Президент тапсырмасы

Электрондық қызмет шалғай ауылдарға жете бастады

Әлемді шарпыған пандемия кезінде цифрландырудың маңызы арта түсті. Көптеген саланың жұмыс қарқыны бәсеңдеп, тіпті тежелуі елдегі цифрлық технологиялардың шама-шарқын байқатты. Төтенше жағдай елімізде цифрландырудың қажетті деңгейде емес екенін көрсетті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында цифрландыруды дамудың басым бір бағыты, барлық реформаның негізгі элементі деп атап көрсетті. «Цифрландыру – сәнге айналған үр­діске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Ең алдымен, цифрлық теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен, сапалы байланыспен барынша қамту керек. Бүгінде бұл – жол, электр қуаты сияқты негізгі қажет­тілік» деді Мемлекет басшысы.

Президент зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін ашық айтып, мұның бәрін толық цифрландыру керектігін, адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруі» тиіс екенін қадап міндеттеді.

«Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынаста да қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн» деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың, яғни 47 анықтаманың 30-ын қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып, мәліметті цифрлық түрде растау тәсілін қолдануды тапсырды.

Бұл ретте былтырғы жаңалық – мекенжай анықтамасының жойылуы оң нәтиже берді. Жылына 15 миллионнан астам анықтама алынатын, қазір бұл мәліметті әр мекеме интеграциядан өткізіп, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы анықтайды.

Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шығыс Қазақстан филиалы Жолдаудағы міндеттерді іске асыруға бел шеше кірісіп отыр.

– Ауылдағы интернет және ауыл халқының мемлекеттік қызметті алу мәселесі қолға алынуда. Пандемия жағдайында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы азаматтардың ХҚО ғимаратында шоғырлануын болдырмайтын, вирус жұқтыру мүмкіндігін азайтатын бірқатар шаралар қабылдады. Ауылдарда аудан әкімдігінің қолдауымен Egov бұрыштары көптеп ашыла бастады. Мысалы, жыл басында Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде және аудан орталығынан жырақта, 180 шақырым қашықтықта орналасқан Баршатас ауылында да электронды қызмет орталықтары ашылды. Олар ауылдық әкімдіктерде орналасқан. Онда мемлекеттік қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы өзіңіз ала аласыз. Орталықтардың арқасында тұрғындар уақыт пен көлік шығынын үнемдеп, цифрлық сауаттылықтарын арттырады, – дейді филиал жетекшісі.

Цифрлық қызметтер орталығы заманауи моноблоктармен, кеңселік техникамен және балалар ойын алаңымен жабдықталған.

Сонымен қатар компьютері немесе интернеті жоқ тұрғындар үшін облыста 100-ге жуық egov өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы істеп тұр. Олар аудан әкімдіктерінде, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда, кітапханаларда орналасқан.

«Халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайдаланған жөн деп міндет қойды Президент Жолдауында.

Бұл ретте, «Азаматтарға арналған үкімет» биометрия, яғни бет-әлпетті суретке түсіріп немесе саусақ таңбасы арқылы қызмет алуға болатын пилоттық жобаны қолға алған. Мәселен, аяқасты «Азаматтарға арналған үкіметтің» қызметіне жүгінуге тура келді делік. Бірақ тиісті құжатыңызды үйде ұмытып кеттіңіз. Үйге баруға уақытыңыз жоқ. Міне, осындайда саусақ таңбасы мен бет-әлпетті сәйкестендіру арқылы тиісті құжатыңызды ала аласыз. Азаматтарды бет-әлпет, саусақ таңбасы, дауысы, көздің сыртқы мөлдір қабығы сияқты биометриялық мәліметтер арқылы сәйкестендіру – қазір ақпараттық технологиялар саласындағы тренд. Бірақ корпорация әзірге саусақ таңбасы мен бет-әлпет арқылы сәйкес­тендіруді қолға алды.

Рас, цифрландыру қазақстандықтар өмірінде көп нәрсені жеңілдетті. Айталық, жаңа туған нәрестені тіркеу бойынша «проактивті» қызметтер іске қосылды. Бұрын ата-аналарға бала туғаннан кейін бірден Халыққа қызмет көрсету орталығына куәлік ресімдеу, жәрдемақыға құжаттар беру және басқа да шаруалар үшін жүгіру қажет болатын. Қазір СМС көмегімен осы төрт қызметті рәсімдей алады. Сонымен қатар психологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы диспансерден анықтамаларды Телеграм-боттың көмегімен алуға болады, бір минутта олар сіздің поштаңызда болады.

Айыппұлдарға да қатысты айтар болсақ, егер сіз шетелге баратын болсаңыз, бұрын қарызыңыз бар екенін ұшу алдында ғана білетінсіз. Қазір Телеграм-бот арқылы өзіңізді борышкерлер және шығуға тыйым салынғандар тізімінен тексеруге болады. Яғни, қызметтерді алу оңтайланып келеді.

– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында біз «Анықтамасыз қызмет» немесе Paper-free сервисін іске қостық. Енді азаматтарға мемлекеттік органдарға мекенжай бойынша тіркелген мәліметті, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және жылжымайтын мүліктің болу-болмауы туралы анықтамаларды қағаз жүзінде апару міндет емес. Қызметтің бұл түрі бойынша SMS хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, тиісті анықтамаларды ала алады. Бірақ осы қызметті пайдалану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. «Анықтамасыз қызмет» механизміне сәйкес мүдделі тұлға үкімет порталында авторизациядан өтуі тиіс. Сосын «Үшінші тұлғаның анықтама алу сервисі» бөлімін таңдап, қай азамат туралы анықтама алғысы келеді, соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазуы тиіс. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде СМС хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру-бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағат ішінде жауап беруі тиіс, – дейді филиал директоры Азамат Есембулов.

Уақыт өте келе, барлық қызметтер электрондық нұсқаға ауысып, азаматтарға ХҚО-ға барудың қажеті де болмай қалады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button