Тұңғыш Президент

Еліміздегі алғашқы Назарбаевтану орталығы Өскеменде ашылды

Еліміздегі алғашқы Назарбаевтану орталығы Өскеменде ашылды

Кеше Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында Тұңғыш Президент күніне орай Назарбаевтану ғылыми-білім беру орталығы ашылды. Елімізде тұңғыш құрылып отырған орталықтың ашылу салтанатына облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.

Сондай-ақ, орталықтың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының директоры Алма Сағынғали, қоғам қайраткерлері Шалатай Мырзахметов пен Сиязбек Мұқашев, Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Ибраев арнайы келіп, шығысқазақстандықтарды құттықтады.

Осы жерде Тұңғыш Президент көрмесінің «Тарихи таңдау» тақырыбындағы көрмесі қойылды. Оған Елбасының екі жүзден астам еңбектері, жеке заттары, Мәскеуде қорғаған докторлық диссертациясының көшірмесі, инаугурацияда киген киімдері, Елбасының өз қолымен жазған құжаттары, наградалары және де түрлі фотосуреттер мен бейнефильмдер орналасқан. Облысымыздың 80-ші жылдардан бастап Тұңғыш Президентке жасаған сыйлықтары да келушілердің назарынан тыс қалмайтыны анық. Бұл экспозиция бір айдай тұрып, кейін жәдігерлер жаңартылады.
– Мұндай бірегей орталықтың Шығыс өңірінде ашылуы – еліміз үшін елеулі оқиға. Бұл орталық Елбасының мемлекет құрудағы айрықша рөлін, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңін насихаттауды, оның халықаралық және тарихи маңызын арттыруды мақсат тұтатын болады. Ал көшпелі көрменің міндеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қызметі арқылы Қазақстанның қол жеткізген табыстарын көрсету болып табылады. Жеке мұрағаттан алынған құжаттар мен фотосуреттер тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының, сыртқы саясатының негізгі бағыттарын ашады, – деді Тұңғыш Президент мұражайының директоры Алма Сағынғали.

Бұл орталықта шығысқазақстандық ғалымдар, жергілікті университет оқытушылары мен студенттері, «Қазақстан жолы» бағдарламасын жүзеге асырушылар, ізденушілер ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады. Мұнда, сонымен қатар, мектеп оқушылары және өзге де қызығушылық танытқан адамдар келе алады. Орталықта түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер және өзге де іс-шаралар өткізілетін болады.

Атап өтерлік жайт, бұл – Қазақстанда ашылып отырған алғашқы «Назарбаевтану» орталығы. Тек осы жылдың маусым айында Оңтүстік Қазақстанда Елбасымызға арналған кабинет ашылған болатын.

– Орталықтың басты мақсаттарының бірі – мемлекеттік билік пен білім беру, мәдени және әлеуметтік мекемелерінің, азаматтық қоғам институттарының серіктестігін жолға қою, – дейді орталық жетекшісі Арайлым Темірбекова.

Осы күні аталмыш білім ордасының қабырғасында Тұңғыш Президент күнін мерекелеуге арналған бірқатар өзге де маңызды іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ, «Біз қуатты Қазақстан үшін Елбасымен біргеміз» атты университет ғылыми кітапханасының көрмесі, «G-Global» интернет платформасы аясында республикалық және шетелдік жоғары оқу орындарының қосылуы арқылы «Жетінші Астана экономикалық форумының» және «Екінші бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның» жобалары талқыланған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

«Назарбаевтану» орталығының ашылуына арнайы келген мәртебелі меймандар университеттегі Елбасының тапсырмасы бойынша негізі былтыр қаланған біліктілікті бекіту орталығының және де биыл ашылған «Алтайтану» орталығының жұмыстарымен жан-жақты танысты. Қонақтар, әсіресе, Берел қорғанынан табылған жылқының қалпына келтірілген көшірме-макетіне ерекше қызығушылық білдірді. Аймақ басшысы бұл орталық Ұлан ауданы аумағында орналасқан бірегей «Ақбауыр» астрономиялық кешенін зерттеумен шұғылданып жатқанын да атап көрсетті.
«Алтайтану» орталығы қазір Ресейдің Алтай өңірі, Моңғолия, Қытай және өзге де мемлекеттердегі әріптестерімен жұмыс істеп жатыр. Олар онлайн режимінде бір-бірімен пікір алмасып тұрады. Осы оқу жылынан бастап университет студенттері алтайтану пәнін оқуда.

Елбасымыз «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру қажет екенін атап өтті. Осы маңызды міндетті іске асыру мақсатымен Білім және ғылым министрлігі өңірлерде біліктілікті бекіту орталықтарын ашуды жоспарға енгізді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті елімізде бірінші болып осы орталықты ашты. Ол заманауи оқу, диагностикалық, компьютерлік және интерактивті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Бұдан кейін оқу орнында еліміздегі президенттік институтының дамуына арналған «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ – халыққа арналған ғұмыр» аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясының пленарлық мәжілісі салтанатты түрде ашылды. Оның алдында конференцияға қатысушылар «Назарбаев Live» деректі фильмін тамашалады. Іс-шара соңы Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік концертке ұласты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button