Денсаулық сақтау

Екі ауданның тұрғындарына қызмет көрсетеді

Алтайда ашылған гемодиализ орталығы екі ауданның тұрғындарына қатар медициналық қызмет көрсетеді.

Өткен айда Алтай ауданында бүйрек жетіспеушілігінің созылмалы ауыр түрлеріне шалдыққан науқастарға ауадай қажет гемодиализдік орталық ашылған болатын.

Бүгінгі күні Алтайда осындай қауіпті дертке шалдығып, қажетті бағытта емшаралар қабылдап жүрген сегіз тұрғын бар. Гемодиализдік емді аптасына үш реттен қабылдайтын науқастар барлық ем-домды тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында алып жатыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған «В.В. NURA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы жұмысын бастағанына бір айдың жүзі болды.

– Мұндай орталық бізге көптен бері қажет еді. Өкінішке қарай, гемодиализдік емшараны қажетсінетін науқастарымыздың саны азайған жоқ. Сол себепті ауданның депутаттық корпусы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен осындай емдеу орталығын ашуға бірнеше жыл қатарынан күш салдық. Біз бірнеше рет депутаттық сауал жолдадық. Дегенмен, оның шешіміне ауданаралық ауруханаға Олжас Нұрекенов сынды жаңа бас дәрігер тағайындалған кезде ғана қол жеткіздік. Орталықты ашумен қатар оны мамандармен қамту мәселесін де шештік. Енді мұндай шешімнің қаншалықты дұрыс болғанына көзіміз жетіп отыр, – дейді аудандық мәслихаттың хатшысы Лариса Гречушникова.

Ауданаралық аурухананың бас дәрігері Олжас Нұрекеновтің айтуынша, бүгінгі күні осындай дертпен тіркеуде тұрған сегіз науқас өздерінің тұрғылықты жерлерінде қажетті ем-домдарын қабылдап жатқан көрінеді. Осылайша, олардың жағдайлары жеңілдеген.

– Медициналық персонал өз міндеттерін жақсы атқаруда. Бастапқы он күнде Өскемен қаласындағы гемодиализдік орталықтың дәрігерлері бақылап, көмектерін көрсетсе, бүгінде жұмысты өз дәрігерлеріміз жалғастыруда. Аталған орталықты ашпас бұрын өзіміздің маманды даярлап алдық. Жас дәрігер-анестезиолог Азамат Бұғыбаев қайта даярлау курсынан өтіп, гемодиализ орталығы дәрігерінің біліктілігін алған соң жаңа бөлімшенің жұмысын жоспарлы түрде жүргізе бастады. Алдағы уақытта қолда бар екі гемодиализ аппаратына тағы бір қосымша аппарат сатып алмақпыз. Сонан соң өз мамандарымыз бен медбикелерімізді дайындаймыз. Әзірге бізде Өскемен қаласынан келген медбике жұмыс істеуде, – дейді Олжас Нұрекенов.

Өз жұмысының кәсіби маманына айналған медбике Таңшолпан Сағатбаева пациенттерге қамқорлық танытудың жөнін білетін азаматша. Гемодиализ аппаратымен жұмыс істеуді жарты жылдан астам уақыт бойы меңгергенін алға тартқан ол медициналық колледжді тәмамдаған соң облыс орталығында осы бағытта біраз уақыт бойы біліктілігін шыңдаған.

– Менің әрекетіме пациенттің өмірі байланысты екенін білгендіктен мақсатты түрде білім алдым. Өйткені қате жасалған қимыл, науқасқа деген немқұрайлылықтың ақыры қайғылы жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, өз ісімді жақсы көріп кеттім, – дейді ол.

Облыс орталығынан Алтай қаласына жолданған медбике науқастарды емдеумен қатар, олардың тамақтарын да беріп отырады. Гемодиализ алу үрдісінде дәрігер мен медбикенің рөлі өте зор. Дәрігер науқастың қанын түрлі шлактардан тазарту кезінде пациенттің артериалды қан қысымы мен жағдайын үнемі бақылап отырады. Аптасына алты күн тоқтаусыз жүмыс істейтін орталықта жұмыс екі ауысымда жүргізіледі. Таңғы және түстен кейінгі болып атқарылатын емшаралар әр науқасқа күн аралатып жүргізіледі.

– Қазіргі уақытта ауданымыз бойынша осындай емшараға қажеттілігі бар сегіз пациент бар. Яғни, біздің орталықтың қызметін күн сайын төрт адам қажетсінеді. Мұнда неміс құрылғылары орнатылған. Жұмысы өте сапалы. Аппаратқа берілетін суды жүз пайыз тазартып тұрады, – дейді Азамат Бұғыбаев.

Осыған дейін осындай дерт түрімен ауыратын алтайлық тұрғындар гемодиализдік емшара алу үшін облыс орталығында отбасынан бөлек тұруға мәжбүр болып келген еді. Ал орталық болса пациенттердің ем-домды үйінен алысқа ұзамай алуына мүмкіндік жасады. Бұдан бөлек, мұнда науқастарды үйлерінен алып кетіп, емшара аяқталған соң апарып тастау қызметі де қатар жүргізіледі. Оған қоса, әр пациент барлық медициналық талаптарға сай келетін түскі аспен де қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар аталмыш орталық тек Алтай ауданының ғана емес, сондай-ақ көрші Катонқарағай ауданының тұрғындарына да қызмет көрсетумен айналысады. Мысалы, Үлкен Нарын ауылынан келетін бір пациент орталық ашылғалы бері таңертең келіп, ем-дом алған соң түстен кейін үйіне қайтып кететінін айтады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Алтай мен Катонқарағай аудандары өңіріміздің демалыс аймақтары болып саналатындықтан, бұдан былай мұнда келетін осындай дерті бар туристердің алаңдауына себеп болмайды. Бұл жақта ешқандай медициналық мекемелерге тіркелмесе де «В.В. NURA» мекемесінің филиалы оларға медициналық қызметті еш кедергісіз көрсетеді.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button