Ауыл шаруашылығы

Егін мен бау-бақшаны зиянкестерден қалай арылтамыз?

Жаз шығып, күн жылып, топырақ қызған соң әртүрлі зиянкес жәндіктер де бас көтереді. Сонымен бірге түрлі өсімдік аурулары да бой көрсетіп, арамшөптер қаптайды. Сөйтіп олар егін мен бау-бақшаға орасан зор зиянын тигізуі мүмкін.

Егін мен бау-бақшаны зиянкестерден қалай арылтамыз?Мамандардың айтуынша, облысымызда өсімдік зиянкестерінің 15-тен аса, өсімдік ауруларының 10-ға жуық түрлері кездеседі. Олардың ішінде аса қауіптілері де бар.

Мәселен, үйірлі жемір шегіртке (азиялық және итальяндық деп бөлінеді) бір көбейіп алса, онымен күресу аса қиын. Қанаттанып ұшқан қара шегіртке қара бұлтша көшіп, қонған жерін аз уақытта ақтақырға айналдырып, егін мен бау-бақшаны әп-сәтте жайпап кетеді. Жемір шегірткенің 2000 жылы облысымызда ауыл шаруашылығына қаншалықты зиян келтіргенін осы саланың адамдары жақсы біледі. Содан бергі уақытта оған қарсы жүргізілген күрес нәтижесінде осы бір зиянкестер бой көтере қойған жоқ. Облысымызда Зайсан көлінің айналасындағы ну қамыстар, Алакөл, Сасықкөл жағалаулары, Бұқтырма бойы, Күршім өзенінің сағалары, тіпті, қара қыр, құм далалардың өзі жемір шегірткелердің ұя салып, өсіп, өнуге аса қолайлы мекендері болып саналады. Жемір шегірткелер сонымен бірге облыс аумағына көршілес шетелдерден немесе облыстардан да келуі мүмкін. Биыл жемір шегірткеге қарсы жұмыстар негізінен Үржар, Көкпекті, Бесқарағай, Тарбағатай аудандарында жүргізілмек.

– Жемір шегірткеден басқа зиянды бақалшық қоңызы мен астықтың сұр көбелегі, колорадо, қоңызы және дәнді дақылдардың аурулары – септориоз бен қоңыр татты, арамшөптерден қызғылт у кекіре өсімдікті 25-30 пайызға дейін кемітуге мүмкіндік бар, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөндірістік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы өсімдік қорғау бөлімінің бас маманы Зарубек Асанов. – Сондықтан да облысымызда өсімдік қорғау шараларына аса мән беріліп, қыруар қаржы жұмсалып жатыр.

Өсімдік қорғау шараларының маңыздылығына орай өткен жылы аса қауіпті зиянкестердің көзін жою үшін 2500 мың гектардан астам ауыл шаруашылық алқаптарына зерттеу жүргізіліпті. Оның ішінде 184,13 мың гектар алқап химиялық жолмен өңделген көрінеді. Осы алқаптардың 158 мың гектарына аспаннан ұшақпен у себілсе, 27 мың гектарға жуық жер бүріккіштер арқылы қолмен өңделген. Өңдеу жұмыстарын жүргізген «Фитосанитария» РМК осы мақсат үшін 17920, 9 литр пестицид жұмсапты.

Сонымен бірге облыстық бюджеттің қаржысына 45530 жерге жемір шегірткеге қарсы өңдеу жүргізілген. Ал шаруашылықтар өз қаражаттары есебінен шалғын көбелегінің жұлдызқұрттарына қарсы 10 мың гектар жерді өңдесе, арамшөптерге қарсы 271 мың жерге химиялық отау жүргізілген.

Өсімдік қорғау шараларының техникалық регламентке сай атқарылуын қадағалайтын аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясының мамандары өткен жылы тосыннан 113 рет тексеру жүргізіп, түрлі заң бұзушылықтардың 64 фактісін анықтаған.

– Осыған орай 27 ескерту-нұсқама беріліп, бір миллион 134 мың теңгенің 51 айыппұлын салдық, – дейді Зарубек Асанов.

Өсімдік қорғаушылардың биыл атқаратын шаруалары былтырғыдан да ауқымды. Мәселен, олар жаз бойы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 126 мың гектар жерге қауіпті зиянкестерге, 45 мың гектарға саяқ шегірткеге, 11 мың гектардан астам жерге шалғын көбелегіне қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Зерттеу жұмыстарымен «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығы» мемлекеттік мекемесі және оның аудандардағы бөлімдері айналысса, өңдеу жұмыстарын тендерді ұтып алған «Феникс» ЖШС мен «Фитосанитария» РМК облыстық филиалының арнаулы отряды атқарады.

– Көктемнің салқын болуына байланысты жемір шегірткелердің дернәсілдерінің жер бетіне шығуы кешеуілдеп тұр. Дегенмен, Үржар, Аягөз, Күршім, Бесқарағай аудандарында шегіртке дернәсілдерінің жер бетіне шыға бастауы байқалуда. Ал егер күн күрт жылып, топырақ қызып кетсе, оның үстіне құрғақшылық болса, шегірткелер бас көтеруі де әбден мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін қазір тиісті қызмет мекемелері мен мамандар бар күштерін салып жұмыс істеп жатыр. Көктем мен жаз өсімдік қорғаушылар үшін науқандық жұмыс мезгілі болғандықтан, осы уақыт ең жауапты кез саналады, – дейді Зарубек Асанов. – Біздің жергілікті жердегі инспекторларымыз осы жұмыстардың сапалы атқарылуын қатаң қадағаламақ.

Алайда, өсімдік қорғау шараларын тек мамандар мен тиісті қызмет орындарына артып қоймай, оған шаруа қожалықтары мен басқа да ауыл шаруашылық құрылымдарының өздері де жете мән берулері керек. Әсіресе, алқаптарда өсімдік зиянкестері байқалған жағдай болса, оның тарап кетпеуі үшін тез арада тиісті өңдеу жұмыстарын уақтылы жүргізгендері жөн, дейді мамандар. Себебі, қаржы тапшылығына байланысты зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарын толық жүргізу мүмкін емес.

Мысалы, колорадо қоңызына берілетін бюджет қаржысы облыстағы картоп егістігінің тек қана 8-10 пайызына жетеді. Сондықтан бұл қаражат тұқымдық шаруашылықтарға беріледі. Ал басқа шаруашылықтар мен жеке адамдар өңдеу жұмыстарын өз қаражаттарына жүргізуі тиіс.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button