Құқық

Екі миллион теңгеге швабра алмақ болған

 Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарының бірі  екі миллион теңгеге жуық қаражатқа  бір швабра және  1,2 миллион теңгеге бір матрас жиынтығын сатып алмақ болған. Алайда швабраның базардағы орташа құны 25 мың теңге болса, матрастың бір жиынтығының бағасы 30-дан 130 мың теңге аралығында.

“Семей медицина университеті” КЕАҚ Өскемен филиалының бұл былықтары Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесінде әшкереленді.

Атап айтқанда, білім беру мекемесі 1,9 миллион теңгеге бір швабра бірлігін және 1,2 миллион теңгеге бір матрас жиынтығын сатып алуды жоспарлаған, алайда швабраның орташа нарықтық құны 25 мың теңге, матрастың бір жиынтығының бағасы 30-дан 130 мың теңге аралығында екен.

Антикордың араласуынан  кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзету енгізіліп, шамамен 3 млн теңге үнемделді. Үнемделген қаражат өзге тауарларды сатып алуға жұмсалатын болады.

Департаменттің ұсынысы бойынша 2022 жылы мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу жоспарларын қайта қарап, бюджетті 425 млн. теңгеге үнемдеді, ал осы жылдың басынан бері 205 млн.теңге үнемделді.

-Бюджет қаражатын ұтымсыз пайдаланудың алдын алу құралдарының бірі -мемлекеттік сатып алу мониторингі екенін айта кеткен орынды. Оның негізгі міндеті – мемлекеттік сатып алуды жоспарлау  кезеңінде тауарлардың құнын жасанды түрде көтеруге жол бермей, алдын алу, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button