Денсаулық сақтау

Емдеу мекемелері орнымен оңтайландырылып келеді

2010 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласына Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілгені белгілі. Ол пациенттердің дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауын қамтамасыз етумен қатар, көп қаржы қажет ететін тәулік бойғы стационарлардың төсек қорын жыл сайын 5 пайызға қысқартуды көздейді.

Емдеу мекемелері орнымен оңтайландырылып келедіБұл бастапқы медициналық санитарлық көмек қызметкерлеріне аурудың алдын алу мен науқастардың жекелеген түрлерін амбулаториялық жағдайда емдеу міндеттерін жүктеп отыр. Науқастар стационарға нақты көрсетілім болған жағдайда алдын ала тексеріліп барып орналастырылса, ауыр жағдайдағы науқастар шұғыл түрде жатқызылады.

Ауданның медицина бірлестіктеріндегі төсек қорына 2010-2011 жылдары қысқарту жүргізілген жоқ. Өткен жылы терапия бөлімінің бір посты қысқартылып, балалар бөлімімен біріктірілген соматика бөлімшесі тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7-сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының штаттық нормативтерін және үлгілік штаттарын бекіту туралы» №238 бұйрығына сәйкес, штаттық бірлік қызметкердің жұмыс көлеміне, емделген науқас санына және төсек айналымына байланысты анықталады. Мәселен, өткен жылы №1 медицина бірлестігінің стационарлары арқылы 1487 адам емделіп шықты, десе де, бірлестік бойынша 75 төсектің 15-і пайдаланылған жоқ.

Биыл екі бірлестікте де төсек қорына қысқарту жүргізілетіндіктен, қысқартылған медицина қызметкерлері басқа жұмысқа ауыстырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Денсаулық сақтау мекемелерінің мемлекеттік нормативтік желісі туралы» №2131 қаулысы бойынша дәрігерлік амбулатория екі мыңнан 10 мыңға дейінгі тұрғыны, ауылдық аурухана бес мыңнан кем емес тұрғыны, ал медициналық пункт 50-ден 800-ге дейін тұрғыны болған жағдайда қызмет атқаруы тиіс. Соған орай Теректідегі ауылдық аурухана аймақтың географиялық ерекшеліктеріне байланысты және бар мамандарды сақтап қалу мақсатында толық штатымен қызмет атқаратын болады.

Қазір облыс әкімдігінің өткен жылғы №259 қаулысы негізінде ауданымыздағы №1 және №2 медициналық бірлестіктері біріктіріліп, Күршім аудандық орталық ауруханасы болып құрылуына байланысты құжаттар рәсімделуде. Алайда, емдеу мекемелерінің аты өзгергенімен, функционалдық міндеттері толық сақталады. Соған орай тұрғындарды емдеу мен алдын алу шараларын жүргізу, профилактикалық тексеру, елді мекендердің тұрғындарына кесте бойынша дәрігерлік қараулар жасау, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау және салауатты өмір салтын насихаттау медицина қызметкерлерінің негізгі міндеттері болып қала береді.

Марат Білейменов,
Күршім аудандық орталық ауруханасы
бас дәрігерінің міндетін атқарушы

Осы айдарда

Back to top button