Электронды билет жүйесінің артықшылығы қандай?
Облыс орталығында қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесін енгізу алғашында қыркүйек айына жоспарланғанымен, пандемияның кесірінен кейінге шегеріліп келеді. Соңғы рет бұл жүйе желтоқсанда пайдалануға беріледі деген сөз шыққан болатын. Енді жолаушылар жолақысын валидаторлар арқылы өтей ме? Қоғамдық көліктер құрылғылармен толық қамтылып болды ма? Жолақысын төлейтін карталарды қайдан сатып алуға болады? Кімдерге жеңілдіктер қарастырылған? Міне, осы сауалдарға жауап беруге тырыстық.
Аязды күні тоңып тұрмаймыз
Қоғамдық көліктердегі электронды билет жүйесі бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Семей қалаларында енгізілген болатын. Алғашқы кезде қиындықтар болғанымен, жолаушылар үшін бірнеше артықшылығы бар екенін астаналықтар мен семейліктер сезініп үлгерді. Мысалы, ертеңгілік жұмысқа аттанған кезде, көбімізде жолақысын өтейтін майда тиын болмай қалса, жаңа күнді кондуктормен ұрыс-керіспен бастаған кездер болғаны сөзсіз. Ұсынған кесек ақшадан қайтаратын ақшасы болмаған кондуктор қатты қапаланатын. Енді қалтаны ұсақ тиындарға толтырып жүрудің қажеті болмайды. Арамызда айдың соңғы күндері тиын санап қалып, жаяу жүргендердің болғаны да даусыз. Енді жол жүру картасын айына бір рет толтырып алып, жол шығыны туралы мүлде ұмытып кетуге болады. Өскемендік жолаушылар үшін тағы бір қуанышты жаңалық, 25 қарашадан бастап Oskemenbus мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымшадан сізге қажетті маршруттың сіздің аялдамаңызға неше минуттан кейін келетінін көріп отырасыз. Енді аязды күндері өскемендіктер мен қала қонақтары аялдамаларда бүрсеңдеп, тоңып тұрмайды деп сенеміз. Бағдарлама көліктің қозғалысын онлайн бақылауға, қозғалыс кестесіндегі өзгерісті көріп отыруға мүмкіндік береді. Соған қарап, жолаушылар өздеріне қолайлы бағыттарды таңдай алады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасында жаңа жүйені енгізуге дайындық жұмыстары аяқталып қалғанын айтты.
–Қазір қоғамдық көліктердің 70 пайызында құрылғылар орнатылды, бұл 400-ден астам көлік. Оның ішінде трамвай да, автобустар да бар. Енді резервтегі көліктерді жабдықтауды бастадық, – деді басқарманың жолаушы көлігі бөлімінің басшысы Айжан Рахымбаева.
Басқарма мамандары валидаторлардың көмегімен жолақысын қалай өтеуге болатынын түсіндіріп берді. Жолаушы салонға кірген бойда картаны құрылғыға басуы керек. Егер жолақысын төлеу дұрыс өтсе, аспапта ол туралы жазу пайда болады және жасыл шам жанады. Төлем өтпей қалса, ол да экраннан көрінеді. Картада қанша ақша қалғанын білу үшін, оны құрылғыға тағы бір басу керек. Осындай құрылғылар барлық қоғамдық көліктерде болады. Бұған дейін көптеген тұрғындар әлеуметтік желіде құрылғыларда қолдану ережесі мемлекеттік тілде жазылмаған деп сын айтқан еді.
–Құралдар жүйеге әлі қосылған жоқ. Сол себепті тек орысша жазу шығып тұр. Қосылған кезде ол жерде қалай қолдану қажеттігі міндетті түрде қазақ тілінде де көрсетіледі, – деп сендірді бөлім басшысы.
Жолақысын төлейтін карта үш түрлі болады. Жеңілдік қарастырылған, қызметтік және қарапайым карта. Олардың түстері де әртүрлі болады деп ойластырылған. Қатардағы жолаушының картасында жеке мәліметтері болмайды, сондықтан онымен басқа адамдар да жүре алады. Ал жеңілдік берілген картаға карта иесінің жеке мәліметтері жазылғандықтан, оларды басқа жандарға пайдалануға болмайды. Жеңілдігі бар карталарды басқа азаматтардың қолдануынан қалай қорғалатыны, оларды валидатордың қалай ажырататыны әзірге түсініксіз.
Кімдерге жеңілдіктер бар?
–Қоғамдық көліктерде карта жүйесімен 1,2 топтағы зағип жандар тегін жүретін болады. Зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Балалар үшін бөлек карта әзірленіп жатыр, жоба «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп қолға алынған. Шығын қалалық бюджеттен өтелетіндіктен, мұндай жеңілдік тек Өскемен қаласында тіркелген жандарға ғана беріледі. Олар құжаттарды әлеуметтік бөлімдерде рәсімдей алады. Пандемияға байланысты карталарды рәсімдеу, тұрғындарға сату әзірге басталған жоқ. Сол себепті алғашқы уақытта жолаушылар жолақысын бұрынғыдай қолма-қол ақшамен өтей алады. Ал жеңілдікке ие тұлғалар бұрынғыдай құжаттарын көрсетсе, жеткілікті. Салонда жолаушыларға көмектесетін консультанттар болады, – дейді Айжан Дудубекқызы.
Электронды билет жүйесі толық енгізілгеннен кейін жеңілдіктер тек картасы барларға ғана көрсетілетіндіктен, жеңілдікке ие тұлғалар міндетті түрде карта рәсімдеп алулары керек.
Жеңілдік картасын алушылар (70 жасқа дейінгі) Шәкәрім даңғылы, 142, 2-корпуста орналасқан Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне не болмаса Жібек жолы, 3 мекенжайындағы «Жолаушыларды тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС-не өтініш беруге тиіс. Ал 70-тен асқан, жеңілдікке құқы бар азаматтар Өскемен қалалық әкімдігінің аумақтық басқару орталығы филиалдарына өтініш жазады. Филиалдардың мекенжайы «Жолаушыларды тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС ресми сайтында көрсетілген. Жеңілдік картасы тегін беріледі.
Ал қарапайым жолаушы картасының құны 500 теңгені құрайды. Бір рет сатып алған картаны қажет болған жағдайда толтырып отырады. Мысалы, айлық жол жүру тарифінің мерзімі аяқталған кезде. Жаңа жүйе бір картаға жол жүру тарифтерінің бірнеше түрін бірден жазуға мүмкіндік береді. Бұл ұзақ мерзімді (бір айға), көлік түрі бойынша (автобусқа) немесе біржолғы сапарларды төлеу үшін белгілі бір сомаға (1000 теңге) болуы мүмкін. Егер сіздің картада бірнеше тарифтер жазылса, онда төлем жасау кезінде жүйе автоматты түрде ең тиімді тарифті таңдайды. Өскемен қаласында қарапайым жол карталарын сататын жиырма орын анықталған. Олардың мекенжайлары да «Жолаушыларды тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС ресми сайтында көрсетілген. Жоғарыда жаздық, әзірге пандемияға байланысты карталарды рәсімдеу мен сату тоқтатылған.
Көпшілігіміз астанаға барған кезде валидаторлардың жолаушыларға тигізетін ыңғайсыздығын да көріп жүрміз. Жолаушылар тек алдыңғы есіктен ғана кіріп-шығады. Бұл адамдардың иін тіресіп, бір-бірімен иық түйістіруіне мәжбүр етеді. Қазіргі пандемия кезінде бұл қауіпті емес пе? Біздің бұл күдігімізді бөлім басшысы сейілткендей болды.
–Бізде құралдарды қосқан кезде әзірге бір ғана тарифпен жұмыс істегендіктен, барлық есіктер ашылып-жабылады. Сол себепті жолаушылардың топтасуы болмайды, – деді Айжан Дудубекқызы.
Бонустары бар тарифтер енгізіледі
Жолаушыларды тасымалдауды басқару орталығында электронды билет жүйесі жолақы мөлшерінің өзгеруіне әсер етпейтінін ескертті. Керісінше, қоғамдық көлікті жиі пайдаланатындар үшін қосымша бонустар болуы мүмкін екен.
–Тарифтік кесте сақталады. Яғни, алғашқы кезде қалада қолданылатын барлық тарифтер бұрынғысынша қолжетімді болады. Жүйе толық іске қосылғаннан кейін сараланған тариф енгізу жоспарлануда. Картамен төлеу кезінде жол жүру құны қолма-қол ақшамен төлегенге қарағанда арзан болады. Сонымен қатар жаңа жүйе жолаушылар үшін сапарлар санына, тәулік мерзіміне және басқа да жағдайларға байланысты тиімді әрі икемді тарифтерді енгізуге мүмкіндік береді. Болашақта жолаушылар үшін бонустары бар жаңа тарифтерді енгізу де қарастырылуда, – деді орталықта.
Жаңа жүйенің артықшылықтары мұнымен бітпейді. Сонымен қатар болашақта жаңа жүйенің көмегімен жолаушылар ағыны туралы мәліметтерді саралап, қандай бағыттағы маршруттар сұранысқа ие, қайсысын, керісінше, оңтайландыруға болатынын анықтауға болады.
–Енгізілетін жүйе қандай да бір маршруттарды пайдаланатын адамдардың санын бақылауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті салалық басқармада. – Қай бағыт ең көп сұранысқа ие, қайсысы сұранысқа ие емес, көлік санын арттыру қажеттілігі бар ма, осыларды оңай анықтауға болады. Осылайша, жаңашылдық тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар валидаторлар жол жүру ақысын төлеу рәсімін ашық жүргізуге көмектеседі. Адам факторы болмайды. Бұл өз кезегінде көлік компаниясы кірістерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Мысалы, егер субсидиялау қажет болса, билік нақты жағдайды жүйенің көмегімен көре алады. Көлік компаниясының иесі күніне 100 жолаушыны тасымалдадым десе, ал құрылғы 50 адамның ғана өткенін көрсетсе, қандай шешім шығатыны түсінікті.
Қазір көліктерде жолаушылардың жолақысын төлеген-төлемегені бірден көрініп тұрады. Кондукторлардан басқа, кенеттен келе қалған бақылаушылар да билетіңді тексереді. Басқармада жаңа жүйе енгізілген кезде де бақылаушылар бұрынғысынша өз қызметтерін жалғастыра беретінін айтты. – Қоғамдық көлікке кірген бақылаушы тексеру кезінде қызметтік смарт-картаның көмегімен жол ақысын төлеу жүйесін бұғаттай алады. Жүйе бұғатталғаннан кейін жол ақысын төлеу мүмкін болмайды. Бұдан басқа, бақылау қызметкерлеріне жолаушылар картасын тексеруге арналған арнайы аспап беріледі. Тексеру кезінде жолаушы өзінің көлік картасын бақылаушының құрылғысына басуға міндетті. Осы кезде құрылғыда жол жүру төлемі жасалған ба, жоқ па деген ақпарат пайда болады. Ал жол ақысын қолма-қол төлеген жолаушылар чекті көрсетуге міндетті.
Айна Ескенқызы