ЕМЕЛТАУДАҒЫ ЕЛ КӨМЕК КҮТЕДІ
Интернет жоқ, ұялы байланыс жоқ, автобус қатынасы жоқ, «ауылдағыларға жеңілдік»деп беріліп жатқан несиені алуға кепілдікке қояр жақсы үй, жаңа техника жоқ, мұғалім жоқ. Жоқ, жоқ, жоқ. Облыстық басылымдар мұнда жарты ай дегенде әрең жетеді. Аудан орталығы Аягөзден 250 шақырым қашықта осылай өз-өзімен оқшауланып қалып отырған Емелтау ауылдық округін меңіреу мекен демеске лажымыз жоқ.
МАҢ ДАЛАДАҒЫ МЕҢІРЕУ МЕКЕН
500-ден астам адам мекен етіп отырған Емелтау ауылы Аягөз ауданының ең шетінде, аудан орталығынан 250 шақырым жерде, Қарағанды облысының іргесінде жатыр. Кеңестер Одағы кезінде қой шаруашылығын өркендетуге орай бастама көтеріп, Қазақстанда тұңғыш комсомол жастар бригадаларын құрып, мыңғыртып 36 мың қой, төрт мың жылқы айдап, аты республикаға жайылған «Шұбартау» совхозының орталығы осы Емелтау ауылы болған.
Емелтауға барып, бұл ауылдың қазір маң даладағы меңіреу мекен болып қалғанын көрдік. Мұнда интернет жоқ, ұялы байланыс жоқ, несие алуға кепілдікке қояр жақсы үй, жаңа техника жоқ, автобус қатынасы жоқ. Аудан орталығы Аягөзге баратын ел таксиге 2500 теңге, барып, қайтқанына 5000 теңге төлейді.
Өзге ел он, жиырма жылдан бері игілігін көріп жатқан өркениеттің, жаңа заманның бар жақсылығына жете алмай отырған Емелтау тұрғындары тіпті қарапайым ақпарат құралдары – мерзімдік баспасөзге, басылымдарға да дер уағында қол жеткізе алмай келеді.
«ДИДАР» ЖАРТЫ АЙДА ӘРЕҢ ЖЕТЕДІ
Ауыл тұрғындары жаздырып алатын газеттер алдымен Аягөзге әкелініп, одан соң көршілес ауыл -Мәдениетке жіберіліп, одан Емелтауға келіп жеткенше он күн, кейде жарты ай кететін көрінеді. Тұрғындар газеттерге жазылғанымен, жаңалықтарды оқиық деп қаражатын төлеген сол басылымдардың жарты ай дегенде әрең жететінін қынжыла айтты. «Қазпоштаның» құлықсыз қызметінен, жүйесіз жұмысынан Емелтау тұрғындары қаншама жылдан бері өздері жазылып келе жатқан «Дидар» газетінің де аптасына үш рет шығатын сандарын жарты айдан соң ғана оқи алып отыр. Тұрғындар осылайша, ХХІ ғасырда отырып облыстың, қоғамның өміріне, тынысына, тұрмысына қатысты тың, маңызды, қажетті ақпараттар мен мәселелерден сағаттап, тәуліктеп, апталап емес, айлап қалыс қалуда.
Емелтау ауылы заманауи байланыстың бәрінен қағажу қалып отырғанымен, өрісін тарылтпай, беткейін қайтадан төрт түлікке толтырып келе жатқанын көрдік. 1966 жылдан «Шұбартау» совхозында еңбек етіп, зейнетке шыққан осы ауылдың ардагері, қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрлан Қасыпбеков Емелтауда 20 ірі шаруа қожалығы мал өсіріп отырғанын, биыл тек қана жылқы бағатын тағы екі шаруа қожалығы құрылғанын, жырақта жатса да малды өңірдің тірлігі қайтадан қызып келе жатқанын айтты.
ФИЗИКА МЕН ОРЫС ТІЛІ ОҚЫТЫЛМАЙДЫ
Емелтауға барғанымызда Мәдениет үйіне жиналған ауыл тұрғындары интернет, ұялы байланыс, пошта мәселесімен қоса, мектепте маман жетіспеушілігі де неше жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқанын жеткізді. Қазір ауыл мектебінде 81 бала білім алып жатыр. Балаларының болашағына алаңдаған ата-аналардың кейбірі ауылдан көшіп те кетіпті. Байланыстың, интернеттің болмауынан емес, дәл осы мұғалім жетіспеушілігінен.
-Газетке жарияладық, жұмыспен қамту орталығына сұраныс бердік, конкурс жарияладық, соған қарамастан ауылымызға, мектебімізге қажетті маманның бірде-біреуі келген жоқ. Оқу жылы басталарда Аягөзде тұратын бір жас маманмен тілдесіп, қоңырау шалып, сөйлестім. Бірақ интернеттің, ұялы телефон байланысы жоқтығын естіген соң ол маман келем деп тұрған жерінен айнып қалды. Былтырғы жылы өзім Семейге барып ағылшын тілі, физика пәнінің мұғалімдері сияқты жас мамандармен деканатқа барып, көзбе-көз сөйлесіп, мектепке шақырдым. Оларды баспанамен қамтамасыз етуге жағдайымыз жететіндігі де айтылды. Ұялы байланыс, интернеттің жоқтығын естіп, бәрі де үзілді-кесілді бас тартты. Міне, биыл маманның болмауынан бір тоқсан бойы физика мен орыс тілі пәні оқытылған жоқ. Ал ағылшын пәнінен зейнеткер беріп жүр,- дейді ауылдағы орта мектептің директоры Анар Иманғалиева.
Физика мен орыс тілі пәнінің алдағы тоқсандарда оқытылатыны неғайбыл. Ата-аналар зейнеткер сабақ беретін ағылшын пәнінен, сырттай оқып жатқан маман беретін информатика пәнінен балаларының сапалы білім алып шығатынына да күмәнді. Әйтеуір, жоқтан бар.
ШАЛҒАЙДА ДЕП ШЕТҚАҚПАЙЛАТҚАНЫ ҚАЛАЙ?
Емелтау ауылындағы қоғамдық кеңестің төрағасы, зейнеткер-ардагер Нұрлан Қасыпбеков ауылдағы 11 жылдық мектептің ұстаздарға зәру болып отыруының басты себебі интернеттің, ұялы байланыстың жоқтығы деп біледі. Бірінің кесірі біріне тиіп, ақыры білім беру сапасының төмендеуіне, ауылға жас мамандардың тұрақтамауына, білікті мамандардың жетіспеушілігіне әкеліп соғып отыр.
-Шалғайда жатқан ауыл деп тұрғындарын шырылдата беру жөн бе? Қазір Аягөзден бері қарай Қазақтелекомның талшықты оптикалық байланыс желісі тартылып, Аягөзден кейінгі бірнеше ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет орнатылғалы жатыр. Әкімдіктен түкпірде орналасқан біздің Емелтауға ол желі тартылмайтынын естіп, біліп отырмыз. Сонда шалғайда деп шетқақпайлата бермек пе? Қайта мал бағып, өрісті толтырып жатқан шалғайдағы ауылға жасамай ма ол жақсылықты алдымен. Ауыл шаруашылығын, ет өндірісін өркендетеміз, мал шаруашылығына жастар барсын десек, мал баққан ауылға жағдай неге жасамасқа? Бұл жер шағын елді мекен емес, шаруа қожалығы емес, бір ауылдық округ, малды өңір. Осыны ұғатын, көретін, көмектесетін жан болса дейміз, жоғары жақтан, биліктен көмек күтеміз. Ауылдың жанында Тасқора, Шарық кен орындары жұмыс істеп тұр. Жастарымыздың біразы сонда еңбек етіп жүр. Ауылда жайылымдық, шабындық жер жетеді. Мал ұстауға қолайлы. Бұл жәйттің бәрі ауылымыздың болашағы барын, жағдай жасаса, халықтың тұрмысы, әл-ауқаты жақсарып, жастар тұрақтап қалатынын көрсетіп тұр. Қалаға барған жастардың бәрі бірдей жұмыс тауып алып жатқан жоқ, таксиші, күзетшілікке де разы болып, пәтер жалдап, тапқанын баспанасына беріп жатқанын бәріміз білеміз, – дейді жағдай жасаса Емелтаудың күні ертең қайтадан көркейіп, гүлденетініне кәміл сенетінін айтқан Нұрлан аға.
Емелтауға, Емелтау сияқты ауылдарға интернет, ұялы байланыс, бүгінгі өркениеттің өзге де игіліктері қашан барады? Онсыз ауыл шаруашылығын, ауылды дамыту, көркейту, ауыл халқын ұстап тұру мүмкін емес. Ауыл мен қаланың арасындағы жер мен көктей айырмашылық жойылмай жас маман қалай ауылға барсын, жастар қалай ауылда қалсын? Емелтаудағы елге жағдай жасалып, ауылда есеп үшін емес, ертең үшін қажетті істер атқарылса ғана бұл ауыл ел үміттеніп отырғандай қайтадан көркеймек.
Жанаргүл Мұқатай
Аягөз ауданы.