Инфрақұрылым

Екі ауылы ауызсумен қамтылады

 Биыл жыл соңына қарай Глубокое ауданының екі елді мекеніне құбыр тартылып, 3280 ауыл тұрғыны ауызсумен қамтылады. Бүгінде 57 пайызы атқарылған құрылыс жұмыстары аясында 76 шақырымнан астам құбыр төселіп, таза ауызсу әр үйдің ауласына дейін жеткізіледі деп жоспарланған.

Глубокое аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Ордахановтың айтуынша, су құбырларын төсеу жұмыстары келісімшартқа сәйкес, өткен жылдың қазан айында басталған екен.  Дегенмен, 2019 жылы мердігер компаниялар тек дайындық жұмыстарын жүргізіп, құрылысқа қажетті материалдар сатып алып, су жинайтын құрылғыдағы жұмыстарды бастаған.

– Биыл  жұмыстар жалғасын тапты. Нақтылап айтар болсақ, үстіміздегі жылы орталық магистральдық құбырларды төсеу жұмыстарын жүргізді. Қазан айының соңына дейін құбыр төсеу жұмыстарын толық аяқтап, ары қарай тұрғындардың аулаларының шекарасына дейінгі құбырларды төсейміз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Дамир Ордаханов.

Уварово ауылында аудандағы бірқатар ауылдардағы сияқты бұған дейін мүлдем су құбырлары тартылмаған көрінеді. Осы себепті, ауыл тұрғындарының таза ауызсуға деген сұранысы көптен бері жалғасып келе жатқан мәселеге айналған.

–  Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл-аймақ тұрғындарының таза ауызсуға деген қолжетімділігін 100 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аталмыш жобалар жүзеге ауда. Бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жинап, қоғамдық тыңдау өткізіп, тұрғындардың келісімін алған соң, жұмыстарды бастап кеттік, – деді  Дамир Ордаханов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жобалар республикалық  және облыстық бюджеттен қосымша қаржыландырылып отырған көрінеді. Атап айтсақ, бүгінде Уварово ауылындағы ауызсу құбырларын төсеуге жалпы сомасы 496,9 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылса, оның 10 пайызы облыстық бюджеттен қосымша қаржыландырылады екен.

– Келісімшартқа  сәйкес барлық жұмыстарды 2020 жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сол уақытта біз суды құбырларға жіберетін боламыз. Сондай-ақ  біздің мердігер компаниямен арада жасалған арнайы келісіміміз бойынша, елді мекендердегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды мердігерлер есебінен орталықтандырылған су жүйесіне қосамыз. Яғни, мердігер құбырды мұндай отбасылардың ауласының шетіне апарып қана қоймай, сонымен қатар оны үйінің ішіне кіргізіп береді, – деді Дамир Ордаханов.

Елді мекендердің қалған тұрғындары аула қоршауының шегіне келген құбырды ары қарай өз қаражаттарына тартып алуы қажет. Дегенмен, олар үй ішіне орнатылатын су шығынын есептейтін есептегіш құрылғыларды сатып алмайды. Бұл мәселе жобамен арнайы қарастырылғандықтан, мұндай құрылғыларды тұрғындарға сатып алудың қажеті жоқ.

Ал  Тарханка ауылындағы осындай жұмыстарға бюджеттен 570,4 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Ауылдың 1806 тұрғынын ауызсумен қамтитын жоба аясында 39,7 шақырым құбыр төселіп, 346 құдық орнатылады. Бүгінгі таңда ауыл ішінде 24 шақырымнан астам құбыр төселіп, 205 құдық орнатылып қойған. Сондай-ақ  су жинайтын ғимаратқа электр желілері тартылып, жарықтандырылып, бақылау пункті орнатылды.

Ал Уварово ауылындағы осындай жұмыстар аясында 1474 ауыл тұрғынын ауызсумен қамтамасыз ету көзделген. Бүгінде төселуі қажет 37,6 шақырым құбырдың 22,3 шақырымы салынған. 322 құдықтың 246-сы орнатылған. Қазіргі уақытта су жинайтын ғимарат қоршалып, әрбіреуінің сыйымдылығы 150 текше метрді құрайтын екі су резервары орнатылуда. Қос ауылдағы құрылысқа жалпы саны 36 адам мен 10-нан астам құрылыс техникасы жұмылдырылған.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button