Ауыл шаруашылығы

Элеватор салып жатыр

 Глубокое ауданындағы «Убинка ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығы саласында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компания дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды өсірумен, олардың тұқымын дайындаумен, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысып келеді.

Бүгінгі күні шаруашылықтың бес мың гектарға таяу жері бар. Егіс алқаптарында дәнді дақылдың бидай, арпа, рапс, күнбағыс, қарақұмық сияқты түрлері өсіріледі.

– Сыра қайнатуға арналған арпаны Алматы облысының Текелі қаласында орналасқан француздық уыт өндірісі зауытына сатамыз. Олар арпадан сыра уытын жасайды. Сонымен қатар еліміз үшін дақылдың жаңа түрі – рапсты өсіреміз, – дейді «Убинка ХХІ» ЖШС-нің басшысы Серікбек Садықов.

Шаруа қожалығы заманауи әрі сапалы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға басымдық беріп келеді. Ашылғаннан бері жыл сайын техника паркі екі-үш дана техникамен толықтырылып отырады. Мысалы, биыл қожалыққа жаңа бүріккіш машина сатып алынған. Көптеген өндірушілердің өнімдеріне жүргізілген сынақ аталмыш фирманың өнімінің ең үздік екенін анықтады.

– Бұл – көпфункционалды агрегат. Онымен біз егіс алқаптарын маусымына байланысты өсімдіктерді қорғайтын құралдармен өңдеп, минералды тыңайтқыштарды бүркіп тұрамыз. Құрылғы біздің егіс алқаптарына жарамды, өте сапалы жасалған. Сондай-ақ ол жылдам әрі өңдейтін аумағы ауқымды. Орнатылған арнайы хабаршылар құралдарды қайтара себіліп кетуінен қорғайды, – дейді Серікбек Садықов.

Айта кетсек, бұл – Қазақстанға әкелінген неміс фирмасының жеті бүріккішінің бірі. Қалған алтауы қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының алқаптарын өңдеуде.

Техника сатып алудан бөлек, аталмыш мекеме өз элеваторын орнатуды да қатар ойластыруда. Биыл оларда егіс түсімі жақсы болды, бірақ ара-тұра оны тасымалдау және сақтауда мәселе бас көрсеткені рас.

– Екі жылға арналған инвестициялық жобаға сәйкес, 12 мың тонна дән сақтап, сағатына 100 тонна дақылды кептіретін мүмкіндігі бар элеватор салып жатырмыз. Биыл бетондау жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы құрылғыларды орнататын боламыз, – деді шаруа қожалығының басшысы.

Элеватордың дақыл сақтайтын, тазалайтын және қайта өңдейтін кешендері болмақ. Конус тәрізді төрт мұнараның ең биігі 35 метрге дейін жететін болады. Басшысының айтуынша, оған қараңғыда мұнараларды ұшу аппараттарына ұқсататын арнайы жарық шамдары орнатылмақ көрінеді. Серікбек Садықов бұл идеяны солтүстікқазақстандық әріптестерінің бергенін айтады. Ол жақта мұндай мұнаралар орнатылып қойған екен.

Дақыл кептіргіш орнатылып болған соң, «Убинка ХХІ» кәсіпорны жүгері өсірумен айналысуды жоспарлап отыр. Аталмыш дақыл түрінің ылғалы өте көп, сол себепті дақыл кептіргіш құрылғы міндетті түрде қажет.

Жалпы айтқанда, карантиндік шектеулерге қарамастан шаруа қожалығы егіс маусымын ойдағыдай аяқтаған. Бүгінгі таңда алқаптар түгелдей орылып, дақыл толық жиналған. Дегенмен, компания қол жеткен жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Олар одан әрі дамып, өңірдің ауыл шаруашылығына қосар үлестерін еселей түсуге ниетті.

Азамат Темірбеков

Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button