Емдеу мекемелерінде ауа температурасы төмендеген жоқ
Айна Ескенқызы
Риддердегі емдеу мекемелерінде температура тұрақты. Осы қаладағы денсаулық сақтау объектілерін жылумен жабдықтау мәселесі жергілікті ЖЭО-да болған төтенше жағдай кезінен бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының тұрақты бақылауында.
Қаладағы медициналық мекемелердің үздіксіз жұмыс істеуі үшін жылумен жабдықтаудың қосымша көзі ретінде бұрын электр қазандықтары орнатылғанын атап өткен жөн. Олар инфекциялық, педиатриялық, балалар және стационарлық бөлімшелерді, сондай-ақ аралас қабылдау бөлімшесінің ғимаратын, жетінші ауданның дәрігерлік амбулаториясын жылытуға мүмкіндік береді.
20 қаңтарда іссапармен барған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Гүлмира Сағидуллина қаланың барлық денсаулық сақтау нысандарында температуралық режимнің тұрақты екеніне көз жеткізді. Электр қазандықтарының жылу беру температурасы – 75 және 80 градус, яғни нормаға сәйкес келеді.
– Температуралық режим сағат сайын бақыланады, – деді аурухананың бас дәрігері Гүлнар Кітапбаева. – Электр жабдықтарын уақтылы орнатудың арқасында дәрігерлер штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Қазір палаталар мен ғимараттардағы ауа температурасы норма шегінде – 19-дан 22 градусқа дейін. Пациенттер медициналық көмекті толық көлемде алуда. Хирургиялық блоктарда операциялар жасалып жатыр, ал осы демалыс күндері перзентханада қаламыздың үш кішкентай тұрғыны дүниеге келді. Тағы екі нәресте аналарымен үйге шығуға дайындалуда.
Сапар барысында Гүлмира Сағидуллина барлық бөлімшелерді аралап, пациенттермен әңгімелесті.
Қазіргі уақытта стационарларда барлығы 110-нан астам пациент ем алуда. Емхана жұмысында да өзгерістер жоқ. Жалпы практика дәрігерлері, педиатрлар, бейінді мамандар науқастарды штаттық режимде қабылдап жатыр.
Сондай-ақ ведомство басшысы көпбейінді аурухана кешенінің құрылысын тексерді. Бүгінгі таңда емхананың бірінші корпусы төртінші қабатқа дейін салынған, екінші блоктың бірінші қабатын салу бойынша монтаждау жұмыстары басталды. Ас блогы мен кір жуу ғимараты үшін шұңқырлар қазылды.
– Бұл – қала үшін маңызды нысан. Хирургия, гинекология, травматология, ортопедия бөлімшелері, емхана, басқа да мамандандырылған бөлімшелер орналасқан ғимараттардың көбі өткен ғасырда, осыдан жетпіс жыл бұрын салынған. Риддерліктер жаңа нысанды асыға күтуде, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы 140 төсектік стационары және ауысымына 500 адам қабылдайтын емханасы бар көпбейінді аурухана кешенінің құрылысы басталған болатын. Заманауи ауруханаға қабылдау-диагностикалық, акушерлік-гинекологиялық (перзентхана), балалар соматикалық, травматология және ортопедия, хирургия, №1 терапия (гастроэнтерология, эндокринология), №2 терапия (неврология, инсульт, кардиология), реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, операциялық блок, клиникалық-диагностикалық зертхана орналастырылған зертханалық блок кіреді.