Денсаулық сақтау

«Электонды шылым» құрамының құпиялығымен қауіпті

«Электонды шылым» құрамының құпиялығымен қауіпті
Соңғы жылдары «электронды шылым темекінің тұтқынынан құтқарады екен» деген түсінік ел арасына кең тарап кетті. Осы жарнаманың өзі-ақ vape-индустрияның нарықтан ойып тұрып орын алуына негіз болуда. Біздің Өскеменнің өзінде осы ерекше саудаға маманданған бес дүкен бар екен.
Жарнамасы жер жарып тұр
«Жүре берсең, көре бересің», – деген. Ел құлағы «электронды үкімет», «электронды қолтаңба», «электронды ақша» деген ұғымдарға енді үйренді-ау дегенде «электронды шылым» деген сиқыр шықты.
Темекінің бұл түрі біздің елге 2010 жылдан бастап кіре бастаған екен. Құрылғы екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігін қолданушылар «мод» деп атайды. Қарапайымдап айтқанда, кәдімгі батарея түріндегі аккумулятор. Бір аккумулятор бір жылдан екі жылға дейін жететін көрінеді. Ұялы телефон сияқты уақтылы қуаттап отырса болғаны. Екінші бөлігі «атомайзер» немесе «картридж» деп аталады. Оған қыздырғыш элемент пен арнайы сұйықтық құйылатын құты кіреді. Аккумулятордан тараған ток заряды қыздырғыш элементті іске қосады да, ол құтыдағы сұйықтықты буға айналдырады. Шыққан бу хош иісті болу үшін сұйықтық құрамына хош иістендіргіш қосылады. Шылымның корпусындағы электронды микрочип будағы никотин мен хош иістің қанықтығын реттеуге қабілетті.
Алғашында vape-шылым әсіре гламурға әуес жастар мен қалталы адамдардың имидждік құралындай көрінгенімен, бүгінде жас пен жыныс талғамайтын күйге жетіпті. Өздері оны «шайырсыз шылым» деп атайды. Өйткені, құрамында қарапайым темекі өндірісінде қолданылатын қара шайыр болмайды. Осы шайырсыз шылымдарды сатумен айналысатын жас кәсіпкер Андрей Горковенко – қаладағы бес дүкеннің бірінің иесі. Аталмыш кәсіпті қолға алғанына бір жылдан асыпты.
-Электронды шылымды көпшілік қорқормен шатастырады. Қолдану тәсілі ұқсас болғанымен, қорқордың сұйықтығында шайыр болады. Сондықтан оны пайдаланған кезде айналаңыз көк мор болады. Ал vape-шылымның құрамында шайыр жоқ. Сондықтан хош иісті бу ғана шығады. «Vape» сөзі де ағылшын тілінен аударғанда «бу» деген мағынаны береді, – дейді кәсіпкер.
2015 жылы Қазақстандағы электронды шылым саудасының ақша айналымы бес миллиард теңгеге жетсе, 2016 жылы 400 млн. теңгеге артыпты. «Euromonitor» сараптамалық орталығының дерегіне сенсек, 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 9,5 млрд. теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мұндай өсімге бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан аталмыш шылым түріне қатысты қандай да бір ресми пайым айтылмауы себепкер болып отыр. Яғни, ешқандай шектеу не стандарттық талап жоқ. Оның үстіне шайырсыз шылымның отаны – Қытай іргемізде жатыр.
Андрей Горковенко электронды шылымның барлық бөлшектерін осы оңтүстіктегі көршімізден әкелетінін айтады. Соңғы кезде хош иістендіргіштер мен арнайы тұнбалар Ресейде де өндіріле бастапты.
Мамандар не дейді?
Электронды шылым тұтынушылар оның қоғамдық ортада қолдануға тыйым салынбағанын басты артықшылығы деп біледі. Ал енді бір топ оның буының қолқаны күйдіретін әсері бар екенін айтуда. Vape-шылымның негізгі «отыны» химиялық қоспа екенін ескерсек, химия араласқан жерде денсаулыққа зиянсыз дүние болмайтыны бесенеден белгілі. Vape-шылымды қолданудың басы артық шаруасы да көп. Темекі сияқты кез келген дүкеннен сатып алып, тұтата алмайсың. Әр бөлшегін уақтылы жаңартып, аккумуляторын қуаттап отыру қажет. Соған қарамастан оған бір бой үйреткен адамның қайтадан бас тартуы екіталай. Андрей Горковенко да өзі сататын өнімнің тәуелділік тудыратынын мойындады.
-Өз басым бұл әуестікке кәдімгі шылымды тастау үшін барғанмын. Бір жарым жылдан асты, таза электронды темекіге көштім. Әзірге оны қойғым келмейді. Оның басты зияны да осы тәуелділік шақыратынында болса керек, – дейді ол.
Әзірге электронды шылымның денсаулыққа зиянды екенін «Денсаулық сақтау министрлігі ескертпегенімен», құрылғыны пайдалану туралы нұсқаулықтары қарапайым шылым шегу жиілігін мұнда да сақтауға кеңес береді. Яғни, бұған дейін тәулігіне қанша темекі тұтатсаңыз, электронды темекіні де сол мөлшерден асыруға болмайды. Осының өзі-ақ көп нәрседен хабар берсе керек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинова электронды шылымды бөлме ішінде пайдаланбауға кеңес береді.
-Бұл шылымды балалар мен жасөспірімдерден аулақ ұстау керек. Қарапайым шылымдай зиянды емес десек те, бәрібір пайдасынан залалы көп. Оны түрлі зерттеулер көрсетіп отыр.
Электронды шылым кәдімгі темекіні қойғызуға көмектеседі деген ақпараттың өзі ешқай жерде дәлелденбеген, – дейді Райфа Сафиоллинова.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы электронды шылымдардың ішіне құйылатын сұйықтықтың құрамы оны шығарушылардың өз еркіндегі шаруа екенін ескертеді. Яғни, арнайы өндірістік стандарт болмағандықтан, өндіруші оның құрамына мөлшерден тыс никотин қосып жіберуі де мүмкін. Мамандар оның құрамында психикалық белсенді заттардың болуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды. Ал қарапайым шылымның құрамы қорабында нақты көрсетілген.
Басқарманың дерегіне сүйенсек, шайырсыз шылымның сұйықтығында 2,4 пайыз никотин болатыны анықталыпты. Қалыпты құтыға құйылған сұйықтықта 720 миллиграмға дейін никотин болады. Адамның өліп кетуі үшін салмағының әр келісіне 13 мг никотин қажет екенін ескерсек, электронды шылым құтысындағы никотин мөлшері адамды өлтіруге артығымен жетеді деген сөз. Тіпті, никотин аз мөлшерде болғанның өзінде гипертония, атеросклерозға, жүрек ауруына шалдыруы мүмкін. Оған қарапайым темекіге қолданылатын қара шайыр араласса, қатерлі ісік пайда болады.
Никоннен никотиннің жорғасы жоқ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері элекронды шылым пайда болғалы бері никотинмен уланған науқастардың саны көбейе түскенін көрсеткен. Мысалы, 2013-2014 жылдары АҚШ-та никонинді сұйықтықтан уланудың 1,5 мың оқиғасы тіркелген екен. Біздің елде әзірге ондай есеп жоқ. Есесіне, электронды шылымның зардабын өз бойында сезінген адамдар баршылық. Сондай жанның бірі – өскемендік Дамир Бауыржанұлы.
– Мені де vape-шылымның шылауына «темекіні қойдырады екен» деген жарнамасы түсірді. Екі ай қолдандым. Түтінсіз, таза болғанымен ағзадағы оттегіні қыздыратын қасиеті бар. Алғашқы күндері басым айланғандай болып, өңім қуарды. Кейін ағзам үйреніп кетті. Сол екі айда никоннен никотиннің жорғасы болмайтынын түсіндім. Ал экономикалық жағын алатын болсақ, қарапайым темекіден қымбатқа түседі. Қазір электрондысын да, жай шылымын да тартпаймын. Темекіні қоюыма электронды шылым әсер еткен жоқ. Бірін қойсаң, бірін іздеп тұрады екенсің, – дейді Дамир.
Денсаулық сақтау мамандары электронды шылымның қарапайым темекіден басты артықшылығы ретінде жағымсыз иіс сіңдіріп, тісте сары өңез қалдырмайтынын атады. Алайда, оған қолданылатын сұйықтықтарды дайындаудың бірізді стандарты болмағандықтан, құрамындағы заттардың уы қарапайым темекінің уынан бірнеше есе ауыр болуы мүмкін екендігін де ескертеді. Әзірге облыс аумағында электронды шылым құрылғысының ақауынан зардап шеккен адам жоқ. Дегенмен, түрлі ақпарат көздері әлемнің түкпір-түкпірінде құрылғы ақауынан күйік шалған оқиғалар болып жатқанын жарыса жазып жүр. Бұл хабарларды көпшілік vape-индустрия өкілдері мен дәстүрлі темекі өндірушілердің арасындағы ақпараттық майдан ретінде қабылдағанымен, ондай қауіптің мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Қорыта келгенде, электронды шылым біздің орта үшін өте жұмбақ дүние күйінде қалып отыр. Қалай десек те, шылымның аты – шылым. Шегілген әр тал шылыммен бірге, тұтанған әрбір құтымен бірге ғұмырымыздың бір жапырағы мезгілінен ерте солатынын естен шығармайық.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button