Денсаулық сақтау қызметтері сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі -бұл қадамдық қолжетімділік. Бұл емхананың ашылуы оның маңайындағы көшелер мен шағын аудандардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Ал заманауи медициналық техникамен жабдықталуы пациенттерге медициналық тексеруден тиісті деңгейде өтуге мүмкіндік береді, – деген болатын нысанның ашылу салтанатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина.
Қала тұрғындарын жаңа филиалға тіркеу басталды. Емханаға тіркелу науқанын күтпей-ақ, “Өскемен қаласының № 1 емханасы” КМК-ға жүгінуге юолады. Әрі қарай, емхана мамандары учаскелік дәрігерге тіркелуге көмектеседі.
Айна Ескенқызы