Денсаулық сақтау

Екі жастағы бүлдіршіндерге екпе салатын елдер бар

Айна Ескенқызы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылдың маусым айының соңында балаларды коронавирусқа қарсы вакцинациялауға болатындығын алғаш рет мойындады. ДДҰ сарапшыларының стратегиялық консультативтік тобы Pfizer және BioNTech компанияларының коронавирустық вакцинасы 12 жастан асқан балаларға жарамды деген қорытындыға келді.

Pfizer және BioNTech фармацевтикалық компанияларының клиникалық сынағы нәтижелері бойынша, осы топтар үшін вакцинаның тиімділігі 100% құрайтыны, сонымен қатар жасөспірімдерге арналған вакцинаның қауіпсіздігі дәлелденген. Қыркүйек айының соңында Pfizer және BioNTech 5-11 жас аралығындағы балалар арасында вакцинаны сынаудың оң нәтижелерін жариялады. Осылайша, әлем елдерінде жасөспірімдерге де ковидке қарсы екпе салу басталып кетті.

Егер басқа мемлекеттерде балалар мен жасөспірімдерге вакцина жасау деңгейіне шолу жасап көрсек, АҚШ-та жасөспірімдердің вакцинация қарқыны дельта штамынан туындаған аурудың күрт өсуінен кейін жеделдеді. Қазіргі уақытта АҚШ-та 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің жартысынан азы толығымен егілді. Бұл ретте жасөспірімдердің вакцинациялану  көрсеткіштері әр штатта әртүрлі. Егер Калифорнияда 12-17 жас аралығындағы балалардың вакцинация деңгейі 70%-дан асса, көптеген Солтүстік штаттарда осы жас тобының төрттен бір бөлігі ғана екпе салдырған.

Еуропалық Одақ елдеріндегі вакцинация компаниясы әртүрлі жылдамдықпен жүруде. Франция 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді вакцинациялауды бастаған алғашқы елдердің бірі болды. Францияның Ұлттық денсаулық сақтау агенттігінің мәліметтері бойынша, 12 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың 78,2%-ы вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды, ал 75%-ы толығымен егілді (2021жылғы  23 қарашадағы мәліметтер).

Италия үкіметінің мәліметтеріне сәйкес, 12-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 69,28%-ы толығымен вакцинацияланған. Германия билігі бастапқыда созылмалы аурулары бар жасөспірімдерді вакцинациялауды ұсынған-ды, алайда дельта штамының таралуынан кейін 12 жастан асқан жасөспірімдерді жаппай вакцинациялау туралы шешім қабылдады. Үкіметтің мәліметтеріне сәйкес, 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 45,2%-ы толығымен вакцинацияланған. Швейцария билігі маусым айының басында 12 жастан асқан балаларға екпе салуды мақұлдады. Бұл елдегі соңғы мәліметтерге сүйенсек, 19 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 40,13%-ы Pfizer вакцинасымен вакцинацияланған.

Ал Қытай мен Куба екі-үш жастағы бүлдіршіндерге коронавирусқа қарсы екпе салған алғашқы мемлекеттер. Кубада вакцинация екі жастан басталса, Қытай үш жастан екпе салып отыр. Екі ел де өздерінің вакциналарын қолдануда. Қыркүйек айының ортасында Қытайдың мемлекеттік теледидары 12-17 жас аралығындағы студенттердің 91%-ы толығымен вакцинацияланғанын хабарлады. 2021 жылғы 15 қарашадағы ресми мәліметтерге сәйкес, бүкіл Қытай бойынша 3  жастан 11 жасқа дейінгі 84,4 миллион   бала COVID-19  қарсы вакцина алды. Олардың 49,4 миллионнан астамы үдеткіш (үшінші) дозаларды салғызған.

Үндістанда жасөспірімдерге дәстүрлі шприцтің орнына инесіз аппликаторды қолдана отырып, вакцинаның үш дозасы егіледі. Бірінші кезеңде ауыр сырқаты бар 12-17 жас аралығындағы балаларды вакцинациялау жоспарлануда, жасөспірімдерді жаппай вакцинациялау ересектерді вакцинациялау аяқталғаннан кейін басталады. Компания жақын арада екі жастан кіші балаларға вакцина сынақтарын бастауға үміттенетінін айтты.

Өңірдегі жағдайға келетін болсақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметі бойынша, аймақта 56 мыңнан астам жасөспірім өздерін ковидтен «Pfizer» компаниясының препаратымен қорғады. Олардың 45 мыңға жуығы бірінші компонентін алса, он мыңдай бала екі дозасын да салдырып үлгерді.

Елімізде «Pfizer» компаниясының екпесі сонымен қатар 16-37 апталық мерзімдегі жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға да салынады. Бүгінгі таңда 1250 жүкті әйел мен төрт мыңнан астам жас ана вакцина салғызған.

Өскемендік Айғаным Қизатқызы жуықта ғана ауруханадан шығыпты.

–Төртінші баламызды тосып жүрміз. Жасым да келіп қалғандықтан, екпе салдыруға қорқып едім. Жүктіліктің 28 аптасында ковид жұқтырып, емделіп шықтым. Енді әзірше вакцина салдыруға болмайды. Күні-түні нәрестеміз аман дүниеге келсе екен деп тілейміз. Екпені уақытында салсам, ауырмас па едім, – деп өкінеді келіншек.

 

Осы айдарда

Back to top button