Ауыл шаруашылығы

Экспорт көлемін ұлғайтады

Соңғы уақытта еліміз экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жобаларын іске асыра бастағаны белгілі. Қазіргі уақытта еліміздің облыстарында 272,2 млрд. теңгелік 298 жоба  іске асуда. Осындай жобалардың екеуі бүгіндері Көкпекті ауданының аумағында жүзеге асырылып жатыр.   

Ауыл шаруашылығы өнімдерін көпшілік тұтынатын тауарларға айналдыруға қаражат бөлудің маңыздылығы күн санап артып келеді. Міне, сол себепті осы бағытқа қаражат құйып, шаруашылықтар санын арттыруға ниеттес Аграрлық несие корпорациясы салаға қомақты несиелер бөлуде. Биылғы тамызда Премьер-Министр Асқар Мәмин елдің әр облысындағы балық шаруашылықтарының санын арттыру туралы тапсырма берген болатын. Балық шаруашылықтарының санын арттырып, сапалы өнім алуды көздеген өңірлердің бірі біздің облыс болды. Атап айтсақ, Шығыс өңірінде Аграрлық несие корпорациясының көмегіне жүгінген көкпектілік екі шаруашылықтың бірі балық, енді бірі мал шаруашылығына ден қойған.

Аталмыш ұйымнан  50 млн. теңге несие алып, жобаны жүзеге асырған «Кузьмич» шаруа қожалығы балық шаруашылығын 2018 жылы бастаған еді. Корпорация тарапынан берілген қаражатты нақты іске жұмсай білген кәсіпкер қазіргі уақытта балықтың бірнеше түрін өсіріп отыр. Оған қоса, келешекте көрші Ресейден қызыл балық әкеліп өсірмек. Бұдан бөлек, төменгі деңгейінде – балық, үстінде өсімдік шаруашылығын қатар қолдануға мүмкіндік беретін аквапоника әдісін қолданып, шаян өсіруді де жоспарлап отыр.

– Бассейнде форель тұқымдастарына жататын балықтарды өсіріп отырмыз. Уақытында тамағын беріп, бассейн суын жиі тазартып отырамыз. Жерасты суларын пайдаланатындықтан, қыста да ондағы су қатып қалмайды. Ал аяздарда бассейіні бар ғимаратты пешпен жылытамыз, – деді балық өсірумен айналысатын маман Болат Мұрынбаев.

Кәсіпорынға қарайтын көлдерден аулаған балық зауытқа тікелей өткізіліп, онда өңделген соң сатылымға шығарылады. Қораптарға салынып, мұздатқышта қатырылған балық Қытайға, Ресейге, Әзірбайжанға, Грузияға экспортталады.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылығын дөңгелеткен кәсіпкер қазіргі уақытта 25-тен аса ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыған. Ендігі жоспар – келесі жылы экспортталатын балық өнімдерінің көлемін 100 тоннаға жеткізу.

Аграрлық несие корпорациясының көмегіне жүгінген шаруашылықтардың тағы бірі – осы Көкпекті ауданында орналасқан «Елімай Көкпекті» шаруа қожалығы жобаны қазан айында іске қоспақ ниетте. Кәсіпті 150 бас ақбас сиыр асырап бастаған шаруашылық осыдан екі жыл бұрын ірі қара санын 3000 басқа жеткізген екен. Сиыр етін нарыққа шығаруды ойлаған кәсіпкер мал бордақылауға арналған несие алды. Осылайша, төрт жылда асыл тұқымды ірі қара шаруашылығы мәртебесіне қол жеткізген қожалық шетелдік тәжірибені де қолдануда. Қазір екі мың бас ірі қараны бордақылайтын бұл шаруашылық келешекте сойылған сиыр етін Қытайға және БАӘ-ге экспорттауды жоспарлап отыр.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button