Денсаулық сақтау

Елбасының өзі қызметке шақырған атақты кардиохирург шеберлік сыныптарын өткізді

Елбасының өзі қызметке шақырған атақты кардиохирург шеберлік сыныптарын өткізді

Тұңғыш Президент күні қарсаңында еліміздің атақты кардиохирургы Юрий Пя Өскемендегі облыстық аурухананың кардиологиялық бөлімшесінің ашылу салтанатына қатысып, екі күн қатарынан шеберлік сыныптарын өткізді. 2004 жылы Түркияда қызмет істеп жүрген Юрий Пяны Елбасының өзі Қазақстанға жұмысқа шақырған болатын. Он жылдың ішінде еліміздің кардиохирургиялық қызметін тамаша деңгейге жеткізген белгілі дәрігердің бұл Шығыс Қазақстанға жасаған екінші сапары екен.

Елбасының өзі қызметке шақырған атақты кардиохирург шеберлік сыныптарын өткізді

– Мен алғаш рет Өскеменге 2008 жылы келген едім. Осы уақыт аралығында аурухана танымастай өзгертіпті. Кардиохирургия, қан тамырлары және кардиореанимация сияқты жаңа үш бөлімше ашылған. Көпфункционалды аурухана енді науқастарға кешенді қызмет көрсете алады. Бұл көп қаржы мен мамандарды даярлауды талап ететін жұмыстар, бұған кемінде он жыл қажет болар еді. Осы жолы операциялардың бәрін өскемендік әріптестеріміздің өздері жасайды, біз тек бақылап, үйлестіруші қызметін атқарамыз, – деді аурухананың бөлімшелерін аралап шыққан Юрий Пя.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Жайық Жұмаханов бөлімше меңгерушісі Еділ Ботабаев бастаған жергілікті кардиохирургтер биыл ғана облыста жүрекке 190 ота жасағандарын, олардың 66-сы жұмыс істеп тұрған жүрекке, 31-і жедел түрде және оны клапандарды алмастыруға қатысты жасалғанын айтты. 2013 жылы 84 операция жасалыпты. Бас дәрігер сонымен қатар осындай оталардың нәтижесінде стационарда қан айналымы ауруларынан қайтыс болатындардың көрсеткішін отыз пайызға қысқартуға қол жеткізгендерін атап өтті.

Елбасының өзі қызметке шақырған атақты кардиохирург шеберлік сыныптарын өткізді

Осы жолғы шеберлік сыныптар шеңберінде операция жасауға таңдалып алынған науқастар он жылдан астам дәрігерлердің бақылауында болған, жүректерінің клапандарын алмастыруды қажет ететін пациенттер екен.
– Жүректің клапанының дертке шалдығуы ревматизмнен және жүректің ишемиялық ауруынан да болуы мүмкін. Қазақстанда митральді клапанға алғаш операцияны кезінде көрнекті ғалым, хирург, бүгінде есімі Алматыдағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына берілген Александр Сызғанов жасағаны белгілі. Қазіргі уақытта науқастарға биологиялық клапандарды орнатамыз. Механикалық түрінен басты ерекшелігі – операциядан кейін қанды сұйылтатын арнайы препараттарды қабылдаудың қажеті жоқ және асқынулар да аз. Жиырма жылға дейін қызмет көрсете береді, –деп түсіндірді еліміздің бас кардиохирургы.
Кардиохирургтың сөзіне қарағанда, биологиялық клапандарды жануарлардан алынған перикардтан (жүректің қабы) жасайды немесе олардың дайын органдарын да қолданады екен. Асқынуға жетпеген жағдайда мұндай оталарды өңірлерде жергілікті мамандар да жасай береді, ол үшін еліміздің барлық өңірлерінде кардиохирургиялық бөлімшелер мен орталықтар ашылған.

Елбасының өзі қызметке шақырған атақты кардиохирург шеберлік сыныптарын өткізді

Юрий Пя Қазақстанда алғаш рет жүректі алмастырып салған ғалым-дәрігер болғандықтан ол кісі донорлық тақырыбын да тілге тиек етті. Үш жылдың ішінде осындай тоғыз операция жасалыпты. Ғалымның болжамына қарағанда, республикада жүректі алмастыруды қажет ететін пациенттердің саны жылына 170 мыңнан кем болмауы керек. Алайда біздің қоғамның менталитеті органдарды алмастыру, адамдардың сау органдарын донорлыққа мұраға қалдыру сияқты фактілерді әлі де дұрыс қабылдай алмай келеді.
– Кардиологиялық қызмет саласында Қазақстанның алар асулары әлі алда. Бізде жасанды клапандарды өсіру, гендік инженерия сияқты жоғары технологиялық қызмет көрсету жағы әлі де кенжелеп жатыр. Дегенмен, табылған донорлық жүректі еліміздің кез келген түкпірінен он екі сағатта жеткізе алатын шағын лабораториямыз бар. Алғашқы операциялар кезінде жүректерді Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан осындай тәсілмен жеткіздік. Ота жасалған науқастардың барлығы белсенді өмір сүруде, жұмыс істейді. Әрине, олардың өмірі дені сау адамдардікінен өзгешелеу. Барлығы да біздің ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта бақылауда тұр, – деп қорытындылады сөзін ғалым.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button