Егіс алабын ұлғайтамыз
«Көктем күні – жылға азық» деген облыс диқандары мамыр шыға басталатын көктемгі егіс науқанына құрал-сайманын сайлап, даярлық қамын жасап жатыр. Биыл 536 мың гектардан астам алқапқа бидай егу жоспарланып отыр.
Биыл аймақта күнбағыс егістігінің көлемі біршама азайтылып, есесіне рапс, соя сияқты майлы дақылдардың аумағы ұлғайтылып отыр. Өткен жылы соя 4400 гектарға егілсе, биыл он мың гектарға салынбақ. Өңірдегі астық дақылдары тұқымының көлемі қажеттілікті толық жабуға жетеді.
Көктемгі дала жұмыстарына 25 мың тонна жағармай, 6200 тонна жанармай қажет. Облысқа тоннасы 86700 теңгеден 23 мың тонна арзандатылған жанармай бөлініп, оның бес мың тоннаға жуығы жеткізіліп, шаруашылық құрылымдарына тасымалданып жатыр. Егіске шығуға ауылшаруашылығы техникалары да даяр тұрған көрінеді.
– Бірақ мәселе кетпен, күрекпен ғана шешілмейді. Жыл сайын егістік алқабы ұлғайтылып келеді. Өнімді егіс көлемін көбейтуден бұрын жердің құнарлылығын арттырып, өңдеуіміз керек. Ауыспалы егіс алқабын, өзге де агротехникалық шараларды жүргізуге үлкен мән берілуде, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Төлеужан Жексембаев.
Қазір шаруашылықтарға 5790 тонна минералды тыңайтқыштың 40 пайызын жабуға мемлекеттен субсидия бөлініп отыр.