– Екінші рет жүкті әйелді жолда босандырып алдым
Іңкәр Мұхаметқалиева, гинеколог-дәрігер:
Жыл басы еліміздің біраз аймағында ақтүтек боранмен басталды. Халықаралық және республикалық маңызы бар күре жолдар жабылды, қаншама жолаушы жолда қалып, құтқару жұмыстары жүргізіліп, төтенше жағдай жарияланды. Ал біздің Шығыста осы күні, нақтырақ айтсақ, қаңтардың 4-інде Зайсан ауданында ерекше жағдай болды. Бұл қайсарлық пен ерлікті елемей кету мүмкін емес.
Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран болатын. Зайсан-Шілікті бағытындағы жолда кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігінде жас гинеколог-дәрігер ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге барды. Абырой болғанда, бәрі сәтімен аяқталды.
Осы жағдайдан құлағдар болған біз «жақсыны көрмек» ниетпен Зайсан аудандық ауруханасының гинеколог-дәрігері Іңкәр Мұхаметқалиевамен кездесіп, сұхбаттасқан едік. Бір ерекше айта кетер жайт, Іңкәр Мұхаметқалиқызы – Зайсан аудандық ауруханасында интернатура, резидентураны толық бітірген жалғыз маман, екінші дәрежелі дәрігер, акушер-гинеколог, хирург-гинеколог, сонолог.
– Сәлеметсіз бе, Іңкәр Мұхаметқалиқызы. Көңіл-күйіңіз қалай? Бүгінгі жұмыс күніңіз қалай басталды? Әлеуметтік желіге назар аудардыңыз ба?
– Сәлеметсіз бе, рақмет, көңіл-күйім жақсы, көтерінкі десем де болады. Күнделікті жұмыс дағдысымен қызметімді атқарып жатырмын. Әлеуметтік желіде жиі отырмасам да, кеңес сұраған аналар мен емделушілеріме дәрігерлік кеңесімді беремін. Сондықтан жаҺандық даму дәуірінде әлеуметтік желіге де уақыт тауып, назар аударып, өзімнің мамандығыма сай қажетті кеңестер мен мәліметтерді, салама қатысты ақпарат алып отырамын. Әрине, кешегі болған жағдайдан кейін бір күннің ішінде әлеуметтік желілер мен сайттарда жұлдыз болып кеткендеймін. Дегенмен бұл менің күнделікті жұмысым ғой.
– Жақсы, ол жағын қозғамас бұрын, ақын Қасым Аманжолов «өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп жырлағандай, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?
– Мен 1990 жылы қаңтардың 16-сы күні Зайсан қаласында дүниеге келдім. Орта білімді Зайсан қаласындағы қазақ мектебінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы білім ордасынан алдым. Отбасында екі қызбыз, үлкені – мен. Анам Қатира Шотанбаева аудандық ауруханада ширек ғасыр педиатр-неонатолог дәрігері болып қызмет етті. Қазір де еңбек етіп жүр. Орта мектепті бітірген соң балалық арманыммен еліміздегі ірі медициналық жоғары оқу орындарының бірі – Семей мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. 2008-2015 жылдары Семей мемлкеттік медицина университетін жалпы медицина мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, 2013-2015 жылдары жалпы медицина мамандығы бойынша интернатура біліктілігін, 2015-2018 жылдары осы оқу орнының акушерия және гинекология, соның ішінде балалар гинеколог-дәрігері резидентурасын тәмамдадым. Мамандығым – акушер-гинеколог, УДЗ дәрігері, бала және жасөспірімдер гинекологы. Жалпы, медакадемияда 10 жыл оқыдым. Оқу ордасында білімді, білікті дәрігерлер мен профессорлардан дәріс алдым. Оқытушыларымның арқасында Ресейдің Омбы қаласында интернатураның үш айын оқып, білімімді тереңдете түстім. Омбы қаласында оқып жүріп, ғылыми жобалар олимпиадасына қатысып, жүлделі екінші орын алдым. Үш айдың көлемінде медицина саласы едәуір дамыған Ресейдің Омбы қаласындағы жоғары оқу орнында көзге түсіп, аталмыш оқу орны интернатура мен резидентурамды осында оқуыма ұсыныс жасап, қалуымды өтінген болатын. Үйдегі туған-туыстарыммен ақылдаса келе, ол ұсыныстан бас тартып, оқуымды Семейде жалғастырдым. Жалпы, резидентураны Астана, Павлодар, Алматы қалаларында оқыдым. Оқи жүріп, УЗИ мамандығын да қоса алып шықтым. Оқуымды аяқтаған соң, 2018 жылдан бастап туған жерім Зайсанға келіп, аудандық ауруханада қызмет етіп жатырмын.
– Білімі мен білігі толысқан осындай жоғары дәрежелі әрі таптырмас дәрігер маман бола тұра барлық жағдай жасалған үлкен қалаларды таңдамадыңыз, шалғай ауданға келуге не себеп болды?
– Енді мен өзімнің туған жеріме бар жиған білімім мен тәжірибемді арнауым керек деп шештім. Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайдағы Зайсан ауданына қандай дәрігер болмасын ауадай қажет. Егер маман болмаса, халық еріксіз қалаға баруға мәжбүр болады. Бастысы, мен өзімді аялап өсірген туған жерім мен халқыма қызмет етуім керек деп шештім. Жағдайым жақсы. Мемлекет тарапынан жас маман ретінде аудандық аурухананың қасынан көпқабатты тұрғын үйден жалдамалы пәтер берілді. Алған пәтерімнің барлық жағдайы жасалған. Су, газы бар. Зайсан қаласы да үлкен шаһарлардан кем емес. Әлеуметтік және экономикалық дамуы тұрақты. Әлеуметтік нысандар, халыққа қызмет көрсету орталықтары – барлығы бар. Бастысы, ауа таза. Туған жердің көркейіп дамуына, әлеуметтік тұрмысының артуына неге атсалыспасқа? Маған туған қалам Зайсаным ұнайды.
– Сіздің дәрігерлік мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Жауапкершілігі мен ауыртпашылығы қатар жүретін мамандық қиындық туғызбай ма?
– Жоғарыда өзіңізге айтып өткендей, менің анам Қатира Шотанбаев ұзақ жылдар Зайсан аудандық ауруханасында педиатр-неонатолог дәрігер болып еңбек етті. Зейнет жасына толса да, аудандық аурухананың білікті эксперт-дәрігері болып қызмет етуде. Анам өз мамандығының шебері десем де болады. Жұмысына тиянақты әрі жауапкершілігі мол.
Бала кезімде анаммен еріп аудандық ауруханаға жиі келетінмін. Сонда анамның және әріптестерінің ақ халат киіп, науқастарға қызмет еткенін көріп, «өскенде мен де анам сияқты ақ халат киемін, мықты дәрігер боламын» деп іштей серт беріп, сол балалық арманыма ұмтылдым. Отбасында туған-туыстар арасында дәрігер ағаларым бар. Отбасылық бас қосуларда дәрігер мамандығы жайлы жиі айтылатын. Соңымнан ерген сіңілім Айгерім де медицина мамандығын таңдаған. Қазіргі таңда медакадемияның 4-курс студенті. Жалпы, біздің отбасы аудандық медицина саласының династиясы десек те болады.
– Сіз қызмет ететін аудандық аурухананың материалдық-техникалық жағдайы қалай, құрал-жабдықтар жеткілікті ме? Осы уақытқа дейін қанша сәбидің кіндігін кесіп, аналарға қуаныш сыйладыңыз?
– Аудандық ауруханада еңбек етіп жатқаныма алтыншы жылға аяқ басыпты. Соңғы уақытта аудандық перзентханада босанған аналар да, жүкті әйелдер де көп. Осы күнге дейін қанша сәбиді аялы алақаныма салып, қанша ананы босандырып алғанымды санамаппын. Жалпы, дәрігердің міндеті – ана мен баланы аман алып қалу, ана мен баланың денсаулығына жауапкершілік жоғары болғандықтан басқаға мән де бермеппін. Аудандық аурухананың перзентханасында өзге аудандарда жоқ жағдайлар жасалған десем артық айтпаспын. Бүгінгі таңда сол аналарымызды, балаларымызды I, II, III скрининг УЗИ-ін осы жерде өзім өткізіп отырмын. Ота бөлімінде гинекологиялық палата бар. Сол гинекологиялық палатаның гинеколог-дәрігерімін. Перзентхана бөлімінде де дәрігермін. Жедел ота жасау қажет болса, кесарь тілігі, жатыр мойын кистасы, аналық без кистасы сияқты шұғыл жасалатын оталарды да жасап жүрмін. Ауруханамызда гинекологиялық ота жасауға арналған қажетті медициналық жабдықтар да бар.
– Іңкәр Мұхаметқалиқызы, сіз өз ісінің нағыз маманы екенсіз. Ал енді кешелі бері әлеуметтік желіде тараған жағдай туралы баян етсеңіз. Көпшілік жұрт сіздің шеберлігіңіз бен біліктілігіңізді, тәуекелге бел буған батылдығыңызды ерлікке балап жатыр…
– Әрине, бұл бір ерекше жағдай болды. Әдеттегідей жұмысымызды атқарып жатқан едік. Кенет Зайсан ауданынан 60 шақырымдай таулы аймақтағы Шілікті ауылына қарасты Дойка қыстағына барған 1984 жылғы әйел адамның толғағы қысып, жолға шыққаны хабарланды. Өзіңіз біліп отырғандай, сол күні, 4 қаңтарда Зайсанда ақтүтек боран соғып, даланы қойып, қаланың ішінде қатынау қиынға соққан. Толғағы қысқан ананы ести сала «нар тәуекел» деп, бар жауапкершілікті мойныма артып, аудандық аурухананың жедел жәрдем көлігімен, қасымда балалар мейірбикесі Үмітгүл Оразахимова бар, сағат 10.00 шамасында жолға шықтық. Аудан орталығынан шыға беріс жол ашық болғанымен бір сағаттай жүрген соң қауіпті жол аймағы бар Шілікті тау жолында боран үдей түсті. Жол көрінбей, кейбір жерлерді қар алып қалыпты. Жедел жәрдем жүргізушісі Сымбат Бықаевтың шеберлігі мен батылдығының арқасында қауіпті аймақтардан, жолды алып қалған қасат қарды бұзып отырып ілгері жүрдік. Шілікті ауылына тақай бергенде алдымыздан қарсы бағытта шыққан «Нива» көлігі де кездесті. Сағат 12.25 шамасында жүкті әйелді қалай жедел жәрдемге жатқыздық, солай босануға ыңғай танытты. Алдымен дереу тексердім. Баланың мойнына кіндігінің үш рет оралып қалғанын және әне-міне дүниеге келейін деп тұрғанын әрі баланың дұрыс жатпағанын ұқтым. Бұндай жағдайда жүкті әйелге ауруханада кесарь тілігі жасалады. Бірақ оған уақыт жоқ. Кесарь тілігін күтсек, баланың да, ананың да өміріне қауіпті. Тәуекелге бел байлауға тура келді. Көп ойланатын да, қорқуға да уақыт жоқ. Бірден медбике екеуіміз босандырып алу керек деген шешім қабылдадық. Алдымен бетімен келіп тұрған баланың жатқан ығайын өзгерттік. Артынша мойнына үш рет оралған кіндікті тарқаттық. Сол сәтте кішкентай ғана тіршілік иесі шыр етіп өмірге келді. Сағат 12.35 болатын. Бұл дауыс толғатқан ана мен дәрігердің құлағына періштенің үніндей болып жағатыны анық. Міне, сол үнді естіп, ана мен баланы аман алып қалған соң, барлық медициналық қажеттіліктерді жасап, кері жол жүрдік. Боран екпіні басылар емес. Жағдай қиындай түсті. Жолда қалып қоямыз ба деп үрейлендік. Бұндай сәтте дәрігер мен медбикенің тағы бір міндеті – ананың көңілін аулап, психологиялық қолдау көрсету. Жол бойы ананың көңілін аулап, бала екеуінің денсаулығын бақылап отырдық. Жүргізушіміз Сымбаттың шеберлігінің арқасында аман-есен аудандық ауруханаға да жеттік.
– Қазір бала мен ананың жағдайы қалай?
– Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Жанымызды шүберекке түйе отырып дүниеге әкелген сәбиіміз – қыз бала. Салмағы 2 кг 300 грамм, бойы 54 см. Босанған ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызметтің барлығы жасалуда.
– Іңкәр Мұхаметқалиқызы, бұл сіздің дәрігелік қызметіңізде алғаш рет болып отырған жағдай шығар?
– Дәрігерлік қызметімде алғашқы жағдай болғанымен, бұндай жағдай бұрында басымнан өтті. Осымен екінші рет жүкті әйелді жолда босандырып алдым.
2017 жылы оқуда жүріп, Астанадан Семей бағытындағы пойызда келе жатқанбыз. Семейге 20-30 км қалғанда бір әйелдің толғағы қысып, әп-сәтте вагонның ішінде у-шу болды да кетті. Вагонда дәрігер маманы болмағандықтан толғатып жатқан әйелдің қасына баруыма тура келді. Қарасам, босануға дайын жатыр екен. Шамамен, жүктіліктің 38-ші аптасы. Қолымда ешқандай медициналық құрал не спирт та жоқ. Көп ойлануға уақыт жоқ. Ана мен баланың өміріне араша түсу керек. Босандырайын деп шештім. Әрине, қорқыныш болды. Алдымен, Алла көмектесті, екінші, өзімнің білімім мен батылдылығымның арқасында ананы аман босандырып алдым. Вагон ішінен арақ табылып, сонымен сүртіп, көптеген шүберектермен баланы қымтап, кесетін құрал болмағандықтан, жолдасымен ана мен сәбиді күтіп тұрған жедел жәрдем дәрігерлеріне аман-есен тапсырдым. Ол да қыз бала болатын. Сол сәттегі қуанышымды, нағыз дәрігер болатыныма сенімім мен мақтаныш сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес еді.
– Қандай керемет! Бұл жағдай баспа беттерінде жарияланып, оқу орнында ескерілді ме? Босандырып алған ананың есімін білесіз бе?
– Жоқ, бұл жағдай сол бір сәттегі уақытша кезеңдей ғана өте шықты. Бәлкім, жас болғандықтан ба, оны соншалық үлкен іс деп ойламадым. Менің болашақтағы міндетім осы деп білдім. Кейде ол жағдайды еске аламын. «Ана мен сәбидің жағдайы не болды екен?» деп ойлап қоямын. Олар да мені ойлай ма екен, іздейтін де шығар деп қоямын. Бастысы, ана мен баланы аман алып қалдым, соған тәубе деймін.
– Өте керемет! Іңкәр Мұхаметқалиқызы, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет. Өзіңіздей адам өмірінің арашашысы, ана мен баланың қорғаныш періштесіндей болған ақ халатты абзал жандар көп болсын.
Сұхбаттасқан – Еркебұлан Зағыпаров,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Зайсан ауданы.