Елімізде кәсіпкерлерді тексеру электронды түрде жоспарланбақ
Бас прокуратура жыл соңына дейін елдегі жоспарлы тексерулерді тағайындауды автоматтандыруды көздеп отыр. Аталмыш механизм шағын және орта бизнес нысанын тексеруді жоспарлаудағы адами факторды алып тастауға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетсек, 11 қазан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Бизнестің жол картасы-2020» бағңдарламасының іске асырылу тиімділігін сынға алған болатын. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Сонымен бірге оны жүзеге асыруға қатысты шағымдар да көбейіп отыр. Бизнесті қорғаудың Президенттік сайтына өткен жылғы 9 айда – 870, ал биыл 940 шағым түсіп үлгерді», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Елбасы Бас прокурорға тексеру шараларын қысқарту бойынша ұсыныс әзірлеуді, сондай-ақ заңсыз тексеру бастамашыларын жазалауды тапсырған болатын.
Журда Астанада өткен брифингте бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарлы тексерулерді автоматты тағайындаудың жүйесі енгізілетінін мәлiмдедi.
«Жалпы алғанда прокуратура бизнесті қорғауға бағытталған кешенді шараны қолға алған. Ең алдымен, кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің алдын алу керек. Жыл соңына дейін «Тексеруді электронды жоспарлау» мен «Тексеруді электронды тіркеу» секілді екі жобаны іске қоспақпыз. Яғни, ең бастысы адами фактор болмайды. Электронды жүйе тексеру жүргізілетін кәсіпкерлік субъектісін өзі жоспарлайды. Бұл жүйе нысанды заң талабына сай таңдайды. Тексерушi органдар тарапынан биыл жүргізілген тексерулердiң 2 мыңын бiз заңсыз деп таныдық. Екіншіден, тексеру қорытындысы қолжетімді болады. Яғни, егер тексеру жүргізілсе, жұмысқа қатысты акті және басқа да құжаттар кәсіпкерге ғана емес, басқа да бақылаушыларға да қолжетімді болуы тиіс» дейді бас прокурордың орынбасары.
Оның айтуына қарағанда, бұл жобалар қадағалау және бақылау органдарының тексеруді жоспарлау мен оның нәтижесіне қатысты қызметін барынша айқын етпек. Кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғау үшін 2009 жылдан бері әрбір облыстық, қалалық, аудандық прокуратура жанында ұтқыр топтар құрылған. Олар заңсыз тексеру туралы дабыл түскен жағдайда тез арада кәсіпкерге барып, жағдайды анықтап, тиісті шаралар қабылдайды. Жылдан-жылға оларға шағымданушылар саны артып келеді. Айталық, былтыр ұтқыр топтарға 300, ал үстіміздегі жылы 800 хабарлама түскен.
Шығыс-Ақпарат