Тарих

Екі айда 61 адам сотталған

 Екі айда 61 адам сотталған

Биыл алаштың талай асыл азаматтарын жазықсыз қудалап, жандарын құрбан еткен, ұлтымыздың беткеұстар тұлғаларын түп-тұқиянымен жойып жіберуді мұрат тұтқан сталиндік жаппай қуғын-сүргін қасіретіне 80 жыл толады. Қазақтың басына қара бұлт үйірген 1937-1938 жылдардағы репрессия Шығыс өңірін де айналып өткен жоқ. Осы ретте өлкетанушы, мұрағатшы Алдияр Әубәкіровтің нәубет жылдар зардабын бейнелейтін мұрағаттан алынған деректерін оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Редакция.

«Дидар» газетінің өткен жылғы 3-желтоқсандағы нөмірінде 1937 жылы Ұлан ауданы бойынша жазықсыз жапа шеккен азаматтардың тізімін ұсынған едім. Бүгін Катонкарағай ауданы бойынша 1937 жылдың қазан-қараша айларында жалған үкіммен сотталғандардың тізімін жария етпекпін. Ауданның атқамінер азаматтарын НКВД бөлімшесінің бастығы «Ұлттық Фашистік Ұйымның мүшелері» деп айыптайды.
1937 жылы шілде айында аудандық атқару комитетінің төрағасы Құттыбай Ахметов атақты эммигрант, бай, меценат Әбдікәрім Ережеповпен кездеседі. Кездесуді ұйымдастырған колхоз төрағасы Ақай Рақымжанов және ауылдық кеңес төрағасы Әбдірахман Бегенбаев. «Осы уақыттан бастап Катонқарағай ауданы бойынша “Ұлттық Фашистік Ұйым“ құрылған» делінген айыптамада. Бұл ұйымның аудандық басшылары болып Құттыбай Ахметов, Ахмет Төлегенов (Катонқарағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы), “ Екпінді ” газетінің редакторы Мұхамедбай Мақұлбеков сайланады.
Басшылардың «ҰФҰ – ның ұйымдастырушыларына» таққан айыптары:
1. Ұлы Октябрьдың 20 жылдығы қарсаңында шекараға шабуыл жасауды ұйымдастыру.
2. Қазақстанды Жапонияға қосу.
3. ҰФҰ мүшелерін көбейту.
Шекараға шабуыл жасайтындардың тізімі: Чикартов, Абдинов, Ақбұзауов, Бутанбаев, Байғұнусов, Нұрғаминов, Бүртікпаев, Барқыбаев, Исқанов, Бегенбаев, ағайынды Мұқышевтар, Рақымжанов, Қасенов.
Қанапия Қасенов 1932 жылы Матвеевка заставасына шабуыл жасағандарды жасырған деген қосымша айыппен сотталады. Сонымен осындай қолдан жасалған айыппен Ахметов, Төлегенов, Мақұлбековтердің ұйымына кірді деген 61 азамат сотталып кете барады.

1937 жылдың 22-қазанында 33 азамат сотталады:

1. Валитов Абдикарим, 1892 жылы туған.
2. Ергенов Байдаш, 1901 жылы туған.
3. Алпысов Мұсайып, 1908 жылы туған.
4. Файзулин Абдулбари, 1901 жылы туған.
5. Қияқбаев Тұрағыл, 1907 жылы туған.
6. Тойғанбаев Ибрай, 1906 жылы туған.
7. Жақияров Зейнеп, 1906 жылы туған.
8. Аппақов Джакуп, 1908 жылы туған.
9. Дюйсеков Құрманғали, 1903 жылы туған.
10. Мынбаев Шағиман, 1896 жылы туған.
11. Мусин Мұхамедқұрбан, 1896 жылы туған.
12. Айтқұлов Нұрахмет, 1917 жылы туған.
13.Токтагулов Нұржақым,1905 жылы туған.
14. Даирбеков Жұмағұл, 1899 жылы туған.
15. Искаков Нұрсеит, 1904 жылы туған.
16. Чилдібаев Қабдел, 1900 жылы туған.
17. Чилдібаев Масалим, 1872 жылы туған.
18. Сенбинов Құсман, 1887 жылы туған.
19. Мақажанов Көксеген, 1902 жылы туған.
20. Валиев Шагибан, 1895 жылы туған.
21. Жумагулов Мамай, 1907 жылы туған.
22. Макулбеков Ахмет, 1905 жылы туған.
23. Куракбаев Месиет, 1902 жылы туған.
24. Ауконбаев Аип, 1913 жылы туған.
25. Валиев Актай, 1911 жылы туған.
26. Файзулин Абдунасар, 1904 жылы туған.
27. Аубакиров Раис, 1884 жылы туған.
28. Смагулов Кайса, 1900 жылы туған.
29. Касыкбаев Ахметжан, 1912 жылы туған.
30. Жумаханов Зани, 1899 жылы туған.
31. Демкенов Хамза, 1900 жылы туған.
32. Аскаров Нуксын, 1894 жылы туған.
33. Тайбазаров Ибрай, 1906 жылы туған.

Осы адамдардың 18-і ату жазасына бұйырылды, 14-і 10 жылға, біреуі 8 жылға сотталды.

1937 жылдың 19-қарашасында 28 азамат сотталады:

1. Ракымжанов Акай, 1900 жылы туған.
2. Бегенбаев Абдирахман, 1899 жылы туған.
3. Айменов Кабдеш, 1911 жылы туған.
4. Мукышев Карташ, 1904 жылы туған.
5. Абдинов Кабыкпай, 1900 жылы туған.
6. Чикартов Абдилкасым, 1911 жылы туған.
7. Акбузаов Сейким, 1897 жылы туған.
8. Былжырбаев Дидахмет, 1908 жылы туған.
9. Садыков Курман, 1907 жылы туған.
10. Касенов Канапия, 1915 жылы туған.
11. Бутабаев Кумырхан, 1907 жылы туған.
12. Байгоеусов Мамыш, 1900 жылы туған.
13. Нургаминов Камай, 1909 жылы туған.
14. Кеукеев Сагидолла, 1900 жылы туған.
15. Сейпышев Айтказы, 1919 жылы туған.
16. Мукышев Садуакас, 1917 жылы туған.
17. Шалгынбаев Солтангазы, 1914 жылы туған.
18. Сейпышев Сеитнурхан –
19. Демесинов Наби, 1901 жылы туған.
20. Байгунов Нурахмет, 1918 жылы туған.
21. Магзумов Нуржакуп, 1917 жылы туған.
22. Кулеков Мами, 1902 жылы туған.
23. Икласов Бастаубай, 1900 жылы туған.
24. Буртукпаев Сапар, 1909 жылы туған.
25. Жиренчинов Кабдол, 1907 жылы туған.
26. Тонбунов Букат, 1870 жылы туған.
27. Баркыбаев Нугума –
28. Масинов Куттыбай –
13 азамат ату жазасына бұйырылды, 12-сі он жылға, 3-уі сегіз жылға сотталды.
Барлығы екі айдың ішінде 61 адам сотталып, 31-і ату жазасына бұйырылды, 26-сы 10 жылға, 4-уі 8 жылға сотталды. Солардың ішінде Абдикарим Валитов Риддер қаласындағы “Жұмысшы” газетінің редакторы Тайшыбаевпен жолдас болғаны үшін айыпталады. «Ұйымның мүшелері» деген айыппен сотталғандардың басшылары Құттыбай Ахметов, Ахмет Төлегенов, Мұхамедбай Мақұлбеков 1938 жылы ату жазасына бұйырылады.
ҰФҰ – дың басшысы ретінде аты аталған Құттыбай Ахметовтың өмірбаянын ұсынуды жөн көрдім. Ол 1900 жылы Батыс Қазақстан облысы Қарасу ауданы Дектеревка ауылында дүниеге келеді. 1934 – 1936 жылдары Ұлан аудандық партия комитетінде хатшы болған. 1936 жылы Катонқарағай аудандық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. Жанұясында: Рабия Ахметова, шешесі, 60 жаста, Жаңабике, әйелі, 27 жаста, Ғани, қызы, 10 жаста, Мәдениет, ұлы, 6 жаста, Еркен, қызы, 11 ай.
Сотталғандардың туыстарынан облыстық соттарға, НКВД–нің басшыларына келіп түскен хаттардан үзінділер:
…Мен Лиза, Масинов Құттыбайдың қызымын. Әкемді 1937 жылы ешбір заңсыз үйден әкетті. Өмірімізде сол жазықсыз жан үшін кандай ауыртпалықтарды бастан кешкенімді айтсам сөз жетпейді. Сол күннен бастап біздің семья “ Халық жауының “ тұқымы деген атқа ие болды. Биыл 1957 жылды қарсы алып отырмыз. “ Халық жауының “ тұқымы деген бұғау біздің мойынымызда атадан – атаға берілетін жаман атақ сияқты мәңгілік ілінді…
«Қарақтарым» деп бастапты Матуш апа хатын, – мен Айкенов Қабдоштың анасы боламын. Балам 1937 жылға дейін мұғалім болды. Келінім басқа түскен ауыр қайғының кесірінен ауруға шалдығып, 1943 жылы қайтыс болды. Солардан қалған екі немеремді өсірдім. Ұлымнан хабар жоқ…
Қабдоштың, Құттыбайдың 1937 жылы атылып кеткенінен хабарсыз туыстары осылай жазған екен.

Керек дерек

1937-1938 жылдары саяси айыпталумен ғана бұрынғы Совет үкіметі 1,7 миллиондай адамды тұтқынға алды. Бір ғана 1937 жылы қатал үкіммен тұтқындалғандардың 700 мыңы атылды.

Алдияр Әубәкіров

Осы айдарда

Back to top button