Ауыл шаруашылығы

Ел қамын ойлап жүреді

Ел тізгінін ұстаған азаматтардың ең үлкен арман-мұраты – елінің есендігі мен сол қауымның тұрмысының бүтіндігі екені сөзсіз.

Ел қамын ойлап жүредіНұртөлеу Дүйсенбаев – сондай асыл арман арқалаған азаматтардың бірі. Сергиополь ауылында қарапайым отбасында дүние есігін ашқан ол, білім алып, өсіп-жетіліп, бүгінде Ақшатаудағы А.Көшкімбаева атындағы орта мектептің мүдірі болып қызмет атқаруда.

Бұл азаматтың жеткен жетістіктері, асқан асулары туралы аз-кем тоқталар болсақ, ол бала тәрбиесіндегі жетістіктері мен аталған саланы жақсартудағы елеулі еңбегі үшін «Қазақстан оқу ісінің озық қызметкері», «Қазақстан Республикасы-ның білім озаты» белгісімен және жас ұрпаққа экологиялық және валеологиялық тәрбие берудегі жетістіктері үшін «Полигон–29 тамыз» халықаралық қорының Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұған оның республикалық деңгейде атап өтілген Дулат Бабатайұлының 200 жылдық мерейтойын жоғарғы деңгейде ұйымдастырғаны үшін алған Мәдениет министрінің, облыс Әкімінің Құрмет грамоталарын қосуға болады.

– Ең әуелі ел алдындағы азаматтармен бірлесе отырып, 1996 жылы Қарағаш ауылында жаңа орта мектептің пайдалануға берілуіне, сондай-ақ, Қарағаш–Аягөз жолының жөнделуіне үлес қосқанымды мақтан етемін, – дейді аудандық мәслихат депутаты Нұртөлеу Тобағұлұлы. – 2000 жылы аудандық білім бөлімінің ұйғарымымен өз ауылыма қызметке келдім. Сол кездегі бюджет тапшылығына байланысты осы жерден шыққан кәсіпкерлер мен беделді азаматтардың назарын ауыл проблемасына аударта жүріп, мектепті сол кездегі бағамен тоғыз миллион теңгеге жөндеп шыққан едік.

Ал қазір ол жалғыз өзі басқаратын мектеп қана емес, бүкіл ауданның әр саласы жаңғырып келе жатқанына куә болып отыр. Сондықтан да ел мүддесін ойлаған азамат қала мен ауылдың көркейіп, жақсара түсуі әрбір тұрғынның жауапкершілікпен іс атқаруында, яғни, өз қолында екенін айтумен келеді.

Тілеукен Тілеубердіұлы
Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button