Ел құрамасын алға сүйреп жүр
Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен мәресіне жеткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алды. Бір қуантарлығы, ел құрамасының осындай дүбірлі додада топ жаруына септігін тигізген спортшылардың арасында біздің жерлестер де болды.
Президенттің өзі құттықтады
Құрлықтық додада табысты өнер көрсеткен ұлттық құрамамызды алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
– Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды одан сайын жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз. Еліміз күрес өнерін дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балуандарымыздың дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрінуі – соның айқын дәлелі, – деп жазды Президент.
Мемлекет басшысы спортшыларымыздың алдағы уақытта да аламан сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін асыра беретініне сенім білдірді.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметінен хабарлағандай, биылғы құрлықтық додаға 24 елден келген 300-ден астам балуан қатысты. Елорда төріндегі Азия біріншілігі тура бір аптаға созылғанын айту керек. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын 30 спортшы қорғады. Жоғарыда айтқандай, олардың арасында шығысқазақстандық бозкілем шеберлері де болды. Және олардың бірнешеуі жарыс қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көріне білді.
Жалпы, биылғы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын медаль жеңіп алды. Нақтырақ айтсақ, еркін күрестен ел қоржынына алтын жүлдені Санжар Досжан (70 келіге дейінгі салмақ дәрежесі), Дархан Есенғали (74 келі), Болат Сақаев (79 келі) пен Азамат Дәулетбеков (86 келі) салса, күміске Ризабек Айтмұқан (92 келі) мен Юсуп Батырмурзаев (125 келі) ие болды. Қола медальді Рахат Қалжан (57 келі) қанжығалады. Осы ретте, алтын медаль жеңіп алған балуандардың бірі біздің жерлес екенін айтқан жөн. Ол – салмағы 86 келіден аспайтын спортшылар бәсекесінде қарсылас шақ келтірмеген Азамат Дәулетбеков. Жалпы, чемпионат қорытындысы бойынша төрт алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған грек-римшілеріміз командалық бірінші орынды жеңіп алған-ды.
Әйелдер күресіне келсек, бұл бәсекеде ел қоржынымыз бес медальмен толықты. Бұл жүлделер Жәмилә Бақбергенова (72 келіге дейінгі салмақ дәрежесі), Эльмира Сыздықова (76 келі) (екеуі де алтын медаль иегері атанды), сондай-ақ Марина Седнева (55 келі), Нилуфар Раймова (57 келі) мен Елена Шалыгинаның (68 келі) (үшеуі де қола жүлде жеңіп алды) еншісінде.
Грек-рим күресінен өткен додада Ибрагим Магомедов (72 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) чемпион атанса, Диас Қален (82 келі) мен жерлесіміз Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс медаль иегері атанды. Тағы бес саңлағымыз үздік үштікті түйіндеді. Қанжығасына қола медаль байлағандардың ішінде Аманғали Бекболатов (55 келі), Мұхамедәли Мамырбек (63 келі), Алмат Кебіспаев (67 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі) бар.
Жерлестерінің үмітін ақтағандар
Бұл ретте, үздіктер қатарынан көрінген қос жерлесіміз туралы аз-кем айта кеткеніміз орынды болар. Оның бірі – Нұрсұлтан Тұрсынов. 87 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Нұрсұлтан финалға дейін іркілмей жетіп, шешуші белдесуде ғана сүрінді. Құрлықтық доданың финалында Иран мықтысы Насер Ализадеге жол берген шығысқазақстандық балуан күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, Тұрсынов осыған дейін үш бірдей Азия чемпионатының жүлдесіне ие болған. Атап айтсақ, 2014 жылы Астанада өткен құрлықтық біріншілікте қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанған жерлесіміз келесі жылы Катар астанасы Дохада жалауын желбіреткен додада күміс жүлдеге қол жеткізген. Ал былтыр Моңғолияның бас қаласы Ұлан-Баторда ұйымдастырылған Азия чемпионатында балуанымыз тағы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол жолы Нұрсұлтанның қанжығасы қола медальмен майланған. Демек, биылғы жүлде семейлік балуанның Азия біріншіліктерінен алып қайтқан төртінші медалі болды.
Елорда төріндегі додада өнерімен тәнті еткен тағы бір балуанымыз Азамат Дәулетбеков болғаны сөзсіз. Биылғы бәсекеге бабында барған балуанымыз сенімді жеңіске жетті. Сөйтті де, Азия біріншіліктеріндегі алтын медальдарының санын екеуге дейін жеткізді. Еске салайық, жерлесіміз құрлықтық жарыстардағы бірінші алтынын былтыр Ұлан-Баторда өткен біріншілікте жеңіп алған болатын. Сондай-ақ 2022 жылы Дәулетбеков Әлем кубогы үшін жарыста да үздіктер қатарынан көрінгенін айту керек. АҚШ-тың Коралвилл қаласында өткен сол додада жерлесіміз командаластарымен бірге үшінші орынға қол жеткізген еді. Сонымен қатар Азаматтың еншісінде алты дүркін Қазақстан чемпионы деген атақ та бар.
Тағы бір атап өтерлігі, биылғы Азия чемпионатында жеңіске жеткен балуандарға 2 300 АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі екен. Сол сияқты екінші орын алған спортшылар 1 400 доллар, ал үздік үштікті түйіндеген саңлақтар 900 доллар көлеміндегі сыйақыға ие болмақ. Сондай-ақ шәкірттері үздік нәтиже көрсеткен жаттықтырушылар да сыйақысыз қалмайын деп тұр. Бұған қоса «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын беру де қарастырылған. Бұл туралы жарыс алдында Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова мәлім еткен болатын.
Шығыста мықты база бар
Осы ретте Шығыс Қазақстандағы күрес түрлерінің қазіргі жағдайы туралы біраз айта кетуді де жөн деп таптық. Бүгінде өңірде бұл спорт түріне айрықша көңіл бөлінуде. Мұны жер-жерде ашылып жатқан секцияларға қарап-ақ айтуға болады.
Жалпы, облысымызда салауатты өмір салтын сақтап, спортпен кәсіби түрде айналысып, зор жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жастардың қатары артуда. Бұл үшін барлық жағдай жасалуда, жастармен өз ісінің нағыз майталмандары, көп жылдық тәжірибесі бар кәсіби бапкерлер жұмыс істеп, күрес әліппесін үйретіп жүр. Мәселен, бүгінде облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында 400-ге жуық жас спортшы тәрбиеленсе, оның ішінде күреске ден қойғандардың үлесі айтарлықтай.
Жас спортшылардың алға қойған мақсаттары айқын. Ел намысын абыроймен қорғап, үкілі үмітті ақтасақ дейді. Ал оған жету үшін бар күш-жігерін сарп етулері керек. Жастар үлкен жеңістерге табан ет, маңдай терсіз жетуге болмайтынын түсінеді.
Мектептегі темірдей тәртіпке бойұсынған спортшылар арнайы спорт залында дайындалады. Оқу-жаттығулардың барысын жаттықтырушылар қадағалап, әдіс-тәсілдерді меңгеру бойынша арнайы сабақ өткізеді.
Сондай мамандардың бірі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сейфаддин Османовтың айтуынша, отандық спортта күрестің алар орны қашан да ерекше болған. Негізі, бұл спортпен шұғылдану дене қабілеттерін жетілдіріп, табанды әрі алғыр болуға үйретеді, ынта-жігер мен тұлғалық қасиеттерді дамытады, дейді білетіндер.
– Биыл шәкірттеріміз біраз жарыста олжа салды. Арасында Қазақстан чемпионаты мен халықаралық жарыстарда топ жарған спортшылардан бөлек, Азия чемпионаты мен Әлем біріншілігінде жүлдеге іліккен балуандар да бар. Әрине, біз бұған тоқмейілсімейміз. Қайта шәкірттерімізді бұдан да зор жетістіктерге жетіп, одан да биік шыңдарға шығуға болатынын айтып, рухтандырамыз. Түптеп келгенде, міндетіміз де сол ғой. Ұстаздан шәкірт озса, оның несі жаман, – дейді бапкер.
Айта кетейік, соңғы жылдары шығысқазақстандық балуандар шынымен де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Әсіресе талапты да талантты жастарымыздың өсіп келе жатқаны қуантады. Бапкерлер қосыны да, жанкүйерлер қауымы да зор үміт артып отырған ондай жастардың арасында Ілияс Ерболатов, Сұлтан Құрманбаев, Айзат Қожанжаров, Нұрбол Түсіпбеков сынды бозкілем шеберлері бар.
Бұл ретте, осыдан біраз бұрын Семейде күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен республикалық біріншілікте жерлестеріміз бес медаль жеңіп алғанын айтқан жөн. Ол жүлденің екеуі алтын болса, үшеуі – қола. Осының арқасында Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жалпыкомандалық үшінші орынға ие болғанын айту керек.
Нұржан Кенжеұлы