Жолдау жол нұсқайды

Ел ертеңіне сеніммен қарайық!

Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы жолдауын асыға күттік. Бүгін жолдауды тыңдап, көңілім байыз тапқандай болды. Жолдаудың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталуының өзінде үлкен мән бар.

Жалпы болашағын болжамаған елдің, келешегі кемел болмайды. Біздің болшағымыз – балалар! Олардың білімді, тәрбиелі болуы бізге байланысты. Осыны ескерген ел Президенті өз жолдауында алдағы уақытта білім саласында үлкен өзгерістер болатынын айтты. Соның ішіндегі үш ауысымды мектептерді жою, балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеру, педагогтар мәртебесін одан ары арттыру мәселесі өте орынды деп ойлаймын. Ал жолдауда айтылған жастарды жұмыспен қамту деген сөздің төркінінде ауылға көңіл бөлу деген ой бар деп ұқтым. Осы жасқа дейін жолдың жаманын да, жақсысын да көріп келдік. Бұл жолғы жолдауда 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызы жөнделетіні айтылды. Бұл өте орынды тапсырма. Ауылшаруашылығын дамыту деген сөз – ауылға қарау деген сөз. Президенттің халықты тыңдап, ел эконмикасының тұрақты болуын назарға алып жатқаны қуантты.

Қазір барлығы ақшаға келіп тірелетін заман туды. Осы орайда Президенттің ел бюджетін реформалап, салықты реттеу мәселесін қарастыруға қатысты айтқаны ойға қонымды. Ал, саяси реформаның жөні бөлек. Бұл енді «Халық үніне құлақ асатын мемелекет» тұжырымдамасының орындалғанының айғағы. Президент өкілеттілігін бір мерзімге ауыстыру мәәселесі де тың бастама деп білген жөн. Бұл елдің ертеңі үшін керек дүние. Сонымен қатар, әйелдердің зейнет жасын қысқарту, 18 жасқа дейінгі балаларға арнайы қор ашу, қаңтар оқиғасына қатысқандарға амбиция жариялау дәл қазіргі уақыттағы өзекті мәселелер екені жұртқа аян. Енді осы айтылған ойлар, берілген тапсырмалар уақытында іске асса елдің көші түзеле түсері анық.

Біз халық болып ел ертеңіне сенім артайық ағайын! Елдегі барлық шешімін таппаған мәселе осы жолдаумен ғана шешіле қалмасы анық. Десе де бұл жолдаудың көшімізді оңға бастайтынына мен сенемін!

Нәбиолла Кемешев,

ақын-сазгер, Мәдениет қайраткері, Күршім ауданының құрметті азаматы, ШҚУ доценті, ҚАЕУ профессоры,

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button