Экология

Экологиялық жағдайды сауықтырудың жолдары бар

Кеше Глубокое кентінде облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВТІҢ төрағалық етуімен облыстағы қоршаған ортаны қорғаудың маңызды мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Оған Глубокое ауданындағы ауылдық округтердің әкімдері, мекемелер мен ұйымдардың басшылары, ірі шаруашылықтардың жетекшілері қатысты.

Экологиялық жағдайды сауықтырудың жолдары барОблыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов жиналғандарға таяуда ғана өңірімізде арнайы жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың облыстың экологиялық ахуалымен танысқандығын, облыстық әкімдік тарапынан аталған мәселеге қатысты ұсыныстардың министрлікке жолданғанын, олардың бәрі министрлік тарапынан қолдауға ие болғандығын жеткізді.

Сонымен қатар, облыс Әкімінің бірінші орынбасары, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Үкімет басшысына облыстың экологиялық жағдайымен жіті танысып, оны жақсарту бағытында кешенді жұмыс жасайтын үкіметтік деңгейдегі арнайы жұмыс тобын құруға ұсыныс білдіргенін, аталған ұсынысты Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қабылдағанын, осыған орай Үкімет басшысының бірінші орынбасары С.Ахметовтың жетекшілігімен құрылған республикалық деңгейдегі жұмыс тобы наурыздың 27-28 күндері облысқа келіп, экологияға қатысты барлық түйткілді мәселелерді зерделейтіндігін мәлімдеді.

Жиын барысында ол министр Нұрлан Қаппаровтың «Шығыстың экологиялық ахуалын оңды шешу министрліктің жұмысына үлкен абырой болмақ» деген сөзіне маңыз бере тоқталып өтті. Сондықтан алдағы ауқымды шаруаларға орай, облыстық деңгейдегі жұмыс тобының алғашқы отырысын Глубокое ауданынан бас-тауды жөн санап отырғандарын атады. Оған нақты себептер де жоқ емес. Глубокое ауданында ауаға зиянды қалдықтарды бөліп шығаратын тау-кен кәсіпорындары жетерлік. Бұл жөнінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мұрат Асанбаев баяндады. Оның айтуынша, аудан көлемінде орналасқан «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не қарасты кәсіпорындар тарапынан табиғатты ластаушылық бар. Мәселен, Глубочанка, Краснояр өзендері ластануда. «Секисовка» тау-кен кәсіпорнында былтырғы күзде болған апаттың салдары да, қайта қалпына келтіру жұмыстары да әлі де жергілікті тұрғындардың назарында. Аудандағы бұдан басқа да экологияға қатысты түйткілді мәселелерді республикалық жұмыс тобының назарына ұсыну қажет.

Облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы В.Чернецкий ауданда тау-кен кәсіпорындары өткен ғасырдың алғашқы жартысынан бастап жұмыс істеп келе жатқандықтан қалыптасқан экологиялық ахуалды жоққа шығармайтынын, керісінше оны шешудің тиімді жолдарын бірлесіп қарастыру керектігін айтты. Ауданда бүгінгі таңда жиыны 11 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны заңдастырылған екен. Сондай-ақ, басқарма басшысы осы бастан аудан тұрғындарынан экология мәселесіне қатысты ұсыныс-тар мен өтініштерді жинақтап, саралап, келетін республикалық жұмыс тобына беруге ұсыныс жасады.

«Секисовка» тау-кен кәсіпорнындағы қазіргі ахуал бойынша «Секисовка тау-кен кәсіпорны» ЖШС-нің атқарушы директоры Георгий Дудукалов баяндады. Оның айт-қандарына сенер болсақ, аудандық әкімдік пен «Секисовка ТКК» ЖШС арасында Секисовка ауылындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған меморандумға қол қой-ылған. Меморандумға сәйкес жергілікті кәсіпорын бірқатар міндеттер-ді мойнына алған. Соның ішінде 20 млн. теңгеге Секисовкада жаңа су қоймасын салу, 4 млн. теңгеге ауыл ішінде су құбырын тарту, 30 млн. теңгеге «Водолей» су тоғанын жайлы демалыс орнына айналдыру және саябақ аймағын құру, 9 млн. теңгеге балалардың демалыс орнын жасау, 11 млн. теңгеге ауылішілік жолдарды асфальт-тау сияқты ау-қымды жұмыстар атқарылмақ.

Белоусовка кентінің әкімі Айдар Әбілмәжінов жел тұрса, кентке жағымсыз иіс таралатынын айтып, полигон қалдықтарын қай-та өңдеу жолға қойылcа деген ті-легін жеткізді. Сондай-ақ, өндіріс қалдықтарының Ертіс өзеніне құйылуына да жол бермеу керек.

Өндірістік кәсіпорындардан бөлінетін қалдық заттардың табиғатты ластаудағы зияндылығын талай жылдардан бері ғылыми зерттеу нысанасына айналдырып келе жатқан Алтай геология институтының директоры, геология ғылымдары-ның докторы Ержан Сапарғалиев ауа мен өзен-көлдердегі тіршілікті бүлдіретін зиянды қалдық заттар туралы жиналғандарға кеңінен түсіндіріп, баяндап берді.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы В.Лопаткин өңірдегі өндірістік ірі кәсіпорындар қалдық заттарын кәдеге жаратуды қолға алмай отырғандықтарын атады.

Бұл ретте «Қазақмыс» корпора-циясының «Қазцинктің» филиалдарымен бірлесіп жұмыс істеу қажет. Аталған қалдықтарды іске жаратудың тиімді жақтарын кәсіп-орын жетекшілерімен ақылдаса отырып шешу керек. Сонымен бірге ол геолог-ғалымның келтірген тәжірибелерін облыстағы тау-кен кәсіпорындардың басшылары назар-ға алғандары абзал екендігін атады.

Жиынды қорытындылаған облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ көтеріліп отырған мәселелердің барлығы орынды екенін, ірі кәсіпорындар орналасқан жерде экология мәселесі болмай тұрмайтындығын, тек оған бір жақты қарамай, жан-жақты талқылап, оңтайлы да пайдалы шешім қабылдау керектігін айтты. Сонымен бірге жергілікті халықтан экологияға қатысты барлық ұсыныс-пікірлерді жинақтап, республикалық жұмыс тобына ұсыну дұрыс екендігін атап өтті. Барлық талап-тілектер үкіметтік жұмыс тобының алдына қойылатын болады. Ол үшін жергілікті тұрғындарды алдын ала құлақтандырып, газет арқылы хабарландыру беруді тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button