Елбасы бейнесін сомдады
Қазақстандағы тұңғыш гиперреалист мүсінші, суретші Айдос Есмағамбетовтың жасы 34-те, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. « 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. «Шабыт» фестивалінің Гран-приін алған. Қазір «Astana musical» театрында гример. Талантты жігіт бүгінгі күнге дейін Абайдың, Абылай ханның, Нұрсұлтан Назарбаевтың, Сағадат Нұрмағамбетовтың, Барак Обама тәрізді бірнеше әйгілі тұлғалардың бейнесін балауыздан, силиконнан айнытпай сомдап шығарды.
– Біз Тұңғыш Президент күні қарсаңында сұхбаттасып отырмыз. Айдос, өзің Елбасының бірнеше мүсінін балауыздан, силиконнан жасаған скульптор ретінде мейрам күні елге қандай тілек айтар едің?
–Әлбетте, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз деуге болады. Алғаш тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізді әлем таныды. Сол кісінің ұлан-ғайыр істеген ісіне тәнті болғандықтан, мен Нұрсұлтан Әбішұлының бірнеше мүсінін силиконнан жасадым. Алғаш 2012 жылы костюмін иығына асып еркін тұрған, сосын 2017 жылы Армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық Қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге отырғанын, сосын биыл тағы бір бейнесін сомдадым. Қазір ол Түркістан қаласында. Барша жұртты айтулы мерекемен құттықтаймын.
–Өзіңді гиперреалист-мүсінші деп атайды екен. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін гиперреализм жанры туралы айтып өтсең…
– «Гиперреализм» терминін 1973 жылы Иса Брахот деген азамат енгізген. Жалпы, бұл жанр өткен ғасырдың алпысыншы жылдары АҚШ-та пайда болды. Аталмыш жанр өмірге келісімен-ақ әлемдегі шығармашылық пен өнер бір сілкінді деуге болады. Гиперреализм өнер жолында өзіне жалғыз соқпақ ашып алды да, алға қарай ептеп жылжи берді. Мөлшері отыз жылдай мерзім өткенде гиперреализмнің сол соқпағы үлкен даңғыл жолға айналды. Гиперреализм жанры нақты жасаған, салған затыңды дәл айнытпай келтіру емес, сол заттан шынайылықты сездіру деген сөз. Мәселен, адамның мүсінін жасасаң, оның беті-қолдарындағы (аяқтарындағы) тамырларының, тіпті терідегі жасушаларының адырайып көрініп, шынайылықты паш етіп тұруы маңызды. Бұл салада америкалық Одри Флэк (Audrey Flack), Джейсон Ярмоски (Jason Yarmosky) мен Патрик Крамер (Patrick Kramer), канадалық Крис Вудс (Chris Woods) пен Брайан Болтон (Brian Boulton), испан Хавьер Агилера (Javier Aguilera) секілді гиперреалист суретші-мүсіншілерді айтуға болады. Қысқаша осы.
Ата-анасы да суретші екен
– Өзің жайлы айтып өтші. Қай жерде тудың? Қайда өстің, дегендей…
–Мен Қостанай облысындағы Қайыңды ауылында 1986 жылы дүниеге келіп, 12 жасыма дейін тұрдым. Кейін қалаға жақын «Арқалық» совхозына көшіп бардық. Сол жерде орта мектепті аяқтадым да, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша бітірдім. Әкем Әкімғали да, анам Сәуле де өнерден құралақан жандар емес. Екеуі де суретті жақсы салады. Әкем негізі, архитектураны оқыған адам. Ол шаруашылық директорының көлігін жүргізетін қарапайым жүргізуші болса да, салған портреттері мен картиналарына таңғалумен өстім. Анам да суретші. Жезқазғанда домбыра класынан сабақ береді. Көрпе, бөстек тігіп, өз қолымен әртүрлі кесте, шляпа тоқи алатын шебер жан.
– Осы гиперреализм жанрына қалай келдің? Не түрткі болды?
–Жалпы, адамның қолынан шыққан нәрсені адам жасай алады деп ойлаймын. Шетелде дамып, әжептәуір дәрежеге жеткен бұл жанр қалайша бізде қолға алынбайды деген ой келді бірде. Алғаш Барак Обама АҚШ Президенті атанып, Мадам Тюссо мұражайында оның балауыздан жасалған бейнесі қойылғанда, маған да халқымыздың тарихи тұлғаларының мүсіндерін сомдау туралы ой келген еді. Алайда, Лондондағы Мадам Тюссо мұражайында команда болып, бірі басын, бірі денесін, бірі екі көзін жасап дегендей бірігіп, ұжым болып жұмыс істейді. (Айта кетерлігі, бұл мұражайдың әртүрлі қалаларда 23 филиалы жмыс істейді). Сосын бейнесін сомдайтын адамды натурадан, шақырып алып соған қарап жасайды. Ал мен кейіпкерлерімді фотосы арқылы жасауға мәжбүрмін. Фотосы арқылы демекші, биыл туғанына 175 жыл толып отырған ұлы Абай Құнанбайұлының бейнесін 1896 жылы Семейдегі Кузнецовтың фотосалонында түсірілген фотосына қарап жасап шығардым. Өздеріңізге мәлім, мұнда Абай Ділдәдан туған үлкен ұлы Ақылбай, Әйгерімнен туған ұлы Турағұлмен бірге түскен ғой. Бұл фотосуретті 1941 жылы Мұхтар Әуезов Семейдегі ақын мұражайына өзі әкеліп тапсырғанын білесіздер. Жалпы, өте төзімділікті талап ететін қиын жұмыс қой. Сақал-мұртының, шашының әр талын пинцетпен орналастырасың. Көзінің жарқылын, терісінің түсін жарық гаммасына үйлестіре жасауға тырысамын. Екі көзінің, мұрын мен ауыздың арасын өлшеп, пропорция сақтап, түпнұсқамен бірдей шыққанын қадағалаймын. Аэрографиялық, эмульсиялық жабындардың көмегімен түс, көлем, секілді текстураларды беруге тырыстым. Онсыз ақиқаттан алыстайсың. Шынымен, өте шыдамдылық пен асқан сабырлықты талап ететін жұмыс. Негізі, бір мүсінді келістіріп толық аяқтау үшін 4-5 айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Бірақ бұл өзі осыған татиды. Осыдан ләззат аламын десем болады.
Бүкіл болмысынан қажыр-қайраты көрініп тұрады
–Елбасының бейнесін жасау қиынға соққан жоқ па?
–Әрине, әр тұлғаны жасауда өзіндік қиыншылықтары болады. Мен Тұңғыш Президентіміздің мүсінін үш рет жасадым дедім ғой. Тәуелсіз мемлекетті құрған жанның бейнесі қандай болу керек!? Ол кісінің бет-әлпетінде анатомиялық күрделілігі бар. Соны дәл бере білу керек. Негізі, бүкіл болмысынан қажыр-қайраты көрініп тұратын тұлға ғой. Елбасының әр жерлерде сомдалған мүсіндері бар. Мен солардан өзгеше еткім келді. Өзіме ұнады…
–Айдос, қандай арманың бар?
–Арман көп қой. Ең алдымен, осы бір саланы көптеп, қолпаштап биік белеске көтеріп тастасақ деймін. Әзір жоғары жақтан да бір ықпал болыңқырамай тұрғаны рас. Мүмкін, көріне алмай жатқан да шығармын. Сосын балауыздан, силиконнан жасалған тұлғаларды бір жерге топтастыратын мұражай болса деймін.
–Естуімізше, биыл отбасын құрған көрінесің. Бақытты болуларыңа тілектеспіз!
–Иә, рақмет! Зайыбым осы Өскемен қаласынан. Есімі – Зарина.
–Сұхбат бергеніңе алғыс айтамын!
–Рақмет! Елімізде тойланып жатқан Тұңғыш Президент күні құтты болсын!
Сұхбаттасқан–Берікхан Тайжігіт