Егістік жердің тең жартысы бос жатыр… Неге?
Зайсан ауданының егістік жерінің жартысына жуығы игерілмей жатыр. Нақтырақ айтсақ, ауданда 27 767 гектар суармалы жер болса, оның 13 700 гектары пайдаланылмай бос тұр.
Аудандағы мұндай алқаптар негізінен тау бөктеріне орналасқан. Басынан ұлар ұшқан ұлы тау бұлақсыз болсын ба? Сауыр-Сайқанның жылға-жылғасынан шыққан жыланкөз бұлақтар қосыла келе Кендірлік, Жеменей, Үйдене сынды үш өзен болып, етегінде отырған елдің игілігіне жарап жатыр. Байқап қарасақ, ауданның көптеген елді мекендері де бұлақ пен жалпы суға қатысты аталады. Айнабұлақ, Қарабұлақ, Бақасу, Жарсу немесе бұрын су болғанын білдіретін Көкжыра, Саржыра атаулары – осы сөзіміздің нақты айғағы. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген аталы сөзге сенсек, ауданның байлығын осындай ауыл атаулары-ақ аңғартып тұрғандай.
«Ендеше, жері құнарлы, суы мол өңірдің бұл қай салғырттығы?» деген сауал бізді аудан әкімі Серік Зайнулдиннің алдына апарған. Аудан әкімі мәселенің мән-жайына тоқталды.
Талай жылдан бері егістік жерлердің тусып кетуінің ең үлкен себебі: кеңестік кезеңнен кейін жөндеу көрмеген су жолдарының әбден тозып кетуі екен. Бұл мәселен тек соңғы жылдары ғана қолға ала бастапты.
Айталық, 2010 жылы сыйымдылығы 75 миллион текше метр су сиятын Үйдене су қоймасын күрделі жөндеуден өткізген. Енді осы нысанның бойындағы 6,5 мың гектарды сумен қамтитын екі үлкен каналды жөндеу маңызды жоспарлардың бірі болып отыр. Оған республикалық, облыстық бюджеттен бір миллиард 200 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Ендігі жерде білек түріп, іс тындыру ғана қалған-ды. Бұған қоса Шілікті елді мекенінің маңындағы бос жатқан жерлер де басты нысанада тұр. Шағаноба су қоймасынан арқау алатын 5,5 мың гектар суармалы жер тағы жатыр. Бұл мәселе де облыс Әкімінің тікелей араласуымен шешімін тапқан көрінеді. Аудан әкімінің айтуынша, 2014 жылға дейін жаңағы екі үлкен нысанды бір жақты етсе, Зайсан ауданының суармалы егістік жері толықтай игерілумен қатар, қосымша 250 адам жұмыспен қамтылатын көрінеді. Сондай-ақ, Жеменей өзенінен таралатын су жолдары мен Кендірлік өзенінің бойындағы су жолдары да қайталай жөндеуден өтпек.
қуаңшылықта құмға сіңбесін
Өткен қыстың қаһары қатты болғанымен, қар жұқа түскені белгілі. «Көтеремге – көлденең» дегендей, биылғы көктемде де жаңбыр жарықтық сараңдық көрсетіп, жаумай қойды. Тосын мінезін көрсетіп тұрған табиғаттың қабағына қараған жұрт қуаңшылықтың иісін сезгендей. Көңілдері пәс. Әсіресе, несібесін жерден терген егіншілерге оңай соққалы тұрған жоқ.
Қалың елдің арқасына аяздай батқан бұл қуаңшылық белгісі алып көлдің, ерке Ертістің, үш бірдей өзеннің бойында отырған Зайсан жұртының да кезекті бас ауруына айналған.
Ауыртпай қайтсін, мамырдың басында жоңышқаны бір рет суарып алатын Үйдененің бойындағы жұрт биыл арық суын он бес күн кешігіп көрді. Иә, дәл осы су келген күннің ертеңінде қуаныштың көз жасындай қылып, аспан да көзін бір сығымдап өтті. Алланың мейірлі жасына шөлдеп, тандыры кепкен жердің шаңы бір басылды-ау, әйтеуір. Бірақ мардымсыз. Бұл – аудандағы елдің Ұлу жылы көрген бірінші жаңбыры еді.
Халыққа жарты ай кешіктіріп, су жіберудің де себептері бар екен. Өткен жылдың 14-мамырында Үйдене су қоймасында 42 миллион 800 мың текше метр су қоры болса, биылғы дәл сол уақытта небәрі 26 миллион текше метр су сақталған.
Осы орайда айта кететін бір мәселе, ауданның жер емген халқы былтыр 14 107 гектар жерге егін салса, биыл 14 300 гектар жерге тұқым сіңіріп үлгеріпті. Демек, егістік жердің жоспарын бес пайызға дамытуды көздеген аудан оның көлемін былтырғыдан да асырған. Осы жерде «Ол жерлерді сумен қамти алмай қалмайсыздар ма?» деген сауалымызға сәл кідірген аудан әкімі жаңбыр жаумай қалған жағдайда ең соңғы үміттері тау басындағы әлі де ери қоймаған қар мен мұздықтарда екенін айтқан. Оның өзі үміт қана. Дегенмен, аудандық әкімдік халыққа егін екпе деп те айта алмайтыны белгілі. Олай етсе, жаз жаңбырлы болған жағдайда халықтың «әттеген-айын» арқалап қалатыны даусыз. Аудан әкімі сондықтан егілген жердің барлығын сақтандыруға кіргізу керектігін айтқаны бар.
Қуаңшылықтың «құдіреті» шығар, аудандағы шаруашылық саласының мамандары су пайдаланатын егіншілерге су есептегіш сағат орнатып бермек екен. Бұл есептегіш сағат онсыз да табылмай тұрған суды үнемдеуге пайдалы болса, екінші жағынан тұтынушылар өздерінің пайдаланған суының ғана ақшасын төлемек. Бұл екі жаққа да тиімді екенін айтады білетін адамдар.
молайта алар ма екен?
Әкімдіктегілер аспанға қарап, осылайша жалтақтап отырғанда егіншілер не күйде екен деген оймен Қарабұлақ ауылындағы іріленген «Ынтымақ» шаруа қожалығына бардық.
Бұл шаруашылықтың бас иелері көзін ашқаннан қара жердің төсін еміп келе жатқан Қытайдан келген қандастар екен. Өткен жылы шаруашылық құрамына 16 үй біріксе, биыл іріленгеннің үстіне іріленіп, 25 үй еніпті. Қожалық жетекшісі Қапу Құралхан қарттың сөзіне қарағанда, олар биыл 400 гектар жерге тұқым сіңіруді жоспарлаған көрінеді. Бірақ тәжірибелі қарт қуаңшылықтан қорқып, оның көлемін азайтқан екен. Нақты айтсақ, 90 гектар жерге бидай, 110 гектар жерге тары, 40 гектар жерге картоп егумен шектеліпті.
Олардың межелі жоспарға жете алмай отырғанының тағы бір себебі, қолдарында ауыл шаруашылық техникасының жоқтығы көрінеді. Шаруашылық өткен жылы алған бір миллион теңге көлеміндегі субсидияға сепкіш сатып алып, қазір оны игіліктеріне жаратып жатыр. Ендігі армандары – мемлекеттен несиеге үлкен трактор алу. Бұл армандарының жүзеге асуына аудан әкімінен бастап, барлық жауапты орындар атсалысып жатқан сияқты. Бірақ, ауыл шаруашылық құралдарын несиеге беретін «Казагрофинанс» керекті 3,5 миллион теңгені шаруалардың қолына бермейтін көрінеді, тек екі қалқанды бұлық сүйрететін трактор береді екен. Ал шаруа қожалығының мүшелері аталған соманы қолдарына берсе, тура Қытайдан төрт қалқанды сүйрейтін екі трактор әкеле алатындарын айтады.
Қалай десе де, қара жердің қазынасын ақтарып жатқан Қарабұлақтағы «Ынтымақ» шаруа қожалығына бір трактор ауадай қажет екен. Біздің тілек: шаруагерлердің шаңы аспанға шыққан жазыққа сіңген терлері зая кетпесе екен…