Тарих

Екі орденмен марапатталғанын енді білдік

Екі  орденмен марапатталғанын енді білдік


Қазір 94 жасқа келген анамыздың айтуынша, әкеміз Тойбазар Қалитұлы ағайын-туғандарына, жетім-жесірлерге қайырымды, дос-жарандарына мейірімді жан болған. Алайда жасаған жақсылықтары мен еңбектегі жетістіктері үшін қайтарым сұрамаған. «Мен сөйттім, мен бүйттім» деп ешқашан мақтанбаған адам.

Әкеміз Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, елге жеңіспен оралады. Оның соғыстағы ерліктері туралы бейхабар едік. Әкем соғыс жайында тіс жарып ештеңе айтпайтын, екі рет ауыр жарақат алған, емделген соң қайтадан майдан шебінен табылған.

Десек те әкеміз соғыста «Кенигсбергті алғаны үшін» және басқа да медальдармен, үшінші дәрежелі «Даңқ» және І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталыпты. Мұны тиісті әскери орындарға хат жазып, биыл ғана білдік.

Соғыстан кейін әкеміз біраз жыл колхозда шопан болады. Көмекшісі өзінен біршама жас, үйленбеген жуас азамат екен. Әуелі сол азаматты өз қамқорлығына алып, үйлендіреді. Істері алға басып, 100 тұсақтан 95 қозы алып, облыс көлемінде алға шығады. Әкемнің бұл еңбегі жоғары бағаланып, басқа да лайықты марапаттармен бірге, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістігінің көрмесіне (ВДНХ) жолдама алады. Бір қызығы, ол кісі бұл жолдаманы көмекшісіне бергізеді.

Жалғыз ұлы соғыста қаза болып, келіні мен 12 жасар немереге қарап қалған жастары сексеннен асқан кемпір мен шалдың 102 жастағы әкелері қайтыс болады. Тігерге тұяғы жоқ, не істерлерін білмей есеңгіреп отырған қарияларға шешеміздің қалжасына арнаған жалғыз серкесін беріп, өзі басы-қасында болып мәйітті аттандырады.

Тойбазар қайсыбір содыр басшыларды тәртіпке шақырып, сабасына түсіріпті. Дәлірек айтсақ, сол тұстағы колхозды басқарып жүрген қасаң тартқан бір басшы жұртқа жайсыз болады. Өзі балуансымақ, содыр екен. Қит етсе, жетім-жесірлерге қамшы үйіріп, қоқан-лоқы жасаған. Әкеміз сол содырды аттан жұлып алып, «бұдан былай мұндай сорақылыққа бармаймын» дегізіп, тиісті сыбағасын беріп, ант алған екен. Арнайы күреске қатысып, балуандық өнермен шұғылданбаса да, реті келгенде небір мықтыларға дес бермей, жер қаптырып отырыпты.

Әкеміз Тойбазар мен анамыз Қайшадан он бала және туған інісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері Базарбек пен Биғайшадан он бала тарайды. Бұлар қазір кішігрім бір ауыл болды. Солардың ішінде ұшқыш, инженер, ұстаз, дәрігер сияқты мамандық иелері, атасына тартқан балуандар да бар.

Менің әкем 1920 жылы Үлкен Нарын ауданы, Үштөбе ауылында дүниеге келген. 1945 жылы Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, екінші топтағы мүгедектігіне қарамастан шаруаға араласып, колхозда әртүрлі жұмыс атқарған. Әкеміздің дүниеден өткеніне биыл 40 жыл болды.

Жылыбек Тойбазарұлы

Осы айдарда

Back to top button