Президент тапсырмасы

Елордалық дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісті

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

 Мемлекет басшысы «Медицина саласының негізгі міндеті – өмір сүру ұзақтығын арттыру, азаматтарымыздың денсаулығын жақсарту. Онкологиялық қызметті кешенді түрде жаңғыртамыз. Азаматтарымыз шетелдік клиникаларға амалсыз барып емделіп жүрген медицина түрлеріне ерекше назар аударылады. Бұл – Әділетті Қазақстанның маңызды басымдығының бірі» деген болатын сайлауалды бағдарламасында. Соның дәлелі ретінде облыста соңғы аптада бірнеше жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді.

Ел Президенті іс басқармасы медициналық орталығының Шығыс Қазақстандағы күндері өңіріміздің екі үлкен медициналық орталығындағы шеберлік оқуларынан басталды. Облыстық ауруханада белгілі нейрохирург және ПІБ медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары Мыңжылқы Бердіходжаев шеберлік сынып аясында ортаңғы ми артериясында аневризмасы бар науқасқа интракраниальды стент орнату бойынша операция жасап, көрсетті.

56 жастағы науқас былтыр маусым айында жедел геморрагиялық инсультпен ауруханаға түсіп, оған ота жасалған болатын. Сол жолы аневризма эмболизацияланды. Бірақ соңғы зерттеулерде оның біршама өскені байқалған.

– Бүгін біз ортаңғы ми артериясындағы аневризма аймағына арнайы стент орнаттық. Ол қанның аневризма қапшығына құйылуын бөгейді. Аневризма ұйып қалады да, оның жарылу қаупі жойылады. Бірнеше күннен кейін науқас үйіне қайтады деп үміттенеміз, – деп бөлісті Мыңжылқы Бердіходжаев.

Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта интракраниальды аневризмаларды емдеуде стенттерді қолдану немесе ми тамырларының аневризмасы кезінде интракраниальды стентті имплантациялау әдістері көрсетілді. Бұл жерде үш облыс тұрғынына Мыңжылқы Бердіходжаевтың өзі ота жасады. Оған облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың нейрохирургтері Мұхтар Қорабаев, Дмитрий Недбайло, ангиохирург Жасұлан Бегалинов көмектесті, ал резиденттер – болашақ нейрохирургтер жаңа білім алды.

Мысалы, миында үлкен аневризмасы бар 49 жастағы тұрғынға интракраниальды стент орнатылды. Тағы бір науқастың өмірі былтырдан бері қыл үстінде тұрған еді, аневризма кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін. Енді астаналық нейрохирургтер қолданған технологияның арқасында бірнеше күннен кейін ол толыққанды өмірге оралатынына үмітті. Ал үшінші пациент есін жоғалтпағандықтан, оған жергілікті анестезиямен операция жасалды. Науқастың денсаулығында басқа да кінәраттар болғандықтан оған жалпы наркоз салу қауіпті болды. Мамандардың айтуынша, барлық операциялар сәтті өтті.

– Біз осы медициналық орталықтың дәрігерлерімен бірнеше жылдан бері жұмыс істейміз. Облыстық аурухана мен осы мамандандырылған медициналық орталықтың ишемиялық инсультті емдеуде тәжірибесі республика бойынша ең мол. Ишемиялық инсультке оталар жоғары деңгейде жүргізіледі. Осы жағынан алғанда біздің жергілікті дәрігерлерден үйренеріміз көп. Мұндай тәжірибемен алмасу жергілікті дәрігерлерге жаңа мүмкіндіктер ашады, ал пациенттер үшін медициналық көмектің заманауи түрлері қолжетімді болады, – деді Мыңжылқы Бердіходжаев.

– Біз осы әдістемені күрделі аневризмаларды емдеу үшін кеңінен қолдануды жоспарлап отырмыз. Ол үшін бізде қажеттінің бәрі бар, – дейді облыс дәрігерлері.

Естеріңізге салсақ, өңірімізге елордалық Президент істерін басқару медициналық орталығының жетекші мамандарынан тұратын үлкен делегация келген. ПІБ медициналық орталығы ауруханасының, орталық клиникалық аурухананың мамандары және облыс халқына практикалық, консультациялық-әдістемелік көмек көрсететін басқа да мамандар 18-21 сәуірде өңірдің біраз емдеу мекемелерінде – облыстық ауруханада, №4 қалалық ауруханада, облыстық мамандандырылған медициналық орталықта, көпсалалы онкология және хирургия орталығында, Ана мен бала орталығында нейрохирург, аритмолог, пульмонолог, оториноларинголог, кардиолог дәрігерлер үшін практикалық сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізеді.

Сәулелік терапияның соны әдісі 

Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының радиациялық онкология бөлімшесі жоғары технологиялық жабдықтармен жарақталып, сәулелік терапияны жүргізудің стандарттарына сәйкестендірілген. Сонымен қатар мамандар өз білімдерін жетілдіріп отырады және тәжірибелерінде емдеу мен диагностиканың соны әдістерін қолданады.

Облыстық онкология орталығында сәулелік терапияның пациенттің тыныс алуымен синхрондалған жоғары технологиялық әдісі енгізілді. Жаңа технологияны жергілікті онкодәрігерлер «Электа Versa HD» сызықтық электрлі үдеткіште сынап көрді. Операциядан кейінгі сәулелік терапия курсының бір бөлігі ретінде осы әдіспен емделген науқас қазір үйіне қайтарылды.

– Сүт безі қатерлі ісігінің екінші сатысына шалдыққан әйелге бұрын ота жасалған болатын. Ол операциядан кейінгі сәулелік терапия курсын тыныс алумен синхрондалған әдіс бойынша үдеткіште өтті. Пациент емді жақсы көтеріп, жағдайы жақсарды. Сәулелік реакция мен асқыну байқалмады, жүрек-тамыр жүйесі тарапынан да шағым болған жоқ, – деді онкологиялық орталықта.

Тыныс алуды бақылайтын сәулелік терапия – терең тыныс алуды қажет ететін әдіс. Бұл әдіс тыныс алу кезінде қозғалатын ісіктерде, мысалы, өкпенің, бауырдың және сүт безінің қатерлі ісіктерінде қолданылады.

– Емдеудің бұл түрі сәуленің сау тіндер мен маңызды мүшелерге әсерін азайтады. Процедура барысында пациент флюорографиядан өткен кездегідей терең дем алады, шамамен 15 секунд дем алмай, сосын қайта дем шығарады, – деп түсіндірді облыстық онкология орталығы радиациялық онкология бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Темірханова.

Медициналық физика бөлімінің басшысы Гаухар Андыбаеваның айтуынша, тыныс алу техникасының арқасында кеуде қуысы көтеріліп, сүт безі мен жүрек бір-бірінен алыстайды. Соның нәтижесінде жүрекке сәуленің түсуі азаяды, өйткені сәуле демді ұстап тұрған кезде ғана жіберіледі. Бұл сәуледен болуы мүмкін жүрек ауруларынан сақтануға көмектеседі.

Риддерлік науқас радиология бөлімшесінің барлық ұжымына ризалығын білдірді.

Онкологиялық аурулар әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесіне кіргендіктен онкопациенттер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық көмекті тегін алады. Науқастың МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесінің болуы, медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдарды төлеуі міндетті емес.

«Жасыл дәліздің» жақсылығы мол

Қатерлі ісікті емдеуге болады. Алайда заманауи емдеу әдістерінің барлығы дерттің алғашқы сатысында тамаша нәтиже береді. Сол себепті онкологиялық ісіктерді неғұрлым ерте анықтау маңызды.

Мемлекет басшысының онкологиялық қызметті кешенді түрде жаңғырту тапсырмасына орай елімізде қатерлі ісіктерге күдікті пациенттерді тексеру мерзімін қысқартатын «Жасыл дәліз» жобасы енгізілген. Бұл жаңашылдықтың басты тиімділігі – жергілікті емханаларға анамнез және сараптама алу үшін бар болғаны үш күн беріледі, оған талдаулар мен рентгендік зерттеулерді жинау шаралары да кіреді. Содан кейін науқас аудандық онкологке жіберіледі, ол он күн бойы қосымша зерттеу жүргізеді, қажет болса, науқас КТ және МРТ зерттеулерінен өтеді.

– Науқастарға МРТ және КТ зерттеулері тегін жүргізіледі, жолдаманы өз емханасынан алуы керек. Бұл зерттеулер «Жасыл дәліз» аясында кезектен тыс жүргізіледі. Науқастың мұны білуі және оны талап етуі маңызды. Осыдан кейін облыс тұрғыны онкологиялық орталыққа жіберіледі. Онда мамандар гистологиялық сынама алады және тереңдетілген зерттеулер жүргізеді. 15 күннен кейін қандай ем-дом қолдану керектігі белгілі болады, – деп атап өтті облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы консультативтік және диагностикалық бөлімінің жетекшісі Нарғыз Дәулетбекова.

 

 

Осы айдарда

Back to top button