Экология

Еліміз де, жеріміз де сауығып келеді

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тарихи Жарлығымен Семей сынақ полигонының жабылғанына 21 жыл толып отыр. Бүгінгі күндері сынақ полигонынан зардап шеккен тұрғындарды медициналық сауықтыру жұмыстары жалғасын табуда. Жақында Семей қаласында тұрғындарды радиация қорқынышы мен әсерінен арылту жөнінде «Радиацияның тұрғындардың денсаулығына, ұрпақ әкелу мүмкіндігіне әсері» деген тақырыпта семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Еліміз де, жеріміз де сауығып келедіТренингке Мәскеу қаласының жанындағы Обнинск атом энергетикасы институтының профессоры, психолог Татьяна Мельницкая және Ресей жаратылыстану академиясының академигі, профессор, медицина ғылымының докторы Людмила Крикунова келіп, арнайы дәрістер өткізді.

– Радиациялық қорқыныш мәселесіне келсек, көбіне байыбына бармай жатып, үрейлену басым, – деді Татьяна Мельницкая, – бізбен бүгінгі таңда Украина мен Беларусь осы тақырыпта бірлесе жұмыс атқаруда. Мәселен, Чернобыльдегі немесе Фукусимадағы жағдайды алып қарасақ, бұл аяқ астынан болған оқиғалар. Әлемде мұндай жағдайлардың орын алуынан ешкім де сақтана алмайды. Яғни, сол жердегі халық мүлде шошынып қалғандықтан, оларды психологиялық тұрғыдан сауықтыру қажет.

– Ал Семей полигонының жабылғанына 21 жыл өтті, – деді бұл пікірді жалғаған Людмила Крикунова, – радиация құрамындағы радионуклидтерді алып қарасақ, йод 8 тәулікте, ал цезий 30, плутоний 2, стронций 28, иттрий 30 жылда жартылай ыдырайды. Елдеріңіз де, жерлеріңіз де сауығып келеді. Оның үстіне жарылыстар орын алған сәтте радиация жер астына сіңірілуі көзделген. Сондықтан жер бетінде өскен шөптер мен өсімдік құрамында ешқандай радиация жоқ. Халық салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануы, спортпен айналысуы қажет.

Шынында да бүгінгі таңда Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Курчатовтағы академик Қайрат Қадыржанов бастаған Ұлттық ядролық орталық ғалымдарына Семей полигонының ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді қайтаруды тапсырған болатын. Тіпті, полигон түбінде орналасса да ауылдарын көркейтіп отырған Қайнар, Саржал елді мекендері бүгінде радиациядан зардап тартып отырмыз дегеннен гөрі, жол нашарлығы, ауызсу, жұмыссыздық, балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік проблемаларды алға тартуда. Егер осындай мәселелер шешілсе, халыққа үлкен көмек болары сөзсіз. Мал өсіріп, еңбек етіп отырған ауыл тұрғындарының осындай проблемаларын басты назарға алған жөн сияқты.

– Егер бойжеткен қыздар белі ашық, кеудесі ашық киімдер киіп, суық тигізсе немесе жасанды түсік жасатса, ал жігіттеріміз темекі тартып, арақ ішіп, денсаулықтарын құртса, бұл үшін радиацияны кінәлаудың қанша қажеті бар?! – дейді Татьяна Мельницкая.

Егер адам менің алатын асуларым бар, өз денсаулығым өз қолымда деп нық сеніммен айтса, оның мақсаты орындалады. Оның үстіне ауа тазалығы, орманның оталмауы, өзендердің ластанбауы, медициналық көмектің дер кезінде болуы, міне, осылардың барлығы да адамзат үшін аса маңызды. Яғни, бұл жерде радиацияның қатысы да жоқ болып тұр.

Сондықтан Семей полигонынан зардап шеккен тұрғындарға ең алдымен салауатты өмір салтын насихаттап, оларды психологиялық қорқыныштан арылтуымыз қажет деген пікір айтты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілі Александр Косухин.

Тренингте сондай-ақ, Семей медицина университетіндегі гинекология кафедрасының ассистенті Сәуле Қабылова өңірдегі ана мен бала денсаулығы мәселесі туралы дәріс оқыды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button