Денсаулық сақтау

Емді ерте бастаған дұрыс

Емді ерте бастаған дұрыс


ХХ ғасырдың дерті аталып кеткен АИТВ жұқпасын жұқтырған бір адамды емдеуге мемлекет жылына 1,5-2 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсайды. Облыста айықпас жұқпаны жұқтырған 2300 науқас диспансерлік есепте тұр. АИТВ жұқпасын жұқтырған адамдарды емдеу терапиясы ағзаның иммунды жүйесін үнемі қадағалау, пайда болған басқа жұқпаларды емдеу мен жаңа ісіктердің пайда болуын бақылауда ұстау болып табылады. Көп жағдайда мұндай науқастарға психологиялық көмек пен әлеуметтік бейімдеу қажет. Бұл орайда әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың рөлі артқан.

Қатерлі дертке шалдыққандар арнайы ем қабылдауға келгенде екіге бөлінеді. Біреулері арнайы антиретровирусты (АРТ терапиясы) емнен үзілді-кесілді бас тартса, енді біреулері керісінше, диагнозын мойындап, айтқан ем-домды үздіксіз қабылдап жүреді. Әрқайсысының өз «шындығы» бар.

Қанша өмір сүретінімді білмеймін

Светлананың әңгімесі өзі сияқты жандардан көп ерекшеленбейді. Өзінің айтуынша, қауіпті жұқпаны жұқтырғанын кездейсоқ білген. Бұл шамамен 2001 жыл еді.Бірге тұрып жатқан жігіті істі болып, түрмеге түскен кезде алдымен соның қанынан анықталады, кейін Светлананы тексергенде, келіншектің де АИТВ жұқпасын жұқтырғаны белгілі болған. Диспансерлік есепте тұрғанымен, ешқандай арнайы емді қабылдамайды.

– Маған препараттардың кері әсерлері көп болды. Қатты қиналғанымды көрген күйеуім де, анам да содан кейін «дәрі іш» дегенді ауыздарына алып көрген жоқ. Бір қызығы, мен өзімді жақсы сезінем. Еш жерім ауырмайды. Қан талдаулары да бірде дұрыс, бірде вирустың мөлшерден көп екенін көрсетеді. Баламды туғаннан кейін дәрігерлердің кеңесімен оны мүлде емізген жоқпын. Соның нәтижесінде ұлыма қауіпті дерт жұққан жоқ. Егердәрігерлер дұрыс препарат таңдап берсе, емделуден бас тартпас едім, – дейді біздің кейіпкеріміз.

Облыстық ЖИТС алдын алу және күрес орталығының бас дәрігері Марина Жеголконың түсіндіруінше, көп жағдайда, егер науқас үнемі дәрігердің бақылауында жүрсе, оған терапия өзін жақсы сезініп жүрген кезде, сырқаттың ешқандай клиникалық белгілері болмай тұрып тағайындалады. Қан талдаулары емді бастау керектігін көрсетеді, бірақ пациент Светлана сияқты ағзасынан еш өзгеріс байқамауы да мүмкін.

– Ем қабылдаудан бас тартатындардың тағы бір бөлігі диагнозға мүлде сенбейді. Бір нәрсені айту керек, АИТВ жұқпасы ойдан шығарылған нәрсе емес және оны түбегейлі жазбасақ та, ауыздықтауға, адамның ағзасына кесірін тигізбейтіндей деңгейде ұстауға болады. Егер жұқпаны жұқтырған адам АРТ терапиясын қабылдаса, басқаларға жұқтырудың мүмкіндігі 50 пайызға төмендейді, ал егер дәрігердің барлық нұсқауын орындаса, ол науқастың басқаларға қауіптілігі 1-2 пайыздан аспас еді, – дейді бас дәрігер.

Қоғамға пайда тигізгім келді

Андрей Чернышовтың жолы болды деуге болады, жалпы, егер мұндай жағдайда бұл сөз тіркесі орынды болса. Қазір ол – АИТВ жұқпасын жұқтырғандарға қолдау көрсететін «Қуат» үкіметтік ұйымының жетекшісі. АИТВ жұқпасын жұқтырғанын 2005 жылы анықтағанымен, 2008 жылы «Қуаттың» сол кездегі жетекшісі Нұрлан Саировты кездестіргенше Андрей де ешқандай ем қабылдамаған.

– Шындығында, менімен ешкім жұмыс істеген жоқ. Осыдан он жыл бұрын дәрігерлердің өздері де көп нәрсені ұғып, түсіне бермеген сияқты. Нұрлан мені үкіметтік емес ұйымға келіп, жұмыстарымен танысуға шақырды. Оған дейін осы жұқпа туралы ақпаратты өз бетіммен жинауға мәжбүр болып жүрген мағанқоғамдық белсенділердің жүргізген тренингі ұнады. Келе-келе сол жердің жұмысына аздап араласа бастадым. Уақыт өте келе «менің орным осында, осы жерде менің қоғамға тигізер пайдам көбірек» деген байламға келіп, біржола қалдым. Мамандығым– заңгер. Қазір ұйымның жетекшісімін. Біз клиенттерімізге психологиялық-моральдық тұрғыдан да көп көмек беремі, – дейді Андрей Николаевич.

Андрей Николаевич өздеріне келіп жүрген ерекше статусы бар жандарды «біздің клиенттер» деп қана атайды. Клиенттермен жұмыстағы қиындықтардың бірі – жұқпаны жұқтырған адамның бұрынғы ортасын, кімге жұқтыруы мүмкін екенін анықтау екен.

– Жұқпаның таралу жолдарының бірі – жыныстық жол. Осы тұста клиенттің бұрынғы серіктестерін табу оңайға түспейді. Егер жария етуден бас тартса, біз де ештеңе істей алмаймыз. Бірақ есімін жасырған адамның басқаларға зиян тигізуі мүмкін екенін айтып, барынша түсіндіруге тырысамыз. Өзі айта алмаса, біз айтып, қолдау көрсетуге тырысамыз, – деп бөлісті ұйымның жетекшісі.

Андрей Чернышов клиенттерді қатерлі жұқпадан емдеудің сапасы туралы да төмендегідей өз ойлары бар.

Емді ерте бастаған дұрыс

– Біріншіден, елімізде негізінен бұрын шығарылған, күніне бірнеше рет ішу керек препараттар сатылып алынады. Өзіңіз ойлап көріңіз, егер адам жұмыс істейтін болса, оған өмір бойы үш уақыт ұмытпай дәрісін ішу оңай емес. Жұмысқа апарып жүру де ыңғайсыздық тудырады, қасындағылар байқап қалуы мүмкін. Қазір тәулігіне бір-ақ рет ішетін жаңа препараттар шығып жатыр. Өкініштісі, бізде бір-екі түрі ғана сатып алынған. Екіншіден, тәулігіне бірнеше рет ішетін препараттардың жанама әсерлері де көп. Клиенттеріміз көбінде «жүрегіміз айниды» деп шағынады. Бірақ емді неғұрлым ерте бастаса, оның жанама әсерлері де аз болады. Біз оларға осыны түсіндіруге тырысамыз. Үшіншіден, жұқпаны жұқтырғандардың барлығының жаппай емделуіне қалай қол жеткізуге болады? Менің есімде, алғашқы жылдары есепте тұрғандарға басында біраз уақыт жай ғана дәрумендер беретін. Бұл адамның бойында дәріні күніне үш рет, уақтылы қабылдау дағдысын қалыптастыруға көмектеседі.Алайда, қазір қаржыландыру бұрынғыдан қысқарғандықтан, бұл тәсіл қолданылмайды.Клиенттерімізге «шыдау керек!» деп қана кеңес бере аламыз.Тіпті болмай жатса, дәрігерге барып,кеңесу керек. Олар кестені өзгертіп, не болмаса басқа препаратқа алмастырып, қалай болса да бір көмегін жасайды, – деп тарқатып айтып берді Андрей Чернышов.

Андрей Николаевичтің зайыбы жұқпаны жұқтырмаған, соған қарамастан осы қоғамдық ұйымда жұмыс істейді. Ұлдары жуықта үйленіпті. Андрей Николаевичтің өзі де спортпен айналысады, салауатты өмір салтын сақтауды жөн көреді. Чернышовтың отбасының өмірі АИТВ жұқпасы ешқандай да қатал үкім емес екенін, жұқпамен де өмір сүріп үйренуге болатынының жарқын көрінісі.

Облыстық ЖИТС алдын алу және күрес орталығының инфекционист дәрігері Лариса Алексееваның қабылдауына күніне оншақты адам келеді. Ішінде диспансерлік есепте тұрғандары, тіпті жүкті әйелдер де бар.

– Әрқайсысымен әртүрлі жұмыс істеуге тура келеді. Еркелетіп, бастарын сипауға да, кейде керісінше, қатал болуға да мәжбүрміз. Егер препараттардың сапасына келетін болсақ, бұл жерде мынаны ескерген жөн: біз тек Қазақстанда тіркелген препараттармен ғана жұмыс істейміз, қандай дәріні сатып алса, соны тағайындаймыз. Кез келген дәріні, тіпті аспирин мен жөтелге қарсы қарапайым дәрілерді алсақ та, олардың да кері әсерлері бар, барлығына бірдей тиімді әсер етеді деуге келмейді. Біздің кестедегі препараттарды Ресейде де, басқа елдерде де қолданады. Ішінде өте қымбат, тәулігіне бір рет қана ішетін, бір капсуласында үш түрлі дәрі барпрепараттар да бар. Егер бір дәрі жақпай жатса, бізге келіп, ескертсе, біз басқа препаратты таңдап беруге тырысамыз. Емделушіге емдеу кестесі жеке-жеке тағайындалады, – деп түсіндірді дәрігер.
«Тестілеуден өткіз де, емде»

Орталықтың бас дәрігері Марина Жеголко АИТВ жұқпасының алдын алу мақсатында 2019 жылдан бастап елімізде осындай бастама енгізілетінін жеткізді. Келесі жылдан бастап тұрғындарды тестілеуден өткізудің шекарасын барынша кеңейту жоспарланған. Жалпы тестің қорытындысы бойынша ешқашан диагноз қойылмайды. Егер тест жолақтары қатерлі вирустың бар екенін көрсетсе, онда тапсырған адамның қаны міндетті түрде ары қарай зертханалық тексерулерден өткізілуге тиіс.

– 2019 жылдан бастап тексерілгендердің арасында тест жолақтары вирусты көрсеткен, біздің пациентіміз болуы ықтимал деген тұрғындардың барлығы үшін препараттар сатып алынады. АИТВ жұқпасын жұқтырғандарды жаппай емдеу де жұқпаның алдын алу болып саналады. Егер үш препаратпен тиімді емделсе, оның қанындағы вирустардың мөлшері анықталмайтын деңгейге түседі де, басқа адамдарға жұқтыру қаупі төмендейді, – деп толықтырды Марина Жеголко.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button