МамандықӨнеге

Әлемдегі алып ұшақты басқаратын Біржан кім?

Арда Алтайдың қойнауында талай дүлдүлдің тұсауы кесіліп, талай қыранның қанаты қатайған. Бұл Тұманбай ақын «Тау баласы тауға қарап өседі» деп жырлағанындай арманы аспанмен астасқан талай жанның дүние есігін ашқан жері. Солардың бірі – әлемдегі 600 адамдық ең алып лайнерді басқаратын жас ұшқыш, Зайсан ауданының тумасы Біржан Талғатбекұлы.

Біз бұған дейін газетімізде Зайсан өңірінде дүниеге келіп, Совет-Моңғол аспанын бағындырған даңқты генерал, ұшқыш Мүдәріс Зайсанов туралы жазған болатынбыз. Бұл жолы Зайсан өңірінде туып, Араб аспанынан әлемнің түкпір-түкпіріне сапарлап жүрген жерлесіміз Біржан Талғатбекұлы қаламұшына ілігіп отыр. Бір топырақта туған екі ұшқыштың тағдыры тамырлас болғанымен, заманы бөлек. Бірін тағдыр айдап шетел асса, бірі арманның жетегімен Араб Әмірліктеріне барған. Қайда жүрсе де танымал тұлғалар – туған топырақ үшін мақтан, өскін ұрпақ үшін өнеге. Біз арманы асқақ жас ұшқыштың өнегелі өмірінен бүгінгі ұрпақ ғибрат алар деген мақсатта оның қызықты өмірін мақаламызға арқау етіп отырмыз. Бүгінде Біржан Талғатбекұлы 600 адамдық алып ұшақты тізгіндеп жүргенін жуықта еліміздің БАҚ өкілдері жұртқа мақтанышпен жеткізді. Өзімен хабарласқанымызда туған жері Зайсан болғанымен, балалық шағы Алматы маңында өткенін, ал қазір шетелде тұрып жатқанын айтты. Ол бәзбіреулер сияқты жайлы тірлік үшін көшіп кетпей, келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүр екен.

– Қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде әлемдегі ең үлкен 600 адамдық Airbus A380 ұшағында екінші пилот болып жұмыс істеймін. Көбіне АҚШ, Аустралия, Еуропаның ірі қалаларына ұшамыз, жалпы, дүниежүзінің барлық континенттеріне рейстер бар. Үлкен ұшақ болған соң ұзақ рейстер жасаймыз. Орташа алғанда 12-13 сағатты алады, ең ұзақ сапар Біріккен Араб Әмірліктерінен АҚШ-тың Калифорния штатына ұшу кезінде болады. Ондай сапарларда 16-17 сағаттай әуеде боламыз, – дейді Біржан Талғатбекұлы.

Бақыттың кілтін ешкім қолға бере салмасы анық. Талантқа да талпыныс керек. Білімнің тағаны болмаса, биіктен қайта құлайтының ақиқат. Сондықтан бұл күнге жету үшін Біржанның отандық авиация саласы арқылы қанаттанғанын айтқан жөн болар. Бұл біздің елдің авиация саласының талай-талай таланттардың білімін ұштап, бағыт беріп жатқандығының дәлелі деуге болады. 

Арманына Америкада жеткен 

Жас ұшқыштың Америкадан білім алуы қазақ жастарының арманы асқақ, талабы таудай екенінің көрінісі деуге болады. Біржан Талғатбекұлы алғашқыда Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түседі. Алайда бір жылдан кейін бұл оқу орнын тастап, Америкаға аттанады. Ол Air Astana-ның Ab-Initio ұшқыштарды дайындау бағдарламасы бойынша емтихан тапсырады. Өзіне және біліміне сенген ол сынақтан сүрінбей өтіп, мақсатына бір табан жақындай түседі. Осылайша, жас ұшқыш арманының қанатын Америкада қатайтады.

– Солай АҚШ-тың Флорида штатынан шақырту алдым. Стэнфорд қаласындағы «Aerosim Flight Academy-ге оқуға түстім. Ол жерде бір жарым жыл оқыдым. Кейін Бельгияның Шарлеруа қаласындағы «Belgian Flight School» ұшқыштарды даярлау мектебінде 3 айдай оқыдым. Осылайша бас-аяғы 2 жылда дайын ұшқыш болып шықтым, – дейді.

Міне, осылай ол оқуын әлем жұртының арманына айналған Америкада жалғастырып, мақсатына жетеді. Туған еліне қайта оралып, отандық авиация саласында 7 жыл жұмыс істепті. Өз елінде жұмысын істей жүріп өзге елдің әуе компанияларында білімін жетілдіру мүмкіндіктерін де қарастырған. Сондықтан ол сәті түскенде Араб еліне бірден аттанған екен.

– Біріккен Араб Әмірліктерінде ұшқыштарға барлық жағдай жасалған. Компания тұратын үйді өздері береді. Шағын отбасы болса, қаладан пәтер жалдап береді. Көпбалалы отбасы болса, жер үйден береді. Ұшқыштың балаларын халықаралық оқу орындарында тегін оқытады. Медициналық сақтандыру бар және жылына бірнеше рет ұшу билеттерін тегін береді.  Ұшқыштың физикалық және психологиялық денсаулығы үнемі әлемдік стандартқа сай болуы керек. Ұшқышқа да қойылатын талап өте жоғары. Аспанда болуы мүмкін күрделі жағдайларға әрдайым дайын болуымыз керек. Дубайдағы әуе компаниясына екі жыл бұрын құжаттарымды тапсырған болатынмын. Құжаттарым қабылданған соң, 3 күндік сынақтан сәтті өтіп, жұмысқа қабылдандым, – дейді ұшқыш.

Мінекей, бұл – білімі мен тәжірибесі мол жас маманның бағындырған биігі. Жас та болса, жеткен жетістігі – еліміздің жастары үшін өнеге, ұлт үшін мақтан. Сондықтан Біржан сынды жастарды ұрпақ үшін болашақтың бағдары ете білуіміз керек. Мақтанатын да, мақтайтын да жастарымыз көп болса, өскін ұрпақтың болашағы баянды болмақ.

– Шетел әуе компаниясында жұмыс істеу – мен үшін үлкен тәжірибе мектебі. Әлемнің әртүрлі мекеніне ұшып, әртүрлі ұлт өкілдерімен әріптес болу, олардың әдет-ғұрпын, тілімен, мәдениетімен танысу көңіл көкжиегімнің ашылуына әсер етті. Қазақстаннан шыққан ұшқыштар Катар, Вьетнам, Гонконг, тағы басқа да дүниежүзілік әуе компанияларында істеп жатыр. Қазақстанда авиация саласын дамытуға әлі де көп жұмыс жасалу керек. Жаңа ұшу  терминалдары салынып, жаңа бағыттар ашыла берсе, әуе қызметі де заманауи жағынан дами түспек, – дейді ол.

Болашақта Біржан сынды білімді ұшқыштар Отанға оралса, еліміздің авиация саласына зор үлес қосары сөзсіз. Сондықтан жас мамандардың шетелмен тәжірибе алмаса жұмыс істеуі еліміздің ертеңі үшін жасалған қадам деп білген жөн.

Зайсановтың ізбасары

Зайсанның топырағы таланттыларды өзінде дүниеге әкелгенімен өзге жерде шыңдауға аттандыратын сынды. Олай деуімізге генерал-майор Мүдәріс Зайсанов пен ұшқыш Біржан Талғатбекұлының Зайсанда туып, шетелде өмір өрнегінің өтуі негіз болып отыр. Қос ұшқыштың тағдыр жолы тамырлас. Оқырман қауымға ұғынықты болу үшін Зайсановтың авиация саласына қалай келіп, өмірі қайда өткеніне қысқаша тоқтала кетейік.

«Оқуда озат, өмірде алғыр Зайсанов бір топ моңғол жастарының қатарында Мәскеуге КУТВ – еңбекшілер университетіне 1 жылдық курсқа аттанады. Білімін арттырып, тілін жетілдірген Зайсановты тағы да бір жылдық даярлық курсын оқуға қалдырады. Оны ойдағыдай бітірген ол осыдан кейін Тамбов қаласындағы атты әскерлер даярлайтын оқу орнына түсіп, оны 1934 жылы бітіріп шығады. Зайсановтың алғырлығын байқаған кеңес өкіметі оны Орынборда ұшқыштар мектебінде оқып жатқан моңғол студенттерінің арасына аттандырады. Оған жүктелген тапсырма тілшілік қызметін атқару болатын. Алайда Зайсанов зеректігінің арқасында аудармашы бола жүріп өзі де ұшқыш болып шығады. Орынбор қаласындағы қызметі 1939 жылға дейін жалғасады. Осы жылы оны моңғол өкіметі кері шақырып алады, өйткені 1939 жылы жапон басқыншылары моңғол үкіметіне қарсы соғыс ашқан болатын. Зайсановтың білікті маман болып шыққанын білген моңғол үкіметі оны 1938 жылы құрылған Әуе күштері полкінің командирі етіп тағайындайды… Ұшқыш ізін туған топырақтан ажыратпас үшін туған жерді – Зайсанды тегі етіп алыпты», – деп жазыппыз газетіміздің өткен жылдардағы номерлерінің бірінде.

Ал Біржан Зайсанның Біржан деген  ауылында дүниеге келгенімен балалық шағы Алматыда өтіпті. Оқуда озат, өнерге бейім болып өскен. Біржанның бұл бағытты таңдауына әкесінің мамандығы әсер еткен көрінеді. Әкесі Талғатбек Кәмесханұлы авиация саласында ұзақ жылдар қызмет еткен екен. Қазақ елі тәуелсіздік алған тұста тарихи Отанына көшіп келген.

– 1993 жылы Зайсанның  Біржан деген ауылында дүниеге келдім. Әкем Талғатбек Кәмісхан  Мәскеу облысындағы Егорьевск қаласында Чкалов атындағы авиациялық техникалық колледжін, сосын Алматыдағы Азаматтық авиация академиясын тәмамдаған. Алматы қаласындағы  ұшақтарға техникалық қызмет көрсету орталығында Ан-24, Ту-134, Як-42, Ту-154 ұшақтарында инженер-механик болып жұмыс атқарған. Балалық шағым Алматы облысындағы  Байсерке ауылында өтті. Мектепті Алматыдан оқыдым. Сабақтан бос  уақыттарда әртүрлі спорт секцияларына, домбыра үйірмесіне де қатыстым. Бүгінде отбасыммен Дубайда тұрам, бір баламыз бар, – деді ұшқыш.

Міне, тағдыры тамырлас, бағыты мен бағдары бір Біржанды Зайсановтың бүгінгі ізбасары деуге болатын шығар.  Туған жерінің туын асқақтатып, әке жолын қуған бала арманын адаспай тауып, бүгінгі таңда әлемнің алып ұшағын тізгіндеп жүр. Кез келген жас Біржанды өзіне өнеге етсе, ертеңі баянды болып, арманының шыңына шықпақ.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button