Екі жүздей ауылға интернет тартылады
Шығыс Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – ауылдардың ғаламтормен қамтылуы. Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, осы тұрғыда бірқатар жұмыс атқарылмақ.
Атап айтсақ, алдағы үш жылда облыстың 200-ден астам ауылына сапалы интернет тартылады.
Өткен жылы облыстағы 363 елді мекеннің 160-ына сапалы мобильді интернет тартылды. Қалған 203 ауыл 2026 жылға дейін кезең-кезеңмен сапалы интернетпен қамтылады.
– Осы жылы жергілікті бюджет есебінен 1,3 миллиард теңгеге 19 антенна орнату және ұялы байланыс операторларының қолданыстағы лицензиялық міндеттемелерін орындауы есебінен 16 ауыл мобильді интернетпен қамтылады. Тағы 70 ауылда ғаламтор ұялы байланыс операторларымен жасалған шарттар негізінде қолжетімді болады. Нақты айтқанда, биыл 63 ауылда, келер жылы 7 ауылда жұмыс жүргізілмек, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Қалған 117 елді мекенге сапалы интернет тарту жұмыстары 2025-2026 жылдар аралығында мәресіне жетеді.
Ержан Кеңесұлы