Жаңалықтар

Екі айдың ішінде үй салып берді

Қоғам қашанда адамгершілікке мұқтаж. Дүниелік игіліктер рухани қажеттіліктерді шетқақпайлап тұрған қазіргі кезеңде адамша өмір сүрудің өзі оңай дей аласыз ба?.. 

Әсіресе, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қарайласу тек мемлекеттің ғана емес, аяққа тұрған, кәсібінің «тынысы кеңейген» азаматтарға да адамгершілік борыш секілді.

Осы орайда, «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген ұғым ойға оралады. Ілгеріде Елбасымыз еліміздің бизнес өкілдерімен өткен үлкенді-кішілі басқосулардың бәрінде дерлік: «…Біз сіздердің бай-қуатты болуларыңызға барынша жағдай жасадық, жылдар бойы сіздердің кәсіпорындарыңыздың көтерілуіне жан-жақты көмек көрсеттік. Енді сіздер де халыққа қарай бет бұруларыңыз керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, бизнестің болашағы да көркейеді» дегені уақыт үдесінен туған орынды пікір екені даусыз.

Бір қуантарлығы, біздің Тарбағатай ауданында да түрлі себептермен тұрмыс тауқыметіне тап болған көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға қолдау жасау жақсы жолға қойылған. Бұл тұрғыда, тарбағатайлық кәсіпкерлер «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген ізгі ұстанымның төңірегіне топтаса білуде.

Соның бір мысалы, биыл кәсіпкерлер Ақсуат ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Гүлжанат Оспановаға аудан орталығынан жаңа баспана тұрғызып берді. Қазір құрылыс материалдарының арзан еместігін ескерсек, үй салу – мұқтаж отбасылар түгілі, тұрақты табысы бар, тіршілігі түзу адамдардың өзіне де оңай шаруа емес. Төрт қабырғасын тұрғызып, төбесін жауып, шатырлағанның өзіне 3-4 млн. теңге жұмсалуы мүмкін. Есік-терезе, жылу жүйесі, электр желісі, қабырғасына, еденіне кететін материалдарды қоссаңыз, қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Осы қажеттіліктердің бәрін жергілікті кәсіпкерлер көтеріп алып, ауыл азаматтары құрылыс жұмыстарын тегін істеп берді.

Бұл тұста жергілікті билік тарапынан техникамен көмек жасалғанын да атап өткеніміз жөн. Нәтижесінде бар-жоғы екі айдың ішінде Гүлжанат Оспанова баспаналы болу бақытына кенелді. «Көп түкірсе – көл» деген осы емес пе?!

Мұндай мысалдарды аудан бойынша көптеп келтіруге болады.  Яғни, қазіргі кезде қайырымдылық жасау – тәлімді трендке айналды деуге толық негіз бар. Демек, «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген үйреншікті стереотивтен арылатын кез келді. Кәсіпкерлеріміздің бойынан зиялылықты, елді-жерді қалай көркейтемін деген жанашырлықты аңғарып, көңіл семіреді, келешекке деген сенім нығая түседі.

Ерлан Бапанов,

Тарбағатай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button