Ауыл шаруашылығы

Егіс алқабы ұлғаяды

Биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге бөлінген мемлекеттік қолдау өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда жарты миллиард теңгеге артық.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының таратқан ақпаратына сүйенсек, биыл дәнді дақылдар егілетін егіс алаңы өткен жылмен салыстырғанда 14,6 мың гектарға артқан. Жалпы, үстіміздегі жылы облыс бойынша дәндідақылдар 1393,3 мың гектар алқапқа отырғызылмақ.

Сонымен қатар биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жалпы егіс алаңының 43 пайызына егілсе, көлемі бойынша екінші орынды 35 пайыздық көрсеткішпен майлы дақылдар алады. Ал қалған бөлігіне мал азықтық дақылдар, картоп пен көкөністер және бақша дақылдары отырғызылады.

2022 жылы жоспарланған жаздық дақылдардың егіс алаңы 1151,3 мың гектарды құрайды. Жалпы, күнбағыс дақылынан басқа дақылдардың егіс алаңдарының жоспарланған құрылымы жер өңдеу жүйесінің ғылыми негіздемесіне сай келеді. Бүгінгі күні күнбағыс егілген егістіктердің үлесі облыс бойынша 33 пайызды құрайды. Ал бұған дейін облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясының мамандары аталмыш дақыл түрін егудің ең жоғарғы үлесі өңірде 25 пайызды құрау керектігін дәлелдеген болатын.

Егіннің бітік шығуы көп жағдайда минералды тыңайтқыштарға байланысты екені бесенеден белгілі. Биыл да аталмыш бағыт басшылық назарынан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, биылғы егіс түсімін ұлғайту мақсатында облыстағы шаруашылықтар 36 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар сатып алған. Мамыр айының бірінші аптасында жоспарланған көлемнің 74,5 пайызы жеткізіліп үлгерген. Сондай-ақ аммиакты селитраға бұған дейін жарияланған баға 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге төмендетілген.

Ауыл шаруашылығы басқармасы үстіміздегі жылы 109,9 мың тонна дән себілетінін хабарлады. Қазіргі уақытта өңірдегі диқандар дәнді дақыл және картоп тұқымдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Жыл сайын, майлы және мал азықтық дақылдардың тұқымына қатысты аздаған дефицит байқалғанымен, бұл қажеттілік Павлодар, Алматы және Қостанай, сондай-ақ шетелдік жеткізушілер арқылы жабылып отырады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, себілетін тұқым барлық көрсеткіштер бойынша тексеріліп барып қана отырғызылатын болады. «ҚазАгрЭкс» кәсіпорнының хабарлауынша, бүгінгі күні оларға 95,8 мың тонна материал тексеруге беріліп, оның  87,4 мың тоннасы тексеруден өткізіліп үлгерген.

Қазіргі уақытта облыстағы шаруашылықтарда көктемгі егіс науқанын ойдағыдай аяқтауға барлық техникалық мүмкіндік жасалған. Атап айтсақ, аталмыш іске жұмылдырылатын 34 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғылары толықтай дайын. Оған қоса, көктемгі егіс науқанын жүргізуге Павлодар мұнай-химия зауытынан бөлінген 33 мың тонна дизель отыны әр айға қажеттілік мөлшеріне сай белгіленіп, бөліне бастады. Бүгінгі күні, зауыттан бөлінген жанар-жағармай бағасының литрі 180 теңгені құрайды.

Егіс науқанын ойдағыдай жүргізуге септігін тигізетін салалардың бірі – субсидиялау болып табылады. Аталмыш істі біржақты ету мақсатында биыл облыстық бюджеттен алты миллиард теңге мөлшерінде қаражат қарастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы мөлшермен салыстырғанда 557 млн. теңгеге артық. Субсидиялау шарасын құрылымдық деңгейде қарайтын болсақ, биыл тұқым шаруашылығын қолдауға 223 млн., минералды тыңайтқыштар құнын арзандатуға 354 млн., песицидтер құнын арзандатуға 28 млн., суармалы су жеткізу қызметін субсидиялауға 3 млн. теңге артық бөлінді.

Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстар қатаң бақылауға алынып, уақытылы әрі сапалы деңгейде орындалуы қадағалануда.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button