Тұңғыш Президент

Елбасының Алтайға ат шалдырған шақтары

Елбасының Алтайға ат шалдырған шақтары

Қазақстан күнтізбесі өткен жылдың бірінші желтоқсанынан бастап тағы бір ресми мерекемен толыққаны белгілі. Бұл мереке Тұңғыш Президент күні деп аталып, биыл еліміз бойынша кең көлемде аталып өтілмек.
Осыған орай жер-жерлерде қазақ мемлекетінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өмірбаяны мен еңбектегі алғашқы қадамынан бастап, мемлекетті өркендету жолында атқарған істерінен мол мағлұмат беретін мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай игі істің бірін облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығы да бастап кетті.

Мұражай қызметкерлері қала жұртшылығына Мемлекет басшысының 2005-2013 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысында болған қызметтік іссапарларынан түсірілген қайталанбас сәттерді ұсыныпты. Көрмеге қойылған фотосуреттер Елбасының Шығыс аймағындағы Қазақстан үшін стратегиялық маңызды нысандарда болуынан ғана емес, сондай-ақ, ел ардагерлерімен, студенттер қауымымен, жергілікті кәсіпкерлермен және басқа да тұрғылықты халықпен кездесулерінен сыр шертеді.

– Әр заманның көрнекті тұлғалары, көреген көшбасшылары болады десек, қазақстандықтар үшін ол – ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Өйткені, ол – көптеген ұлттар мен ұлыстар тұратын Қазақстан атты алып мекендегі халықтың достығын мығымдап, ынтымағын жарастыра білген тұлға, – дейді көрмені ұйымдастырушылар.

Қаладағы М.Горький көшесінің №59 үйінде орналасқан көрмеге келем деушілерге таңғы 9-дан кешкі 17-ге дейін есік ашық екен. Ал әр адамға Елбасы туралы керемет мағлұмат беретін бұл көрме желтоқсан айының алғашқы онкүндігіне дейін жалғаспақ.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button